Мәдениет

Өнер тарихына жасалған қараулық

  1. Сөз басы

Күнқожа Қайрулла есімді жас «зерттеуші»: «Бесқала қазақтарының күйлері» атты ноталық жинақ шығардым. Авторлары 18-ғасырдан басталатын осы жинақ арқылы қазақтың ұлттық музыкасына қызығатын қауым халық күйі атанып жүрген «Қарасай» атты тамаша туындының авторы бесқалалық Қарасай Қалиұлы, бұрын Қазанғаптың күйі деп саналып келген «Орынбай Ақжелеңнің» авторы Шүйт Орынбай екенін, сондай-ақ Сыр бойында дүниеге келгенмен Бесқалада өмір сүрген Шал Мырзаның, ақтөбелік атақты күйші Қазанғап Тілепбергенұлының шығармашылығы Бесқала өңіріне де ортақ екенін білетін болады…» — депті республикалық «Түркістан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында (Қараңыз: Бесқала қазақтарының музыкалық мұрасы — ұлт руханиятын байытар құндылық. turkystan.kz)

Аталған бұл «Бесқала қазақтарының күйлері» деген кітап 2020 жылы Алматы шәріндегі ЖК «Волкова Е.В» баспаханасында басылып шығарылған екен. 160 бет. Таралымы 500 дана.

Кітап авторын Қарақалпақстаның Бесқаласынан қоныс аударған, жұмыс орны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дейді.

Сонымен,«Бесқала қазақтарының күйлері» деген дүниемен таныса отырып, «зерттеуші» К.Қайрулланың тарихта қатталып қалған нақты деректерді көңілі қалағанынша бұрмалайтынәдепсіздігіне тікелей куә болдық. Көп созбақтамай соларды баяндауға көшейік.

  1. «Орынбай Ақжелең» күйі тарихына«зерттеуші» енгізгентың «дерек»

К.Қайрулла әлгі кітабының «Авторлық күйлер» деген тарауына Шүйт Орынбайды енгізіп, С.Балмағамбетовтың орындауындағы Қазанғаптың «Орынбай Ақжелең» атты күйін соған таңған. Бұған мынадай дәлел келтіреді: «А.Райымбергеновтің құрастырып, нотаға түсіруімен жарық көрген «Қазанғап. Ақжелең» кітабында «Орынбай Ақжелең» күйіне мынадай анықтама берілген: Бұл — «Күй шақырғыш Ақжелеңнің» бір түрі. Қазанғаптың ұстазы Орынбай орындағандықтан «Орынбай Ақжелең» аталып кеткен.

Белгілі күйші Б.Басықараев «Күй шақырғыш Ақжелең» күйі туралы былайша әңгімелейді: Әзберген деген Бесқала, Хиуа жақтағы қазақтың ханы болған. Өзінің хан болып тұрған дәуірінде Табын Дүкенбай, Шүйт Орынбай, Қаратөс-Айтмағамбет, Қазанғап, Айша қатын тағы сондай домбырашыларды шақырып, тоғыз домбырашыны жинапты. Сонда «Күй басы» деп тартқан күйді Шүйт Орынбай тартқан екен. Соны «Орынбай Ақжелең» деп атап кеткен…» Осы деректерді ескере отырып, «Орынбай Ақжелең» күйін Шүйт Орынбайдың авторлығына ұсынып отырмыз» дейді (Қараңыз:«Бесқала қазақтарының күйлері».97-бет).

Құрманғазының «Ұзақ Ақжелең», Дәулеткерейдің «Қыз Ақжелең» аталатын күйлері бар.К.Қайрулланың, басқалардың түсінігі бойынша «Ұзақ Ақжелеңді» Ұзақтікі, «Қыз Ақжелеңді» Қыздікі деп бұл шығармалардыңдаавторларын өзгерте салу керек сияқты.Сондай-ақ Қазанғаптікі деп жүрген «Домалатпай Ақжелеңді» де Домалатпайдікі дейік бұдан былай.Қисыны болмаса да бірдеңелерді ойлап тауып. Кім тексере қояр дейсің бүге-шігесін…

Академик Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңселі еңбегінде Қазанғаптың күйлерді кімдерден, қалай үйренгенін ап-анық қып былай баяндайды: «Алдымен ол Доңызтау-Аққолқада тұратын атақты Төреш күйші аулына бұрды аттың басын. Қазанғап Төрештің үйінде аунап-қунап бip айдай жатып, өз өнерін көрсетумен бipгe, отағасыдан бірнеше күй үйреніп алады. Жас күйшіні шығарып сап тұрып, арқасынан қағып, Төреш: «Жарайсьң, ұлым. Үлкен домбырашы болғалы тұр екенсің. Енді Бесқалада тұратын Орынбайға соққаның жөн. Жортқанда жолың болсын!» — деп қоштасып қала берген.

