Спорт

Биылғы біріншілік басталады

Футбол

Осы аптаның соңында, 4 наурызда, Премьер-Лига командалары арасындағы ел біріншілігі басталады.

Чемпионаттың алғашқы  турын «Ақтөбе» Талдықорғанда өткізіп, «Жетісу» командасымен кездеседі.

Сондай-ақ бұл күні «Ордабасы» (Шымкент) — «Каспий» (Ақтау); «Тобыл» (Қостанай) — «Ақсу» (Павлодар облысы); «Астана» (Астана) — «Шахтер» (Қарағанды) командалары ойнайды.

Ал «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — «Оқжетпес» (Көкшетау); «Қайрат» (Алматы) — «Атырау» (Атырау); «Қайсар» (Қызылорда) — «Қызылжар» (Петропавл) кездесулері 5 наурыз күні өтеді.

Өткен жылғыдай биыл да чемпионатқа 14 команда қатысқалы отыр.

Соңғы тур ойындары 28-29 қазан күндері өтуге тиіс.

*   *   *

«Ақтөбе» туралы мәліметтерді еске сала кетейік.

Команда 1967 жылы құрылған.

Қазіргі басқарма төрағасы — Ерлан Жамантаев.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

Команда жетістіктері:

5 мәрте ел чемпионы: 2005, 2007, 2008, 2009, 2013.

4 мәрте күміс жүлдегер: 2006, 2010, 2014, 2022.

3 мәрте қола жүлдегер: 2011, 2012, 2015.

2008 жылы Қазақстан Кубогы иегері болса, екі рет (1994, 2014) осы кубоктық бәсекенің финалында ойнады.

Үш рет Суперкубокты жеңіп алды: 2008, 2010, 2014.

2 рет Бірінші лиганың жеңімпазы болғанын да ескерте кеткен мақұл: 2000, 2020.

Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның сыйымдылығы — 12 800 адам.

*   *   *

Ел тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығында жерлестеріміз үнемі Алматы, Семей, Тараз, Павлодар командаларының көлеңкесінде қалып келді де, тек 1994 жылы ғана ҚР Кубогының финалдық ойынына дейін жетті және ел біріншілігінде 4-орынға көтерілді. Бұл кезде Владимир Никитенко жетекшілік еткен командамыз «Актюбинец» деп аталған болатын.

Дегенмен бұл бір мезеттік қана жетістік еді. Одан әрі (бұл кезде «Ақтөбе» деген атауға ие болған) жерлестеріміз қайтадан кібіртіктеп, 1997 жылы төменгі лигаға түсіп қалды. Рас, бұған қаржылық проблемалар «кінәлі» болған еді.

Төменгі топта үш маусым бойы ойнауға мәжбүр болған «Ақтөбе» 2001 жылы элиталық топқа қайта оралды да, бірден отандық мығым командалардың біріне айналып кетті.

2005-2015 жылдары «Ақтөбе» ел чемпионатында алғашқы үштіктен төмендеген жоқ, осы аралықта 5 рет ел чемпионы атанып, Қазақстан Кубогын, оған қоса 3 рет Суперкубокты жеңіп алды.

Өкінішке қарай, осылайша шарықтап тұрған команда әлдекімдердің кесірінен күтпеген жерден қолдан жасалған қаржылық қиыншылықтарға ұрынды да, соның кесірінен Премьер-Лигадан тағы да түсіп қалды. Дәлірек айтсақ, сол 2019 жылғы чемпионат басталар-басталмастан «Ақтөбенің» есебінен дереу 12 ұпай шегеріліп тасталды, оған қоса командаға жаңа ойыншылар алуға тыйым салынды.

Дегенмен бір жылдан соң командамыз жоғары топқа қайта оралып, тағы бір жылдан соң алтыншы рет чемпион атануға сәл қалды. Әттең, өткен жылғы чемпионатта басқалардан біраз ұпай артықшылығымен келе жатқан «Ақтөбе» ақырғы ойындар кезінде күрт нашарлап, бірінші орынға ие бола алмай қалды. Мұны жанкүйерлер әрқилы талқыға салды. Біреулер бұл 17-турдан бастап сұрмерген Уго Видемонттың жарақат алып қалуына байланысты алаңға шыға алмауының салдарынан деп жорыса, екінші топ ретсіз пенальти белгілеген төрешілерді кінәлі деп тапты. Ал басқа бір жанкүйерлер «Ақтөбе» чемпиондықты «Астана» командасына «өз еркімен» беруге мәжбүр болғанын айтып жатты. Қалай болғанда да, тең аяқталғалы тұрған ойында «Тобылдан» «аңдаусыз» ұтылып қалу (82-минут, пенальти), 2:0 есебімен жеңіп тұрған «Ордабасы» командасына екі доп (екеуі де пенальтиден) соққызып алу тәрізді хикметтер ақылға тым сыйымсыз көрінді.

