Ауыл

«Аманаты» бар, жаманаты жоқ ауыл

«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тірлігіне қан жүгіртіп, екінші деңгейлі банктердің талабы һәм пайызы жоғары несиесіне қол жеткізе алмай жүрген елдегі жұрттың күдігін сейілтіп, үмітін оятты. Бұл жоба көптеген отбасының табыс табуға ұмтылуына, тың идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр.
Газетіміздің өткен санында «Ауыл аманаты» бойынша іске асырылмақ жобалардың көптігінен Алға ауданының өзге аудандардан алда екенін жазғанбыз. Көп ұзамай алғашқы нәтижелер көріне бастады. Біз Бесқоспа ауылдық округінің Есет батыр Көкіұлы атындағы ауылына барып, жобаның «жолдамасын» алғандардың алғашқы қадамын көріп қайтқан едік.
Жоба аясында берілетін 2,5 пайыздық несие де, төрт түліктің төлімен өтелетін тауарлық несие де қолжетімді әрі рәсімдеу оңай. Аталған ауылдағы шаруа қожалықтарынан мал алып, қорасына құт кірген тұрғындар осылай дейді.

 

Қорасына мал біткен тұрғындар

«Санжар» шаруа қожалығынан екі ірі қара алған Асылзат Дәулетиярова жазда сиыр сауып, өнімін сатамын деп екі білегін сыбанып отыр. Өйткені несиеге алған сиырлары желіндеп, төлдейін деп тұр. Сүтті көп беретін асылтұқымды симментал сиырларының күйі жақсы. Оның үстіне шаруа қожалығының атынан бір көлік шөп тегін түсірілген. «Бұл наурыз айының аяғына дейін жетеді» деп отыр мал иесі.

Күйеуім көлік жүргізуші болғанымен, тұрақты жұмысы жоқ. Әркімнің көлігін жөндеп, әупірімдеп аз ғана табыс табады. Ал өзім үй шаруасындамын. Алты баламыз бар, ең кішісі — 4 жаста. Ақылы қоғамдық жұмыстарды істеп көрдім. Бірақ жалақысы мардымсыз, ал көпбалалы отбасының табысы да көп болуы керек. Бұрын азын-аулақ малымыз болғанымен, 2-3 жыл бұрын бәрі сарып ауруына ұшырап, қорамыз бос қалды. Ал мына «Ауыл аманаты» жобасы бірте-бірте мал басын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе тегін шөп түсіріп бергені қатты демеу болды. Сөйтіп, қазір ауламызға сән кіріп, 2 жылдан бері қаңырап тұрған қораға жан бітті, — дейді Асылзат Дәулетиярова.

Оның айтуынша, мал алуына ауыл әкімі қолдау көрсеткен. Мал беруші шаруа қожалығының басшысымен келісіп, жобаға қатыстырып, құжаттарын дайындауға көмектескен.

Асылзат жазда екі сиырдың сүтін ұқсатып, балалардан ауысқанын сатқысы келеді. Оның сөзінше, сүт өнімдеріне сұраныс өте көп. Сонымен қатар тағы 2 сауын сиыр алып, 4 сиырдан алған сүт өнімдерін сөреге шығармақ.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Асылбек Нұржановтың ауласынан көктемде қой өретін болады. «Сүйеніш» шаруа қожалығы бұл отбасының алдына 20 қой салып беріпті. Сонымен қоса бір көлік шөбін де түсіріп берген.

Мұндай қамқорлық сонау кеңшар кезінде де ішінара болмаса көп кездеспеген. Асылбектің де отбасы — көпбалалы. Өзі әкімшілік үйінде оператор болып жұмыс істейді. Бірақ бұл маусымдық жұмыс қана. Көктемнен күзге дейін қолы бос үй иесі енді уақытын қойларын төлдетіп, көбейтуге жұмсамақ. Біраз жылдан бері мал болмағасын ауласында «тіс шұқитын» шөп қалмаған. Бірақ биылғы қыста Асылбектің қорасы малға толып, ауласына шөп түсіп, абыр-сабыр болды да қалды.

Тауарлық несиені осылай малдай алғандар төлінің тең жартысын алып қалып отырады. Қалғанын шаруа қожалығына тапсырады. Бұл жерде екі тарап та ұтылмайды. Екі жаққа да пайда бар. Егер мал басын көбейте берем десе, құба-құп. Бір қызығы, мал берген екі шаруа қожалығы да кепілдік сұрамаған. «Ағайын — ащы, мал — тұщы» болғанымен, аманаттың бәрін жауапкершілік пен сенімге тапсырған.