Төрештен ол «Нар иген», «Қызыл қайың», «Мамыт» күйлерін үйреніп алады. Төреш «Ақжелеңнің» бірнеше түрін тартқан. Оның ішінде бipeyi өзінікі боп шықты».

А.Жұбанов бұдан кейін Қазанғаптың Орынбайдан нені үйренгенін тәптіштеп былай деп жазады: «Апталап жүріп ақыры айтулы домбырашы Орынбайдың үйіне де жетеді. Kөргені де көп, түйгені де көп кici екен. Әр жайдан әңгіме қозғалып, талай күй шертілді, бұ кici де Төреш сияқты, жас домбырашыньң өнерін қоштап, «талабыңа нұр жаусын» айтты.

«Екі қолыңның ниеті дәйім бір жерден шығады екен, — деді ол жас күйшіге. Саусақтарың да пернеге дәл түсіп, нық басады, шыққан дыбыста мін жоқ. Күйді айдаулатып бірыңғай тартпай, қажетті жерінде жігер үстеп, жандырып тартасың. Мұның бәрі жақсы. Қош. Домбыра тартып отырып, оған кеудеңді артпағаның жүдә жақсы. Әйтпесе үні кеміп, мыңқылдап қалар еді. Қош. Тағы бір жақсы ғадетің — пернеге қарамайсың. Қолы жылжыған сайын домбырашы жалтақтай берсе, күй де аяғы өзі-өзінен тұсалып, кібіртіктеп, қопал, жасқаншақ шығады.

Орынбай жас күйшіге, өзің де күй шығарып көрмедің бе?» деп ой тастады. Қазанғап домбырасын алып, өзінің бірнеше «Ақжелеңін» тартып береді. Көбеген күйшініңақыл-кеңесіне алғысын айтып, жылы сөзіне арқаланып, аулына нұры тасып оралады…» (Қараңыз:А.Жұбанов Ғасырлар пepнeci: Қазақтың халық сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы очерктер. — Алматы: Дайк-Пресс, 2002 жыл, 234-246 беттер).

Мінекей, «Ғасырлар пернесі» атты еңбектен мына жайттар белгілі болып отыр:

а)Ахмет Жұбанов Қазанғаптың Доңызтаудағы Төреш күйшіден нендей шығармалар меңгергенін тізіп өтсе, Орынбайға келгенде оған үйреткен тым болмаса бір күйін де атамаған;

ә) «Ұстазынан «Орынбай Ақжелеңді» алыпты деген сөз тіпті жоқ. Керісінше, Қазанғап өзінің шығарған бірнеше циклді «Ақжелең» атты күйлерін орындап берген;

б) А.Жұбанов бұл жазбасын «Қазанғаптың құймақұлақ үздік шәкірті» деп өзі атап өткен Жәлекеш Айпақовтың аузынан естіп, оның жадында сақтағанмәліметтеріне сүйеніп түзгені ап-анық аңғарылып тұр.

Күй тарта білмейтін, тіпті бұл салаға еш қатысы жоқ «зерттеуші» К.Қайрулла өзінің көңілінен шығып, жанына майдай жағатын, еш дәйексіз айтыла салған жоғарыдағы «мәліметтерді» айғақ қып «Орынбай Ақжелеңді» қайткенде де өзінің аулы Бесқаланікі қылып шығармақ. Босқа әлектенеді.

