Әдебиет

Қуаныш АХМЕТОВ

Қуаныш Ахметов 1946 жылы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Алғашқы шығармалары республикалық баспасөз бетінде 1959 жылдан бастап жарияланды. Ленинград политехникалық институтын бітіріп, Жезқазған кен-металлургиялық комбинатында қызмет етті. Өндірісте еңбек ете жүріп, қаламын да қолынан тастамай, бірнеше кітабы жарық көрген. 1991 жылы баспасөз саласына ауысты. «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Заң» газеттерінде істеді.

Жыр жинақтарынан бөлек, деректі проза, публицистикалық кітаптары да бар. 1996 жылы ҚР Журналистер одағының Саттар Ерубаев атындағы сыйлығын иеленген. Ырғыз және Ұлытау аудандарының құрметті азаматы.

2008 жылы өмірден өтті.

Ырғыз

Айналайын, мен сенен, айналайын,

Төсін басып жүрейін қай қаланың,

Бір өзіңе асығам, Ырғыз деген

Алақандай аймағы бай даланың.

 

Аз-ақ уақыт соқпасам таппай тыным,

Жүрегімнің түбінде сақтайтыным.

Қалаларды керемет жырлай жүріп,

Саған теңеу, Ырғыз-ау, таппай тұрмын.

 

Бірімізден-біріміз жырақ жүрміз,

Арнасамда мың жырды, мың әнді, Ырғыз,

Сағынышым басылмас саған деген,

Егіз болып жаралған шығармыз біз.

 

Айдынында тербетіп айна көлі,

Аймалаған арудай майда желі,

Ырғыз атты жүрекке ыстық өлке,

Балалық шақ-бал шақтың жайлауы еді.

 

Сағыныштың кеудемді кернеп селі,

Қиялымды бал сезім өрнектеді,

Іңкәрлігін үдеткен ұл-қызының

Туған өлке не деген келбетті еді.

 

Аңсауымның сәті жоқ толастаған,

Сымбатыңнан салтанат, сән аспаған.

Сен тұрғанда, сұлуым, басқа аймақтың

Барлығы да көрінген қораш маған.

 

Ұлың едім кеудесін кернеп өлең,

Асқарына жыр-таудың өрлемеген.

Топырағыңды табаным тұрса басып.

Жан баспаған өзімді төрде көрем.

 

Аман ба, ақ Ырғызым, ақ құм жағаң?

Балаң ба, жылына бір ат бұрмаған?

Келемін сезім кернеп, көзіңдей боп,

Кәдімгі көктемеде тасқындаған.

 

Балқытып бойды жырдың мың ырғағы,

Бал сезім баурап алды. Шыным бәрі.

Қара жол тарам-тарам төсіндегі —

Бейне бір сәулетайдың бұрымдары.

 

Ырғызым, сапар шегіп балаң жырақ,

Көрсе де сан асқар тау, арайлы бақ,

Бәрінен әсем сенің тоғайларың,

Бәрінен биік мынау «Қабанқұлақ».

Абай рухымен сырласу

Артыңда қалған ел аман,

Қыстаған өзің тұр қыстау.

Кейінгі түскен жарадан

Емделіп жатыр Шыңғыстау.

 

Еңсеміз, бабам, жоғары

Болса да кезең бәрі ауыр,

Өркенің үшін бағалы

Көркейіп жатыр Қарауыл.

 

Мекенің болған өлкені,

Көзіңдей көрдік бәріміз.

Желкілдеп жылдың желкені,

Жүреміз кілең салып із.

 

Сағынып сізді қанша сәт,

Іздедік қала, даладан,

Бейнеңді биік аңсасақ,

Сомдадық мәрмәр, қоладан.

 

Жас төгіп тұрып жанардан,

Айтайын хабар іргелі:

Үш жүз жыл бұрын қамалған,

Талқандап шықтық түрмені.

 

Айтудан талмай шындықты,

Бүлкілдер бүгін көмейім,

Тойыңа бүкіл құрлықты

Шақырып жатыр Семейің.

 

Төбеңде мұңның бұлты ойнап,

Өтіп ең дара фәниден.

Барады, бабам, бұл тойға,

Бір Абай шығып әр үйден.

 

…Сұңқарлар көкке қалқиды,

Тұлпарлар құлақ қайшылар.

Көңілім қайдан шалқиды,

Жатыр ғой орның ойсырап.

ҰЛЫТАУ

1.

Қазақ үшін таулардың

Аға тауы — Ұлытау.

