Білім

Қабілет пен мүмкіндік

IQanat олимпиадасы

Елімізде IQanat олимпиадасының екінші кезеңі өтіп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша бірінші кезеңде топ жарғандар Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің мәжіліс залында өткенолимпиаданың ашылу салтанатына жиналды.

Ашылу салтанаты мемлекеттік Гимнмен басталды. Одан соң кештің жүргізушілері  IQanat білім қоры туралы мәліметтер берді. IQanat — ауыл балаларын қолдау ниетімен біріккен 100-ден астам қазақстандық кәсіпкер қолдау көрсететін республикалық әлеуметтік-білім беру жобасы. 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның арқасында мыңдаған ауыл мектептері оқушылары мотивация мен қосымша білім алып жүр, ал жүздеген оқушы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсті.

—  IQanat бағдарламасы тек ауыл балаларына арналған. Бұған қала мектептерінің оқушылары қатыспайды. Олимпиадаға 8-сынып оқушылары қатысады. Бірінші кезең аудан орталықтарында өтті. Екінші кезеңді облыс орталығында ұйымдастырып жатырмыз. Іріктелгендер елордадағы Назарбаев университетінде өтетін ақтық кезеңде бақтарын сынайтын болады. IQanat — ауыл балаларының талабын шыңдап әрі оларға зор мүмкіндік беру мақсатында қолға алынған жоба. Елімізде жобаны қолдап-демейтін кәсіпкерлер көп.Жобаның Ақтөбе облысы бойынша қамқоршысы — Астана, Ақтөбе, Ақтау, Атырау және Павлодар қалаларындағы «Алтын қыран» компаниялар тобы бас директоры және тең құрылтайшысы Исламбек Салжанов, — деді IQanat білім қорының Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісі Абыл Насухин.

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында өткен олимпиаданың екінші кезеңіне аудандардан келген 260 оқушы қатысты. Қатысушылармен сөйлестік.

— IQanat — біз сияқты ауыл балаларына зор мүмкіндік. Мұнда пәндік білімге емес, қабілетге назар аударылады. Сондықтан кеңістіктік логикалық ойлау, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, ағылшын тілі және оған қоса өз таңдауымызға салып, биология, география, тарих, математика, физика және химия пәндерінің біреуі бойынша бағымызды сынаймыз. Мен биология пәнін таңдадым. Аудандық кезеңдетест сұрақтарына қиналмай жауап бердім, ол кезде ұйымдастырушылар тәттілер үлестіріп, білезік таратты, — дейді Ырғыздағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Толғанай Сапарғали.

Алға ауданы Тамды орта мектебінің 8-сынып оқушысы Дінмұхамед Самат:

— Ауыл балаларын жарқын болашаққа жетелейтін IQanat  бағдарламасы — мүмкіндіктер мекені. Мен математика пәнін таңдадым. Кішкентай кезімнен есептегенді жақсы көремін. Облыстық кезеңнен жеңгендер ақтық кезеңге жолдама алады. Республикалық кезеңнің жеңімпаздарынадарынды балаларға арналған IQanat High School of Burabay мектебінде оқу үшін гранттар тапсырылады. Мен де сол мектепте оқығым келеді, — дейді.

Абыл Насухиннің айтуынша, барлық жеңімпаздарға олимпиададан кейінгі 3 жылдық қолдау бағдарламасы, ҰБТ-ға дайындық және еліміздің, шетелдің үздік жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі, ең бастысы ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналғанкөшбасшылық және ITдағдылары, (өзіндік)мотивация, сыни ойлау, функционалдық сауаттылық курстары қарастырылған.

IQanat олимпиадасының бірінші кезеңіне еліміздің 166 өңірінен 40 мыңнан астам ауыл оқушысы қатысты. Екінші кезеңге республика бойынша тек 8 мыңнан астам оқушы өтті. Екінші кезең жеңімпаздары биыл жазда елордада өтетін ақтық кезеңде бақ сынамақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button