Қазанғаптың төл шәкірттері Қадірәлі Ержанов, Жәлекеш Айпақов, Шүрен Сартов «Орынбай Ақжелеңді» Қазанғаптікі деп жеткізген. Бұлардан кейінгі дәулескер домбырашы, бірегей қазанғаптанушы Сәдуақас Балмағамбетов те Қазанғаптікі деп насихаттаған.Дарабоз күйшінің«Орынбай Ақжелеңіне», басқа да шығармаларына қатысты тарихтыңқаз-қалпында жеткеніне мына жағдайлар толық айғақ береді:

1.Қазанғап Тілепбергенұлы 1854 жылы Ақбауыр деген жерде дүниеге келген. 1921 жылы өмірден өткенде осында жерленген. Бұл мекен— қазіргі Ақтөбе облысы Шалқар ауданына қарасты Айшуақ ауылдық округінің территориясы құрамында.Бегімбеттің оңтүстік тұсында. Сәл батысқа таман.Ұлы Борсық құмы бойында. Ақбауыр, Қамқа, Жарқамыс, Көкала—Қазанғаптың ат жалын тартып, азамат болған, тіршілік кешкен өңірлері-тін…

1868 жылғы Ресей империясының «Ережесіне»байланысты Торғай облысы құрамына бекітілген Ырғыз уезінде 12 болыс құрылған. Соның бірі –Арал теңізінің солтүстік түбегіндегі Құланды болысы. Орталығы осында болған дейді.Мұның бағынышындасол заманда қазіргі Шалқар ауданы бағынысындағы Айшуақ ауылдық округінің территориясы да енген. Осыны ұғынып алмай Қазанғапты Құландыда туды қылу ақиқаттың бұрмалануына, кейінгілерді адастыруға әкеледі…Соңыра, 1924 жылы, Ордақонған  мен Құланды болыстары біріктірілген. Басқару орталығы Шолақжидеге көшкен. Тағы бір айта кетер жайт, осы Құланды түбегінде де «Ақбауыр» аталатын жер бар, бірақ мұны Айшуақ өңіріндегі Қазанғаптың кіндік қаны тамған Ақбауырмен шатастырмау керек.

2.Қазанғаптың талантты шәкірті Қадырәлі Ержанов 1885 жылы дүниеге келген. 1968 жылы өмірден озған. Туған, өскен ортасы Ақтөбе облысы Шалқар өңірі. Оның да ғұмырын өткізген жерлері —Ақбауыр, Қамқа, Жарқамыс, Көкала.Қадырәлінің жастайынан домбыра тартып, күй үйренуіне тікелей себеп —Қазанғаппен ауылдас болуы.

Қазанғап дүниеден озар шағында өзінің  домбырасын шәкіртіне аманат еткен. Бұл аспапҚадырәлінің әйелі Зейнепте сақталған.

1978 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы Ақтөбе облысының Шалқар өңіріне кешенді экспедициялық сапар ұйымдастырған. Құрамында Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,тарих ғылымдарының докторы, профессор Бек Сүлейменов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, фольклортанушы Мардан Бәйділдаев болған. Олар Қазанғаптыңқызы Ақілгекпен, жиендерімен, Шүрен Сартовпен кездеседі. Сонда Қадірәлінің әйелі Зейнеп қолындағы Қазанғаптың домбырасын мұражайда сақтауға келісіп, аспапты берген екен. Оны қалпына келтіріп, үнін телеарна арқылы халыққа жария еткен Сәдуақас Балмағамбетов екені де тарихта қатталып қалған (Қараңыз:С.Балмағамбетов.Қазанғап. Ақтөбе. «Ақжар-АБК» ЖШС.2005 жыл, 120 бет).

3.Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi, ҚР еңбек сіңірген артисі Жәлекеш Айпақов 1904 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген. 1967 жылы қайтыс болған. 1934 жылы Ақтөбе өңiрiне келiп, халық арасынан таланттыларды iздеген Ахмет Жұбановтың назарына iлiніп, Алматыдан шығады…

1921 жылы күйшi Қазанғап көз жұмғанда, Жәлекеш он жеті жаста екен. Мұның да үйі  Қазанғаппен қоңсы отырған. Шебер домбырашыданталай күйлер тыңдаған, талай күйлердіүйренген. «Жәлкеш —Қазанғаптыңжиырмадан астам шығармасын алғаш жеткізген құймақұлақ шәкірті» деп куәлік береді академик А.Жұбанов.