*   *   *

Біздің қолымыздағы мәліметтер бойынша «Ақтөбе» биыл төмендегі құрамда ойнамақшы.

Қақпашылар: №1 Стас Покатилов (1992), №41 Мирослав Лобанцев (1995, Ресей), №55 Әлішер Мәмбетжанов (2002);

Қорғаушылар: №4 Лука Гадрани (1997, Грузия), №6 Әлібек Қасым (1998), №12 Әлішер Әжімов (2001), №14 Ескендір Қыбырай (1997), №23 Даниил Пенчиков (1998, Ресей), №31 Әділхан Таңжарықов (1996), №77 Дмитрий Шомко (1990), №88 Дмитрий Яшин (1993, Ресей);

Жартылай қорғаушылар: №5 Леонель Струмия (1992, Аргентина), №7 Бауыржан Байтана (1992), №10 Максим Самородов (2002), №19 Милош Раичкович (1993, Черногория), №44 Артурас Жулпа (1990, Литва), №80 Арман Кеңесов (2000);

Шабуылшылар: №9 Абылайхан Жұмабек (2001), №11 Уго Видемон (1993, Франция), №21 Андрия Филипович (1997, Хорватия), №93 Элдер Сантана (1993, Бразилия).

Бас бапкер: Андрей Карпович.

Командаға биыл келгендер: Мирослав Лобанцев («Қызылжар»), Андрия Филипович («Атырау»), Абылайхан Жұмабек, Лука Гадрани (екеуі де — «Тараздан»), Леонель Струмия («Лиепая», Латвия), Милош Раичкович («Соннам», Оңтүстік Корея), Дмитрий Яшин («Торпедо-БелАЗ», Беларусь), Элдер Сантана («Жил Висенте», Португалия), Даниил Пенчиков («Пари НН», Ресей), Идрис Умаев («Ахмат», Ресей).

Командадан кеткендер: Шина («Дибба Эль-Фуджайра», БАӘ), Рамазан Оразов («Ақсу»), Сердер Сердеров («Согдиана», Өзбекстан), Темірлан Ерланов, Йоахим Адукор, Руслан Камболов, Эрнест Антви, Жерар Гоу, Владимир Гинайтис, Виталий Балашов, Саша Стаменкович, Юрий Логвиненко.

*   *   *

Командамыздың биылғы қарқынын ойын барысында көрерміз.

Ал алдын ала сенімді түрде айтатын бір қуат көзі — жанкүйерлеріміз.

Өткен жылы да айттық, ақтөбеліктермен иық тірестіре алатын жанкүйерлер Қазақстанның ешбір қаласында жоқ. Мұны футболшылармен қоса Ақтөбеге келіп кеткен командалардың барлық бас бапкерлері мойындап болды.

Сырт алаңдардағы ойындарға ақтөбеліктер тәрізді өз командасымен бірге ілесіп барып, кездесу барысы бойына қызу қолдап отыратын жанкүйерлер және жоқ.

Жаңа маусым құтты болсын, жанкүйерлер!

*   *   *

Жылма-жылғы дәстүр бойынша чемпионат басталар қарсаңда, 26 ақпан күні ел чемпионы «Астана» мен ҚР Кубогы иегері «Ордабасы» Суперкубок иесі атану үшін кездесу өткізді. Астаналықтар соққан екі допқа (Алекс Аманович, Дембо Дарбо) шымкенттіктер бір голмен ғана жауап берді (Еркебұлан Тұңғышбаев).

Сөйтіп, «Астана» осымен алтыншы рет Суперкубок иегері атанды. Бұл табысқа «Ақтөбе» үш рет, «Қайрат» пен «Тобыл» екі реттен қол жеткізгенін еске саламыз.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button