Денсаулық

Ақтөбелік нефрологтар бүйрек күнін атап өтті

Конференция

Облыста бүйрегі семіп қалған 511 адам гемодиализге тәуелді. Оның 80 пайызы бүйрек ауыстыруға мұқтаж.
Мұндай деректер дүниежүзілік бүйрек күні аясында ұйымдастырылған «Нефрологияның өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференцияда айтылды.
Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев, нефрологтар, кардиологтар, диализ орталықтарының дәрігерлері, трансплантологтар мен дәрігер резиденттер қатысты.
— Ақтөбеде «Биос» және «Дару» жеке гемодиализ орталықтары, сондай-ақ облыстық аурухана базасында нефрология бөлімдері жұмыс істейді. Өкінішке қарай, артериалды гипертензия, қант диабеті, атеросклероз, онкологиялық аурулар салдарынан созылмалы бүйрек ауруына шалдыққандар қатары жыл санап өсіп жатыр. Жыл басындағы есепке сүйенсек, облыста қазір гемодиализге тәуелді 511 науқас бар. Олардың 80 пайызы бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Облыстағы санаулы нефрологтың саны қазір 30-ға жетті, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нефрологі Дарья Януварова.
Жиын барысында профессор, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнар Темірова бүйректің қызметі мен құрылымына тоқталды. Профессордың айтуынша, бүйрек — сүзгі. Яғни қанды тазартады, қажетсіз заттарды сыртқа қуады, эритроциттер түзілуіне қатысады, сүйек ұлпаларының қалыпты жетілуіне қажет гормонды түзеді. Бүйрек бүлінсе, ағзадағы электролиттік, су-тұз және қышқыл-сілті тепе-теңдігі бұзылады, ағзада улы заттар жиналады. Ал М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының ассистенті, нефролог дәрігері Гүлмира Сұлтанбекова созылмалы бүйрек ауруы және алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы баяндады.
Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев трансплантология, яғни бүйрек ауыстыру жағдайына қатысты деректерге тоқталды.
— Біздің облыста ең алғаш 2014 жылы екі адамның бүйрегі, екі адамның бауыры алмастырылды. Содан бері 2019 жылға дейін барлығы 65 адамға тірі және қайтыс болғаннан кейінгі донордан бүйрек трансплантациясы жасалды. Қазіргі таңда бауыр циррозы, созылмалы бүйрек және жүрек жеткіліксіздігін емдеудің жалғыз тиімді әдісі — трансплантация. Алайда біздің қоғамда әлі донор болу түсінігі қалыптаспаған. Тұрғындар денесінің бір бөлшегін басқа біреуге, тіпті қайтыс болған жағдайда беремін деп шешім шығаруға да дайын емес, — дейді Ерлан Сұлтангереев.
Осы тұста egov.kz порталы арқылы транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейінгі ағзалар мен тіндердің донорлығына келісіміңізді немесе бас тартуыңызды онлайн тіркеуге мүмкіндік барын да білдік. Сондай-ақ созылмалы бүйрек ауруына шалдыққандар Ақтөбе медициналық орталығының базасында ашылған трансплантолог кабинетіне барып кеңес алуға болады.
Дүниежүзілік бүйрек күні 2006 жылдан бастап жыл сайын наурыздың екінші бейсенбісінде өткізіліп келеді. Атаулы күннің мақсаты — бүйрекке қатысты аурулармен күресу үшін халықаралық және мемлекеттік ұйымдардың назарын аудару.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button