Айтпақ пікірімізді әлі де айқындай түсейік. Шекті руының Қабағынан Жанкелді есімді ұл тараған. Жанкелдіден — Құттыбай, Құдас, Жапалақ. Жапалақтан — Бөгенбай, Таласбай. Жәлкеш Айпақов Құттыбайдың, ал Қадірәлі Ержанов —Таласбайдың тұқымдары. Қазанғаптың жамағаты да Таласбай бұтағынан екен.

Түйсігі барлартарихтың біз ежіктеп баяндап отырған осы ақпарынан-ақ талай нәрсені түсініп, талай нәрсені ұғатыны айдан анық.

4.Шүрен Сартов 1904 жылы Ақтөбе облысы Шалқар өңірінде дүниеге келген. Ол Қазанғап күйшiнi бала кезінде үйiне мейманбоп келгенде көрген. Содан домбыра тартуға қызығыпты. Қазанғаптың күйлерін ғұмырының соңына дейін насихаттап кетті. Ол 1980 жылы бақи болды.

5.Белгілі домбырашы, педагог, профессор Айтжан Тоқтаған Сәдуақас Балмағамбетов жайлы баяндай келіп, өзінің естелігінде былай дейді: «Алғашқы ұстаздарының бірі Қазанғаптың шәкірті Матай Қуантайұлы болды. (Сәдуақастың нағашы әжесі Күнжанның інісі — авторлар) Бертінде Жәлекеш, Қадірәліден күй алды, өнерін шыңдады».

  1. Сәдуақастың туған нағашы атасы Балмағамбет те Қазанғаптың шәкірті болған. (Сәдуақастың фамилиясы осы Балмағамбетке жаздырылған.—авторлар)
  2. «Орынбай Ақжелең» күйі«Аманат. Қазақ күйлері антологиясы» атты аудиожазбаға енгізіліп, ол жайында мынадай нақты мәлімет берілген: «Орынбай Ақжелең»Қазанғаптың күйі. Өзінің ұстазы Орынбай күйшіге арнаған. Күйді орындаушы СамиғоллаАндарбаев», — деп тайға таңбасқандай жазылған (Қараңыз: Аманат. Қазақ күйлері антологиясы. Нұр-Сұлтан: 2019 жыл, 270-бет).

С.Андарбаев (1906-1983) күйші һәм домбырашы. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі құрамында 1936-68 жылдары қызмет істеген.

Бесқала жақтың күйлерін «зерттеуші» К.Қайрулланың осы тарихты көңіліне түйіп алғаны дұрыс дер ек.Пайдасы болмаса еш зияны жоқ.

Қазанғаптың қасында жүрген, бетпе-бет отырып сабақ алған, оның күйлерін жеткізген жоғарыда аттары аталған домбырашылардың айтуымен «Орынбай Ақжелеңді»Қазанғаптың күйі деп насихаттаған,нотаға түсіріп,«Саз зергері Қазанғап» (2001) аталатын еңбегіне енгізген дәулескер күйші, қазанғаптанушы, педагогСәдуақас Балмағамбетовтың деректеріноның мұраларынахұқықтық тұрғыдан иелік етушілердің рұқсатынсыз К.Қайрулла дегеннің көлденеңнен килігіп,әлгі«Бесқала қазақтарының күйлері» аталатын кітабында пайдаланып, өрескел бұрмалауы— заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз!

  1. Халық күйі «Қарасайды» «Қарасай Қалиұлы шығарған»дегені рас па?

К.Қайрулла алыс заманнан «халық күйі» делініп бүгінгі күнге жеткен «Қарасай» күйін де «бесқалалық» «Қарасай Қалиұлы» шығарған деп «жаңалық» ашыпты. Бұл турасындағы оныңөз сөзін қаз-қалпында келтірейік, былай депті: «Академик Ахмет Жұбановтың «Өскен өнер» еңбегінде халық күйі «Қарасай»атанып кеткен «Қуаныш» күйіннің (?) авторы Қарасай Қалиұлы екені айтылған. (?) Осы дерекке сүйеніп, аталған күйді автордың өз атымен жариялап отырмыз» (Қараңыз: «Бесқала қазақтарының күйлері», 123 бет).Мұның да рас-өтірігіне көз жеткізейік.