Бұл арада ауыл әкімі таяқтың екі ұшын да басып отыр. Себебі үшжақты келісімхат жасалған.

Әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, шаруа қожалығы ақ адал малын беруін берді. Ал мал алған жақ ертең оны баға алмай, сатып, сойып алса, не істейді? Ол кезде мен де жауап беремін. Сондықтан әр ауладағы малдың күйін, жайын бақылап отыруға міндеттімін. Мен әр ауланың малға толғанын қалаймын.  Бұл жерде біздің шаруа қожалық иелері мәрттік танытып отыр. Тәуекелге барды. Мал ұстамаған үй мал азығын дайындамайтыны да белгілі ғой. Соны біліп, түсініп  шөппен де қамтамасыз етті.

Округте 62 шаруа қожалығы бар.  Тауарлық несиеге малды әзірге 5 шаруа қожалығы берді. Тағы 4 шаруа қожалығы әрқайсысы 5 сиырға дейін беруге ниет білдіріп отыр. Ал қымыз сатамын деушілерге бір шаруа қожалығы 2 құлынды бие беруге дайын, — дейді округ әкімі Жандарбек Бақытжанұлы.

Оның айтуынша, тауарлық несиеден бөлек 2,5 пайызбен қаржылай несие алуға ниеттенгендердің 7 жобасы мақұлданып тұр. Олар құс өсіру, жылыжай салу, бақша егуді қолға алмақ. Ерекшелігі сол — ауылдың ортасымен Елек өзені ағып өтеді. Ал өзеннің екі жағасында бос жерлер көп. Құс өсіруге де, бақша салуға да өте қолайлы. Ауыл әкімі жер беруге дайын екенін айтты.

Ауылда  жұмыссыз жүрген 12 адам тіркелген. Оның бесеуі жоба бойынша жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастамақ. Ал қалған жетеуі тауарлық несие алу  арқылы малды болмақ. Сол кезде округте жұмыссыз бірде-бір адам қалмайды деп есептеуге негіз бар.

Ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны күрт азайған. Бір жылдың ішінде 12 адам әлеуметтік нысандарға жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда 1 адам ғана жасқа толмаған баласы болғандықтан, жұмысқа қосыла алмай, атаулы әлеуметтік көмек алады. Округтегі 1675 тұрғынға шаққанда ауылда жұмыссыз және атаулы әлеуметтік көмек алатындар жоқ деп айтуға болады.

 

Жандарбектің жоспары

Бесқоспа деп аталатын округтің орталығы Есет батыр Көкіұлы ауылы Алға қаласынан қашық емес. Ал тақтайдай тегіс жолы аудан орталығына тіпті жақындата түсті. Құрамында 60 адамы бар шағын Қызылту елді мекені кіретін округтің жері шұрайлы, өлкесі өрісті.

Асылтұқымды жылқы, сиыр ұстайтын ауылдың күйі де келісті. Жастарының дені вахталық әдіспен жұмыс істейді. Үйлері мен қақпалары жаңа үлгідегі құрылыс материалдарымен тізілген.

Ауыл әкімі көшенің сәніне мән беріпті. Орталық көшеге ілінген баннерлер көз тартады. Әсіресе «Ауыл аманатын» жарнамалайтын тақта сол ауылда жобаның қызу қолға алынып жатқанын көрсетіп тұрғандай.

Қар астында жатса да, ауыл іші таза, тұрғындары тәртіпті болып көрінді.

Ауылдың 3 бөлігіне бейнекамералар қондырылған. Бұзақылық, ұрлық, ұсақ құқықбұзушылық жасаушылар қазір атымен жоқ екен.

Ауыл әкімі Жандарбек Бақытжанұлы бар ынта-жігерін ауылдың көркін жандандыруға жұмсамақ.  Алдағы жазға жоспарлап қойған біраз жұмыстарымен таныстырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты.

Ауылдың кіреберісі мен орталық көшелеріне асфальт төсеуге қаржы бөлініп тұр.

Сонымен қатар орталық саябақтың да көркі көз тартатын алаңға айналады. Әкім осылай сендірді.  Десек те шешімін күткен шаруалар біздің назарымыздан тыс қалмады. Биыл мал қорымының құрылысы басталуға тиіс. Ауылішілік өткелдердің де жайы ауыл әкімін алаңдатады екен.

Бұл ауылдың да әкімшілік ғимараты «көненің көзіндей» боп бұрынғы кеңшардың заманын еске салып тұр. Бірақ күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаты дайын екені де айтылды. Тек қаражаттың бөлінуін күтіп тұрғанға ұқсайды…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button