Басты жаңалықтарМереке

Ең қадірлі мереке

Мерекелер де — ел, халық тарихының ажырамас бір бөлшегі. Кешегі кеңес заманында жыл сайын салтанатпен өткен мейрамдардың кейбірі КСРО-ның ыдырауымен бірге күнтізбеден мүлде жойылды, ал енді бірі сақталып қалса да, бұрынғыдай халықтың ықыласына ие емес. 

Қазақтың ең қадірлі мейрамы — Наурыз. Ата-бабамыз Наурызды жаңа жылдың басы, «Ұлыстың ұлы күні» деп ұлықтаса, бүгінгі ұрпақ оны халқымыздың өткені мен бүгінін жалғап тұрған тылсым, қасиетті мейрам ретінде бағалап, қуанышпен, мақтанышпен атап өтеді.

Наурызды халқымыз қашаннан бері тойлайды? Оның мән-мағынасын қалай түсініп, қабылдаған? Мейрам қарсаңында біз қазақ зерттеушілерінің, ғалымдарының еңбектері мен баспасөзде жарық көрген пайым-пікірлеріне үңілдік:

Көп халыққа ортақ

Наурыз туралы ескі жазбаның бірі — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (1858-1931 жж.) «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегі. Өз еңбегін ол:

«Естіген құлақтың жазығы жоқ, құйттай бала күнімізде жарапазан айтатұғын шалдар айтып жүруші еді:

«Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен,

Ол кеменің тақтайын тышқан тескен», — деп.

Бұл — естіген сөз. Құлақ естігенді көз көрмек. Бұл күнде көзіміз көрген нәрсені ойға салып жүрсек, топан суы тасып, дүниежүзін қаптағандығы айдан жарық, күннен анық көрініп тұр», — деп бастайды да, топан судың қаптағанына жарапазаншылар айтқандықтан емес, айналадағы көрініс — тау-тас, жер бедері арқылы сену керектігіне дәлелдер келтіреді.

Зерттеушілердің айтуынша, топан су туралы көне аңыз түрлі дін, түрлі сенімді ұстанатын, әлемнің әр түкпірінде, тіпті мыңдаған жылдар бойы, бірін-бірі танып-білмей ғұмыр кешкен халықтардың көпшілігіне тән екен. Сондықтан бұл мәселе ғалымдардың да назарын аударған. Кейбір ғалымдар топан суды нақты болған оқиғаға санап, уақытын қазіргі жыл қайырудан 8-10 мың жыл бұрын деп жорамалдайды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Наурыздың тарихын осы топан сумен байланыстырып, ең алғаш рет су тартылып, Нұхтың кемесі Қазығұрттың тауына тоқтаған күні тойланған мереке деп жазады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев та Наурыз мейрамына арнаған мақаласында: «Қазақтың осы төл мерекесінің екі-үш мың жылдық тарихы бар дегенді білеміз. Мен Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады деген пікірдемін», — дейді.

Ғалымның бұл пікірі жоғарыдағы зерттеушілердің топан суға қатысты жорамалымен үндессе, сондай-ақ Наурызға байланысты көне аңыздың ислам дінімен үндесетін тұсы да бар. Исламда Нұх пайғамбардың кемесі Джуди тауына Ашура күні тоқтайды. Ашура — араб күнтізбесінің алғашқы айы саналатын мұхаррам айының оныншы күні. Ал Джуди — бүгінгі Түркия мемлекетінің аумағындағы тау. Әрине, бұл жерде көне аңызды «арабтан келген» немесе «арабқа түркіден барған» деген тәрізді дау-дамайға жол беру орынсыз деп білеміз, өйткені Наурыздың да, топан су ұғымының да тарихы өте тереңде екені даусыз.

Кейбір зерттеушілер көне заманда ата-бабаларымыздың Наурызды адамзат баласы ғана емес, барша ғалам, барша жаратылыс үшін айрықша күн деп санағанын алға тартады. 22 наурыз — күн мен түннің теңелетін уақыты, жарықтың қараңғыны біржола жеңіп шыққан күні. Қазіргі астрономиялық зерттеулер бойынша да, күн мен түннің теңелетін сәті, аз күн айырмашылықпен, нақ осы уақытқа сәйкес келетіні белгілі.

Қазақта наурыз айы — мүшелдік жаңа жылдың басы. Белгілі ғалым, профессор Мұхтар Арын: «Мүшел сөзі көне түркі тілінің «мыш» (алтымыш, жетімыш), бізше «он» деген ұғымы мен «йыл», яғни «жыл» ұғымының қосылуынан туындап тұр. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, ертеде бір мүшелде он жыл болған екен. Кейінірек, он екі шоқжұлдыздың зерттелуімен байланысты мүшелге қосымша екі жыл енген көрінеді», — дейді.

