Басты жаңалықтар

Ерліктің ескерткіші

Ақтөбеде Есет батыр Көтібарұлына ескерткіш ашылды

Елдік пен ерлік ұғымы — біртұтас. Оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.

Талай тарих тезінде еңсесін биік ұстап, ерлік үлгісін көрсете білген қазақ халқы ел бірлігі, жер тұтастығы жолында саналуан сынды бастан өткерді.

Сыртқы жаулардың бетін қайтарып, олардың басқыншылық әрекеттеріне батыл тойтарыс беріп, екпіндеп келген арынын басып, ажал құштырған ерлеріміз аз емес. Солардың бірі — ел қорғау жолында ат үстінен түспеген, найзасына сүйеніп ұйықтап, жат жұрттықтарды жанына жақындатпаған Есет Көтібарұлы.

Өткен жұмада Ақтөбеде — мемлекет басшысы болған қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев пен Кеңес Нокин көшелері қиылысында тарихи тұлға, ХІХ ғасырдың орта тұсындағы ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, Есет батыр Көтібарұлының ескерткіші ашылды.

Тау тұлғаға құрмет

Бұл шараға халық көп жиналды. Өйткені ел жадында есімі берік орныққан халық батырының ескерткіші орнатылуы сәтін көпшілік асыға күткен еді.

«Ел мен жердің тұтастығы, халқымыздың сындарлы кезеңдерден есендікте өтіп, төл тарихын қалыптастыра білуі — ел қамында болған тарихи тұлғалардың арқасы. Осындай ел басына күн туған кезеңде халқымыздың бағына біткен, қол бастаған батырлары аз болмаған. Олардың қатарында Ақтөбе өңірінен шыққан Бөкенбай Қараұлы, Есет Көкіұлы, Сәңкібай батыр, Тілеу Айтұлы, Көтібар батыр секілді ержүрек бабаларымыздың аты белгілі. Солардың бірі әрі бірегейі — батыр бабамыз Есет Көтібарұлы. Есет батыр — қазақ тарихында ерекше өз орны бар, бүкіл өмірін халқының азаттығына арнаған, өмірлік ерлік жолы қазақ тарихына алтын әріппен жазылған тұлға. Жастар, өскелең ұрпақ өздерінің ұлы ата-бабалары, олардың батырлығы мен ерліктерін білуі керек. Осылайша біз жас қазақстандықтарды патриоттық рухта тәрбиелеп, ұлттық сана-сезімін қалыптастыра аламыз», — деп атап көрсетті облыс әкімі Ералы Тоғжанов ескерткіштің ашылуы салтанатында сөйлеген сөзінде.

Ерлік істерге ұйытқы болған Есет Көтібарұлы — отаршылдыққа қарсы көтерілістің жетекшісі, қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының ұйытқысы. Ол оңтүстікте Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншылығына тойтарыс берген.

«Бүгінгі таңда Есет батырға ескерткіш орнатудың маңызы зор екенін әрқайсысымыз түсінеміз. Оның өмір жолы бүкіл халық үшін батылдық пен табандылықтың үлгісі бола алады. Мен облыс әкімі Ералы Тоғжановқа, осы игі іске қатысқандардың барлығына, сондай-ақ Ақтөбе халқына жас ұрпақтың санасында ата-бабаларымыздың мәңгілік мұрасын ұмытпағандарыңыз үшін алғыс айтамын», — деп атап өтті жиынға қатысқан белгілі журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Әбдірахманов.

«Мен үшін бұл өте қуанышты жағдай. Халқымыздың өмірін сақтауға, Тәуелсіздік туралы ғасырлар бойғы арманына қол жеткізуге арнаған батыр бүгінде егемен Қазақстанда өзінің заңды тарихи орнын алады», — деді Астанадан келген Әлем дәрігері, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Серік Ақшолақов.

Тақырып арқауы — ерлік пен елдік

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Есет Көтібарұлының басшылығымен ұлт-азаттық көтеріліс: алғышарттары, нәтижесі, тағылымы» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция жұмысына республиканың белгілі тарихшылары мен ғалымдары қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова ерлік пен елдік ұғымының қай кезде де биік тұратынын айта келіп, осы тұрғыдан Есет Көтібарұлы секілді тұлғалардың қоғам дамуындағы рөлі ерекше екендігін алға тартты.

Басқосу тізгінін қолға алған Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарихшы-ғалым Рахым Бекназаров сөз кезегін өзінің әріптестеріне берді.

Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сарайшық мемориалды кешенінің директоры Әбілсейіт Мұхтар мен тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері Самат Құрманалин, профессор Самат Өтениязов және басқалары Ресейдің озбырлық саясатына қарсы ұйымдастырылған көтерілістердің әлеуметтік-саяси мәнін кеңінен ашып көрсетіп, ғылыми деректерімен, архив құжаттарымен нақтыланған мәліметтерді жұртшылық назарына ұсынды.

Тарихшылардың баяндауынша, 1847 жылдан бастап батыр Есет Көтібарұлы айналасына Кіші жүздегі Әлім, Жетіру, Байұлы тайпаларының бірсыпыра руларын топтастырып, күш жинай  бастады. Осы кезде ел Кішкене Шекті қауымын бастаған батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлымен және Шөмішті Табынның биі Дәуіт Асауұлымен қоян-қолтық араласып, бір бағыт ұстайды. Патша үкіметінің  саясатына  қарсылық ретінде Ресейдің түкпірінен Орта Азия хандықтарына жөнелтілген сауда керуендерін шауып алу, Хиуа хандығымен бірлесіп орыс-казак әскери отрядтарына  қарсы шығу, бекіністі шептерге  шабуыл жасау қимылдарын көрсетеді.

1847 жылы 18 шілдеде Жем бойында Есет Көтібарұлы өзінің адамдарымен Орынбор және Орал әскерлерінің 200 казагы мен патша  әскерлерінің  қатарында  қызмет ететін сұлтандар басқарған 120 қазақтан құралған жазалау отрядына шабуыл жасады. Отыз шақты адамынан айырылған көтерілісшілер Жемнің бастауына шегінуге мәжбүр болды. Үкімет әскерлері ізіне түскен олар Арыс-Бұрта және Емел-Шаған өңіріне  жасырынады.

Осындай көріністер арқылы ғалымдар жиналғандар жадына ескі жылдардың суретін қайта жаңғыртты.

Жиында Есет батыр туралы ел аузындағы әңгімелер де айтылмай қалған жоқ. Мемлекеттік қызмет ардагері, облыстың танымал азаматарының бірі Қанатбай Елеусізұлы өз сөзінде «Алып — анадан туады» деген халық тағылымын еске ала отырып, Есетті дүниеге әкелген Аққыз атты Адай қызының заманында ақылды да көрікті адам болғанын тілге тиек етті. Осындай ойлы әңгімелер басқосуда аз айтылған жоқ. Мұның барлығы жас ұрпаққа тәлім-тағылым іспетті дүниелер болады деп ойлаймыз.

Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры болған Е.Ковалевский Хиуа сапары кезінде Есет Көтібарұлымен кездескенін былайша суреттеген екен: «Арал маңындағы Кіші жүз қазақтарының кейбір топтарынан құрылған отаршылдыққа қарсы қозғалысты басқаруынан бұрын Есетті сайын дала торабынан кездестірдім. Есет Геркулес сияқты атлетикалық дене бітімді, сұлу келбетті және ерлік іс-әрекеттері кез келген еуропалықты таңғалдыратындай және бұл қасиеттері өз отандастарына да қатты әсерін тигізген».

ХІХ ғасырдағы қазақ даласын еуропалықтарға алғаш рет таныстырған поляктың демократ-революционері, суретші Бронислав Залесский 1865 жылы Парижде француз тілінде шығарған «Қазақ сахарасына саяхат» деген кітабында былай деп жазған: «Мен бір күнімді Есет Көтібаров есімді қырғызбен өткіздім. Ол осы замандағы қазақ даласына танымал ерекше тұлға… ол көсем болып қалды… және қазының міндетін атқарды».

Міне, осы жайлар конференция барысында баяндалып, Есет тұлғасы жаңа заман ауқымында айқындала түсті.

Шымкенттен — Ақтөбеге

Есет батырдың ескерткіші оңтүстік өңірде — Шымкент қаласында жасалды. Оның негізгі авторы — ақтөбелік мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Ол ескерткіштің эскизін дайындағаннан кейін шымкенттік скульптор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Серікбай Жорабеков қоладан құйып, қазіргі қалпына келтірді.

Ақтөбелік делегация ескерткішті елге жеткізу шарасын үлкен рухани-танымдық бағдарламамен орайластырды.

Олар Шымкент қаласындағы Тілеу батыр Айтұлы мен оның баласы Жолдыаяқ батыр ескерткіші алдында халықпен жүздесу ұйымдастырды. Көнекөз қариялар жастарға елдік пен ерлі тағылымын ұғындыратын әңгімелер айтып, өткеннің өнегесін таратты.