Дала деген жайлаудың

Ақ отауы — Ұлытау.

 

Қазақ үшін әлемнің

Кіндігіндей — Ұлытау.

Үш жүздегі бар елдің

Бірлігіндей — Ұлытау.

 

Қазақ үшін ғаламда

Сымбатты тау — Ұлытау.

Содан болар…

Маған да

Қымбатты тау — Ұлытау!

2.

Қыс-жазыма киіз үй жарайды деп,

Бабаларым салмаған сарайды көп.

Қай елге де керек қой бір орталық,

Шешкен оған Ұлытау қолайлы деп.

 

Тұтқиылдан жете алмас жау қасына,

Жеткенінше.. бітеді саудасы да!

Көк Ордасын көлбетіп көз алдына,

Едігені жерледі тау басына.

 

Қауіп төнсе дұшпанның қылышынан,

Осы арадан басталған ұрыс, ұран.

Осы араға қалың қол жедел жеткен,

Кең даланың әр түкпір, бұрышынан.

 

Бөлінбестен іргесі бар сан өткен,

Бауырларда кең еді аршын неткен!

Жау тигенде ту ұстап, тұлпар мініп,

Үйсін жеткен бұл тауға, алшын жеткен.

 

Қауызындай тарының тап-тар ғалам,

Болған кез көп, шоқ жұтып, от қармаған…

Сан тапталған намысы бұл қазақтың,

Тек Ұлытау маңында тапталмаған.

 

Бәрін көрген алланың салғанының,

Нәрін көрген қол жеткен арманының…

Тұрқы осында — сан қамал, сан орданың,

Жұрты осында — қазақтың бар ханының.

 

Ел боламыз! Неміз кем басқалардан! —

Жүректерді кернеген асқақ арман,

Осы арада ақ алмас сертке айналып,

Осы арадан ең алғаш бастау алған.

3.

Ауасы — дерттің дауасы,

Ұлытау деген тау осы.

Қазақтың осы — Адамы,

Қазақтың осы — Хауасы.

 

Кетбұғы төгіп отты өлең,

Көсегем мұнда көктеген.

Әмірлер. Ақсақ Темірлер

Бұл тауға соқпай өтпеген.

 

Шежіре — сырға қанық ек,

Едіге — жырға жанып ек…

Алаштың Туын ең алғаш

Тіккен жер Керей, Жәнібек.

 

Жұлдыздың бөлек жарығы,

Ұл-қыздың ерек дарыны,

Тамсантқан Асанқайғыны,

Аңсатқан Кенесарыны.

 

Тірліктің нұрын күткенде ел,

Бірліктің туын тіккен жер,

Қазаққа садақ кезенген

Талай жау тізе бүккен жер.

 

Төріне еркін төрлерсің,

Көгіне құстай көлберсің.

Бұл таудың қызын — қызыл гүл,

Жігітін — жойқын сел дерсің.

 

Елтідік ерке назына,

Ықылас — күйдің сазына.

Ғұлама Қаныш ақтарған

Қойнауы толы… қазына.

 

Сақтаған ханның ордасын,

Баптаған қалжың жорғасын,

Жеңгейдің назы — қылыштай,

Ерлердің сөзі — қорғасын.

 

Жанға мұң шыңдар сеппейді,

Арманың мұнда көктейді.

Толағай сынды көтеріп

Кетер ем, құшақ жетпейді.

 

Ақталған жұрттың тірлігі,

Сақталған ұлттың бірлігі,

Қазаққа тұңғыш астана —

Даламның осы кіндігі.

 

Ұққанға тарих жетеді,

Жүректі тербеп кетеді.

Ұлтымның бұл тау ұясы,

Үш жүздің ортақ мекені.

Қыс құшағы 

  1. 1.

Ақ күміс дүние, қар мүсін —

Арыңды қысым, армысың?!

Атойлап келген батырым,

Аяздың сермеп шалғысын.

 

Армысың, бойы толы күш,

Толағай мезгіл — долы қыс!

Адуын ақын жырындай

Айналам — асау көрініс.

 

Кеудені кернеп сезім бал,

Суретке қадап көзімді әр,

Осынау аппақ әлемнен,

Пәктіктің көрдім өзін дәл.

 

Маңайды тербеп қыс әні,

Ақ мамық баяу ұшады.

Аймалап жатыр даламды

Ақ қыстың алау құшағы!

  1. 2.

Мезгіл едің керемет не деген сен,

Тәтті түстей көркіңді көре берсем..