Тек қазақ халқы емес, көптеген түркі және парсы халықтары, оның ішінде  Орталық Азия аймағындағы барлық ел Наурызды есте жоқ заманнан мерекелейді. Адамзат тарихындағы ең ежелгі мерекелердің бірі ретінде Наурыз 2009 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енді. Ал 2010 жылдан бастап 21 наурыз Халықаралық Наурыз мерекесі болып белгіленді.

Көне мерекенің соңғы бір ғасыр ішіндегі тарихына үңіле кетер болсақ, 1918 жылы РКФСР құрамында Түркістан АКСР-і құрылды. 1920 жылдың қаңтар-шілде айларының аралығында Түркістан республикасын Тұрар Рысқұлов басқарды. Осы тұста ол Наурыз мерекесін атап өту туралы бұйрық беріпті. Құжатты архивтен Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері Мақұлбек Рысдәулет тапқан. Дегенмен 1924 жылы Түркістан АКСР-і тарады, ал 1926 жылдан бастап Наурызды жаппай тойлау тоқтатылған. Айта кету керек, Наурызды тойлауға тыйым салынған ресми құжат әзірге табылған жоқ, алайда большевиктер оған «ескінің сарқыншағы» ретінде қырын қарады деген пікір бар. Кейбір зерттеушілер Наурыз мерекесіне Голощекиннің «кіші Октябрінің» салдарынан тыйым салынған деп болжайды. Голощекиннің Қазақстанды басқаруға 1925 жылдың күзінде келгені белгілі.

Ресми түрде мерекеленбесе де, әсіресе алыс ауылдарда Наурыз кеңес заманында да ескерусіз қалған жоқ. Кейіннен «қайта құру» науқаны кезіндегі өзгерістер оны кең көлемде мерекелеуді қайта жандандыруға жол ашты. Соның арқасында 1991 жылдың 22 наурызында күнтізбеде жаңа мерекелік күн пайда болды. Бұл —КСРО-ның әлі тарай қоймаған кезі, содан болар, алғашында республикамызда Наурыз — «Көктем мерекесі» деген атты иеленді.

2001 жылдан бері Наурызды еліміз мемлекеттік мереке ретінде атап өтеді, ал 2010 жылы Наурыз мерекесі үш күнге ұзартылды.

Жас ырыс пен жаңа күн

… 1988 жылы халқымыз Наурызды жария түрде қайтадан мерекелей бастады. Сол тұста зерттеушілер «Наурыз» атауының «жаңа күн» деген мағынаны беретін парсы сөзі екенін айтқан еді. Дегенмен кейін мерекенің атауына байланысты басқа пікірлер де айтылды. Мысалы, наурызтанушы Серік Ерғали бұл атауды «нау» және «ырыс», яғни «жас ырыс» деген түркілік ұғымнан шыққан деген пікірді алға тартады. Тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев та осыған үндес пікір айтады: «Көп адам «Наурыз» сөзін парсы тілімен байланыстырады. Бұл — біржақты пікір. «Нау» сөзі Еуразия халықтарының көпшілігінде бар, әсіресе үнді-иран, герман-латын тілдес халықтарда «новый», «нью», «нео», яғни жаңа деген мағынада қолданылады. Қазақта тұтас бір айдың аты және ай болғанда, жылдың басы. Осыған қарағанда, бұл сөз — Еуразия халықтары жеке тілдерге жіктелмей тұрғанда пайда болған көне ұғым».

Жер бетіндегі бүгінгі барлық тілдің «атасы» іспетті көнеадамзаттық тілдің болғаны туралы болжамның айтылатыны рас. Мысалы, америкалық лингвист Меррит Рулен «протосапиенс» терминін қолданған. Дегенмен ғалымдар бұған байланысты нақты бір тоқтамға келген жоқ, олардың бір тобы көне жалпыадамзаттық тілді мойындаса, екіншілері сол мойындаушыларды үзілді-кесілді сынға алады.

Ал қазақ ғалымдарының бірқатары «наурыз» сөзінің парсыдан келгеніне қосылады. Мысалы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Мұхитдин Исаұлы парсы мәдениетінің бір кездегі әсерін, соған байланысты парсыдан енген терминдерді де жоққа шығаруға болмайтынын айтады. Мысалы, «ораза» да — парсының сөзі, егер арабшадан тікелей енген болса, оны «саум деп атаған болар едік» — дейді. Белгілі ғалым Мұхтар Арынның пікірінше, қазақ күнтізбесіндегі он екі айдың екеуінің аты парсыдан енген. Бұлар — наурыз бен шілде.