— Осында заң ғылымдарының докторы, белгілі руханият жанашыры Бекет Тұрғараев ақтөбелік қонақтарды Қазығұрт аумағында бой көтерген «Бабалар рухына тағзым» кешеніне алып барып, тарихи жәдігерлермен таныстырды, —дейді жергілікті экспедиция жетекшісі, Есет Көтібарұлы атындағы қордың басшысы, үздік өлкетанушы Аманғали Мұхамбетулин. — Мұндағы Жалаңтөс баһадүр мен Салқам Жәңгір ханның ат үстіндегі айбарлы көрінісі, қазақтың үш биінің ой үстіндегі отырысы, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған «Бабалар рухына тағзым» бөлімі, «Аналарға тағзым» монументі, этно ауыл, сондай-ақ Бекет ата кесенесі бізге ерекше әсер етті. Осы кесененің маңдайшасында жазылғандай, аталған ғимарат Бекет ата Мырзағұлұлының 270 жылдығына арнайы тұрғызылған.

Шымкенттік азаматтар жайған қонақжай дастарқан басында Есет Көтібарұлы туралы да келелі әңгіме қозғалады. Оңтүстік өңірде құрылған «Тілеу батыр» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы Иманәлі Байдәулетов осындағы көптеген игі шаралар туралы айтып береді.

Осындай үйлесімді бас қосудан соң Есет батыр ескерткіші орналасқан көлік салтанатты шерумен елге қарай қозғалады. Енді оларды Қазалы жерінде жергілікті азаматтар күтіп алады. Мұнда жолаушылар Әйтеке би, Жалаңтөс батыр, белгілі қолбасшы Жанқожа Нұрмұхамедұлы рухтарына тағзым етіп, олардың ескерткіштері мен кесенелері басында аруаққа Құран бағыштайды.

Ал Ырғыз өңірінде Шалқар және Ырғыз аудандарының делегациялары кездесу ұйымдастырып, сапардан оралған жерлестерге ерекше құрмет көрсетеді.

Осылайша Есет батырдың ескерткішін елге әкелу рәсімі көпшілік арасында рухани толқыныс, қуаныш пен мақтаныш сезімін тудырып, ерлікке тағзым, өткенге құрмет жасау мүмкіндігін берді.

Ұрпақ парызы

Алдыңғы буынның үлгісін алға ұстану, оны құрметтеу, насихаттау — кейінгі ұрпақ парызы.

Қазақтың бүгінгі қолбасшыларының бірі, генерал-лейтенант Болат Жанасаев — осы тұрғыдан өзінің перзенттік борышын адал атқарып келе жатқан азаматтардың бірі. Ол тәуелсіз Қазақстанның әскери армиясын қалыптастыруға аянбай қызмет етті. Батыр баба тұлғасын жас буынға жеткізу мақсатында ол Есет Көтібарұлы туралы деректерді жинап, өзінің бастамасымен фильм жасады. Енді сол еңбекті көпшілік назарына ұсынып, жұртшылық алғысын алды.

Есет Көтібарұлы туралы көлемді ғылыми еңбек жазған профессор Зәкіраддин Байдосұлы осы бағыттағы көптеген ізденістерге жол ашып берді. Журналист-қаламгерлер, зерттеушілер Тауман Төреханов, Жұма-Назар Асанов, Иманбай Жұбаев, Бақытжанов Қосанов және басқалары өздерінің жазбаларында батыр тұлғасын әр қырынан өрнектеп отырды.

Ал Амантай Үмбетайұлы, Сағит Жантөренов,  Елубай Төлепберген, Жексенби Көптілеуов, Әбділ-Әшім Оқапов, Орынбасар Өтегенов, Әділкерей Әуелбаев, Сабыржан Мұхтаров, Ислам Иманов, Қасым Маханов, Мырзатай Төреханов, тағы да басқа азаматтар баба ерлігін ұлықтау жолындағы қандай да қызметтерге қолдау көрсетіп, үнемі жанашырлық көрсетіп жүрді.

* * *

… Есет батыр Көтібарұлына ескерткіш қою салтанаты ерлікке тағзым етудің ерекше үлгісі болғанын тағы бір мәрте атап өткіміз келеді.

Мәдениет саласының үздігі, белгілі актер Мағзұм Бақытжанов пен оның өмірлік серігі, Қырғызстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Шалқия Бақытжанова сахналаған батыр баба өмірінің әртүрлі кезеңдері көрермендердің көз алдына өткен ғасырлар келбетін әкелді. Бала Есеттің батыр Есетке дейінгі көтерілу сәттері шынайы бейнеленіп, жұртшылықты тәнті етті.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button