Көре берсем ақ күміс төгілгенін,

Ақ күмістей әдемі өлең өрсем…

 

Өзің бе едің шабытым, шалқыр шағым,

Жойған пенде көңілдің бар құрсауын,

Қысым менің! Ақ қанат көбелегім,

Ақ өлеңнің жолындай әр шырқауың.

 

Аппақ көрпе жамылған дүние мынау,

Көңіл де аппақ, таппайсың бір де қылау.

Айналамнан келемін сендерді іздеп,

Алыс қалған алаңсыз күндерім-ау…

3.

Жамылыпты алқап бүгін ақ күміс,

Қар жауыпты, келіп тағы жақсы қыс.

Ақ моншақтар ағаштардың басынан

Төгілердей сәл білінсе жат дыбыс.

 

Маңай тыныш, бойды билеп сезім бір,

Айналам — нұр, адамдар — гүл, өзім — жыр,

Шалқып, толқып жүріп келем, ақ әлем,

Ару әлем аймалаған кезім бұл.

 

Сел шабыттың сәті ме алар ағындап,

Әлдилейді тәтті әуенмен сан ырғақ.

Ақ қар емес, секілдімін жүргендей

Ақ бұлттардың алқабында адымдап.

Дірілдеп тұр, дүние күлімдеп тұр.

Күлім қаққан дүниеде жырым да өткір.

Алтын шапан жамылған кеше күзде

Күміс қарға оранды бүгін көп қыр.

 

Секілденіп көлбеген ақ көбелек,

Жауады ақ қар бақытқа, баққа бөлеп,

Аппақ әлем келеді, қыс келеді,

Сәуле шашқан арайлы шақ керемет.

 

Күміс дүние көркіне аң-таң қалам,

(Мұны өлеңмен шын азап айта алмаған).

Аппақ қардан мен бүгін көз алмаймын,

Ақ дастарқан жайғандай дархан далам.

  1. 5.

Қандай аппақ айналам! Таңдай атқан.

Бай даламда ойнайды аунап ақ қар.

Арқадағы ақ қыстың екпінін-ай

Ақ бұлақтай арқырап таудан аққан.

 

Күлімдейді күмістей бүгін алап,

Аяз қысқан ауасы шыныдай — ақ.

Сары арқаны беріле жырлағандар

«Ақ Арқадан» қалар ма жырын аяп.

 

Аңқылдаған ақ көңіл ақ қары дәл,

Желтоқсаны, қаңтары, ақпаны бар,

Қыс дегенің қысылшаң кезең емес,

Мезгілі бұл байлықтың ақтарылар.

 

Келбетінен көңілдің татқаны бал,

Пәк сезімдей мөп-мөлдір қапталың әр.

Айналаңа қарашы, аппақ қыстың

Аппақ қыстың, көкпеңбек бақтары бар…

 

Қар жамылған даламның қақ төрінен,

Қар төрінен көк, жасыл бақ көріп ем…

Қандай әсем келгені кең далама

Ақ қыстардың аумаған ақ көңілден.

***

Туған далам — жан анам,

Еңбекте мен —

Жанмын тері ұдайы бір кеппеген.

Тырысамын намысқа!

Намысыңа,

Атағыңа келмесін кір деп менен.

 

Қар салдырап,

Еріннің кезергені.

Бөгет емес,

Ей, далам!

Тежер мені.

Ұғып келем,

Оңай іс емес екен

Ұлыларға ұл болу деген де бір.

Сыр

Анда-санда бір келер сол шабытты,

Күтеміз деп несіне соншалықты,

Жыр жазамыз:

— Осы да жарайды, — деп, —

Құрылысы мен ұйқасы болса мықты.

 

«Қорамсаққа батырлар қол салыпты,

Қол салғанда аянбай мол салыпты».

Батыр оғы немесе ақын сөзі

Тесіп өткен қат-қабат он сауытты.

 

Өтетұғын етіңнен, сүйегіңнен,

Сөз қадірін бабалар біле білген.

Оқымайды қазақтар жыр екен деп,

Жазылмаған жырыңды жүрегіңмен.

 

Оқушының білсем де нар талабын,

Азабыңды, қайран жыр, арқаладым.

Көзін шұқып әуремін бір бұлақтың,

Жасаймын деп дария — шалқар ағын.

 

Ұйқыдағы бұлақ та оянар күн

Келер. Талай аққуға толар айдын…

Ал әзірше ризамын балғын жырым

Селт еткізсе жүрегін он адамның.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button