Академик Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабында былай дейді: «Әкімгерейдің тұсында Адай-Қа­­расай жыршы болды. Ол Сам­да 1866 жылы туған. Көне Үрге­ніш, Бұхар, Түрікпенді тегіс ара­лаған. Түрікпеннің ханы Жөнейттің алдында жырлап, сый­лық ал­ған (түрікпеннің көптеген бахшыларымен жарысқа түскенде). Қарасайдың әкесі Қа­лы­ өнері болмаған адам. Қара­сай бойы аласа, тапал кісі болыпты. Ол соны әман өлеңіне қосады екен.

Менің атым Қарасай,

Мен Қалының баласы-ай.

Жас басымнан сөз бағып,

Бойға болдым аласа-ай.

Адай еді руым,

Қанша жүйрік болса да,

Келген жоқ жанның шамасы-ай, — деп бастайды екен. Қарасай 1930 жылы қайтыс болды. Одан да көптеген әуен, жыр, ән қалды. Қарасайдың саздарының бізде үлгілері нотаға түсірулі», — деп тайға таңба басқандай таңбалап кеткен.

К.Қайрулланың «Қарасайды» шығарған Бесқаланың «әйгілі күйшісі» «Қарасай Қалиұлы» дегені осы болар шамасы?! Бірақ ол ә дегеннен-ақ әкесінің есімінен шатасқан әлде әдейі бұрмалаған. «Қали» депті. Ал академиктің таңбалауында «Қалы».

А.Жұбанов Адай Қарасайдың жыршы екенін баяндайды, өлең-сөздерінен үзінділер келтіреді, саздарын нотаға түсіргенін айтады.Еңбектімың ақтарып, жүз төңкерсек теғалымның «жыршы Адай-Қарасай «Қарасай» деген күй де шығарған» деген сөзін еш жерінен кездестіре алмадық.

К.Қайрулланыңтарихта қатталып қалған мәліметтерді бұрмалап, елді ойдан шығарған ертегісіне сендіреміндеп текке ақ тер, көк тер болуы — бос әурешілік. Мұның солай екенін академиктің өз баяндауындағы деректер толық айғақтап тұр. Куәлік берейік.А.Жұбанов «Өскен өнер» деген еңбегінде былай деп жазады: «…Қамбар бойы ортадан жоғарырақ, қарасұр, мұрынды, қабағы қалың, көзі қысық та емес, аса бадырайып та тұрған жоқ, саусақтары жуан, бірақ салалы, кішкене қара мұрты өзіне жарасып тұрған кісі еді. Ол домбыра тартқанда біржолата беріліп, бар ықыласымен орындайтын. Қолы күшті, қаққанда домбыраның «жанын шығарады», бірақ қақпақты тарсылдатпайды. Ал сол қолы тіпті жүйрік. «Қарасайдың қуанышы» деген күйді тартқанда, параллель терциямен көз ілеспей жүретін. Қаншама топтан озған домбырашылар болса да, ұлт-аспаптар оркестріне отыз төртінші жылы жиналғандардың бірде-бірі Қамбардың аппликатурасын ала алған жоқ.

Қамбар ұлт-аспаптар оркестрінде біраз жыл қызмет істеді. Концерттерде жеке домбыра да тартып жүрді. Өзінің репертуарындағы «Қарасайдың қуанышы», «Арғынғазы», «Қостайбек», «Боғданың» варианттары, тағы басқа күйлерін жеке домбырашыларға, оркестрге үйретті» деп жазады (Қараңыз:А.Қ.Жұбанов Өскен өнер: (мақалалар мен зерттеулер): — Алматы: Ғылым, 1985 жыл,  85-93 беттер).

Сонымен, біз куәлікке тартып отырған академик А. Жұбановтың «Өскен өнер» атты кітабын жан-жақты, мұқият саралай сүзіп қарағанда «Қарасайдың қуанышы», яғни халық арасында «Қарасай» аталып кеткен күй жайында мына шындықтар анықталды:

а) «Қарасайдың қуанышын» «Қарасай Қалиұлы шығарды» деген бірауыз сөз жоқ. Бұл шығарманы Қамбар Медетов «халық күйі» деп таратқан;

ә)«бесқалалық»«Қарасай Қалиұлы» мен Қамбар Медетовтің кездесіп, шығармашылық қарым-қатынаста болғанын растайтын деректің А.Жұбановтың қай еңбегінде декөрсетілмегені және нақтыланды.