Наурыздың екінші аты — «Ұлыстың ұлы күні». Бұған байланысты профессор Жамбыл Артықбаев: «Түрік-моңғол тілдес елдер ұлыс деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі «Наурыз — мемлекеттің ең басты мейрамы» дегенді білдіреді» ,— дейді.

Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Қазақта Наурыз деген де кісі аты болған. Келін-кепшіктері атай алмай, «ұлы күн», «ұлыстың ұлы күні» деп кеткен» деп жазады. Осы жерде, расында, Наурыз — біздің халықта кең тараған антропонимнің бірі екенін айта кеткіміз келеді: тарихта Наурыз есімді хан (1360 жылы Алтын Орда тағына отырған), сондай-ақ Шапырашты Наурызбай батыр (1706 жылы туған), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847 жж.) сынды тұлғаларымыз болса, ал тегі Наурызбай, Наурыз болып келетін адамдар — белгілісі бар, қарапайымы бар — қазір де арамызда жетерлік. Халқымыздың балаға Наурыз деп ат қою дәстүрі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қайта жанданды.

Халқымызда Наурыз мейрамының атауына «әз» сөзі де тіркеледі. Қазақта Әз Жәнібек хан, Әз Тәуке хан, Әз Едіге сынды тарихи тұлғалар бар. Тарихшылар мұны халықтың оларды ерекше қастерлегенінің белгісі деп түсіндіреді.

Екінші жағынан, әзелден сөзі «ежелден, баяғыдан» деген мағынаны білдіреді.

Үшіншіден, халықта Наурыз кезінде, жыл мен жыл алмасып жатқан сәтте, он сегіз мың ғаламда «әз» деп аталатын ерекше құбылыс — тылсым уіл жүреді деген түсінік те болған. Оны ең бір қасиетті, таза адамдар ғана ести алады деп сенген.

Сондықтан Наурыздың «әз» саналуының нақты себебін айту қиын: бәлкім, жоғарыдағы тылсым құбылысқа орай мерекенің бастапқы атауы «Әз» болып, ал «Наурыз» сөзі парсы мәдениетінің ықпалымен кейіннен қосылды ма? Немесе беріде ата-бабаларымыз исламды қабылдап, шариғат заңдылықтары енген тұста, халыққа Наурыздың бұрынғыша қастерлі мереке болып қала беретінін, ол дәстүрдің үзілмейтінін жеткізу үшін алдына «әз» термині жалғанды ма?..

Той ғана емес…

Наурызды ата-бабаларымыз бірнеше күн бойы, яғни наурыз айының ескіше бірі мен тоғызының аралығында атап өткен деген пікірді көптеген зерттеушілер қуаттайды. Қазіргі қолданыстағы күнтізбеде бұл наурыздың 14-і мен 22-сі аралығына сәйкес келетіні белгілі.

Наурызды парсылар жыл басы ретінде 21 наурызда атап өтіп, негізінен, отбасында мерекелейді екен. Ал түркілер, керісініше, көп болып, қауым болып тойлауды дәстүрге айналдырған. Бұл қазір де сақталып отыр: Наурызда әр еңбек ұжымы, оқу орыны, тіпті бүкіл қала, ауыл жұрты бас қосатын іс-шаралар ұйымдастырылады.

Дегенмен бұрынғы Наурызды атап өту салты көңіл көтеру, той-думанмен шектелмегенін де ұмытпаған жөн. Бұл тазару, жаңару кезеңі болған. Адам баласының айналасын, үй-ішін, үсті-басын ғана емес, бүкіл жан-дүниесін тазартып, бұрынғы өкпе, кек, реніштерін ұмытып, тіпті ат құйрығын кесісіп, көрмей кеткен адамы болса, оны да кешіріп, қайта табысуына, сөйтіп, рухани тұрғыдан серпіліп, жаңаруына мүмкіндік берілетін уақыт деп қабылдаған.

Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, күні кеше ғана ортамыздан өткен Амангелді Айталы Наурыз туралы: «Бұл — тазару мерекесі. Халқымыз Наурызда уақыт, кеңістік жаңарады, барша табиғат оянады деп түсінген. Сонымен бірге жанымыз да тазарып, бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылуы керек. Әлдебір пенделік ренішпен араласпай кеткен адамдардың өзі бұл күні бар кірбіңді, араздықты өткеннің еншісіне қалдырып, бір-бірімен қайта табысады. Сондықтан Наурыз — ағайынды татуластыратын, ұлтты ұйыстыратын ұлы мереке», — деп, Наурыздың тарихы ғана емес, әлеуметтік мән-маңызының да тереңде екенін көрсетеді.

Ал Мұхтар Арын: «Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның көк тасы еритін күн» деуімізге себеп — Самарқанда әй­гілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһар­лы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай, аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн бұл», — дейді.

Бабалардан қалған көне өсиетті ғалымдарымыз осылай жеткізіпті.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button