Міне, «зерттеуші» К.Қайрулланың: «Академик Ахмет Жұбановтың «Өскен өнер» еңбегінде халық күйі «Қарасай» атанып кеткен «Қуаныш» күйіннің авторы Қарасай Қалиұлы екені айтылған» деген сөзініңеш шындығы жоқ.

Аталмыш шығармаға қатысты мына мәліметті қоса кетейік: атақты эпик ақын Нұрпейіс Байғаниннің баласы,домбырашы, педагог Момын ағадан естіп едік, ол: «Әкем ылғи мені бір тізесіне отырғызып күй тартатын. Сол сарын құлағымда қалып қойды. Өсе келе барып білдім «Қарасай» күйі екенін» деген-ді (деректі ұсынушыБ.Кәртен).

Шығармашылық ғұмырбаянына қатысты мағлұматтардаНұрпейісБайғаниннің Ақтөбе, Қарақалпақ өңірлерін аралаған, өнер жайған тұлға екені түзілген. Ол әдебиетші ғалымдармен құрған сұхбатында өз ұстаздарына, тұстастарына қатысты деректер қалдырған. Ақын атамыз неге сонда өзі тартқан «Қарасай» күйін соңғы жылдары«әйгілі күйші» деп насихаттала бастаған«Қарасай Қалиұлынікі еді»демеген?!

«Зерттеуші» К.Қайрулланың «Бесқала қазақтарының күйлері» дейтін кітабында халық күйі «Қарасайды» өзі ойлап тапқан күмәнді «бесқалалық күйші» «Қарасай Қалиұлы» дегенге еш айғақсыз бұрмалап жапсыруы — тарихқа қиянат.

4.«Бесқала қазақтарының күйлері» кітабындағы басқа да былықтар

К.Қайрулланың «Бесқала қазақтарының күйлері» деп ат қойып, айдар таққан кітабына енгізілген 62 күйдің 23-і профессор Айтжан Тоқтағанның «Атыраудың 62 Ақжелеңі» (Алматы, 2000 жыл), «Күй — қастерлі әуез» (Алматы, 1998 жыл) деген еңбектерінен алынған.

«Бесқала қазақтарының күйлерін» саралап қарағанда мына  жайттар анықталды:

а) Ә.Жаңбыршиевтің орындауындағы«халық күйі» деп көрсетілген «Күй басы Ақжелең» Қазанғаптікі (53-55 беттер);

ә) Ж.Ембергенұлының «Нұрман Тоқбайдың күйі» деп орындағаныҚазанғаптың «Домалатпайы» (71-72 беттер);

б) Ж.Ембергенұлының «халық күйі» деп орындаған «Торы аттың желісі» Қазанғаптың «Кекіл қақпайы» (95-96 беттер);

в) Қазанғаптың «Орынбай Ақжелең»атты күйін Б.Басығараевтың айтуыменШүйт Орынбайға теліп жіберген (99-101 беттер). Бұл —өрескел қателік! Айта кету керек, Қазанғаптың «Күй шақырғышы» мен осы «Орынбай Ақжелеңі» бір әуеннен өрбиді. (Б.Басығараев Шүйт Орынбайдың күйлерін тартқан емес, репертуарында жоқ);

г) Б.Кенжебайұлының «Шүңке Құлтабайұлының күйі» деп тартқан «Өттің  дүние» де Қазанғаптікі (116-117 беттер);

ғ)  Шал Мырзаны Қарақалпақ өңірінікідеп көрсеткен. Бұл да — өрескел қателік. «Жиделі Байсын күйлері» деген еңбегінде Б.Жүсіпов Шал Мырзаны Сыр өңірінің күйшісі екенін нақты айғақтармен дәлелдеген. «Бесқала қазақтарының күйлері» кітабына енгізілгеноның «Ташауызының» әуендік құрлымы бұл өңірдің орындаушылықмәнерінен алшақ. Сыр бойы күйшілік дәстүрінде қалыпталған шығарма (102-105 беттер);

д) кітапта әрқилы орындаушылық мәнердегі шығармаларды, кейбір жыршы-әншілерді, домбырашыларды Бесқала аймағынікі деген. Бұғанайғақтар келтіріліп, талдаулар жасалынуы тиіс еді. Мұның бірі де жоқ. Рас, кейбір күйлерден Қарақалпақ өңірінетән орындаушылық стиль аңдалады… Қысқасы, кітапта орын алған өрескел қателік, бұрмалаушылықөте көп тізе берсе.

Айта кетейік, К.Қайрулла осы «еңбегінің» бір тұсында Қазанғаптың ғұмырына да қатысты: «Өмірінің көп бөлігін Бесқала аймағында өткізген» деген «мәлімет» беріп өтіпті (Қараңыз: «Бесқала қазақтарының күйлері». 106-бет). Бірақ күйшінің Қарақалпақстанда қай жылдары мекендегенін нақты дәлелдер ұсынып,себебін атап көрсетуі керек еді.

Жә, жарайды. Қазанғап ғұмырының көп бөлігін Хорезм жерінде өткізген, шеберлігі сол аймақтан қалыптасқандейік. Бірақ бесқалалық домбырашылардың дарақтың «Домалатпайын» ғана Қазанғаптікі деп атап тартып, оның өзге күйлерінің бірін «халық күйі», бірін«Нұрман Тоқбайдікі»,тағы бірін «Шүңкенікі» депшатастыруларынқалай түсінуге болады?!. Осыны «зерттеуші»К.Қайрулла жан-жақтыашып таратып берсе, бәлкім, өзгелер білмей жүрген жайттар бар шығар.

Сонымен,зерттей келе К.Қайрулланың «Бесқала қазақтарының күйлері» деген кітабына байланысты мына жағдайлар белгілі болды:

1.Аталмыш жинақты баспадан шығаруға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Домбыра» кафедрасы ұсынған.

2.«Еңбек»Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Ғылыми кеңесі талқылауынан өтпеген.

3.Аталған кітапқаҚазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры А.Тоқтағанды пікір жазғандардың бірі деп енгізген. Автор оның келісімін алмайсыртынан қосып жіберген.

  1. Профессор А.Тоқтағанның «Атыраудың 62 Ақжелеңі» (Алматы, 2000 жыл), «Күй — қастерлі әуез» (Алматы, 1998 жыл) деген еңбектеріненкүй ноталарырұқсатсыз алынып пайдаланылған.
  2. Жинаққа енгізілген шығармалардың әуендік құрлымдарына ешқандай талдау жүргізілмеген, тұжырымдар жасалмаған, тек жадағай жазылған алғысөзден басқа. Алайда К.Қайрулла өзін кітаптың авторы етіп көрсеткен. Құрастырушысы болғанды қорашынса керек.

К.Қайрулланың біз атап көрсетіп отырғанбейәдеп әрекеттерін қоштап, Ғылыми кеңестің талқылауынсыз кітап қып шығаруға қолдау жасаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Домбыра» кафедрасының жауапсыздығын қалай түсінуге болады?!

  1. Сөз түйіні

Мұндай сорақылықтарға көз жұмып қарау бұдан әрі жалғаса берсе,А.Жұбанов,Қ.Жантілеуов, Х.Тастанов, Қ.Мұхитов, Т.Мерғалиев… тәрізді тұлғалар, беріректегі Қ.Ахмедияров, А.Тоқтаған, Б.Ысқақов, т.б. өнер дүлдүлдері ұстаздық еткен, талай таланттарды тәрбиелеп шығарған қасиетті білім шаңырағыныңтүптің түбінде абырой-беделін, қадірін жоғалтпасына кім кепіл…

Айтқандай, К.Қайрулланың «Бесқала қазақтарының  әндері» атты тағы бір кітабы бар. Мұнда да кейбір әншілердің ғұмырына, ән мәтіндеріне қатыстыкүмәнді деректер, т.б. жайттар орын алған. Бірақ бұл — бөлек әңгіме…

Бөрібай КӘРТЕН,

Нұрболат ЖАНАМАНОВ,

ҚР мәдениет саласының үздігі,

домбырашы-қазанғаптанушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button