Ауыл

Кәсіп ашқандар көбейді

Ауыл — ел бесігі

Байғанин өңірінен 120 шақырым қашықтықта  орналасқан Жарқамыс ауылын ауданның қақпасы деуге болады. 90 жылдық тарихы бар ауыл жыл сайын көркейіп, мұнда кәсіп бастағандардың саны көбейіп келеді.

Ауылда 25  кәсіпкер өз кәсібін бастаса, биыл олардың қатары тағы 10-ға көбейген. Халықтың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Ауданда барлығы 62 шаруа қожалығы мен 33 кәсіпкер әртүрлі бағытта қызмет көрсетеді. Мәселен, ауылда азық-түлік, үйге қажетті тауарлар мен киім-кешектер сататын 7 сауда дүкені бар.

Бір жылдың ішінде ауылда оң өзгерістер аз емес. Әсіресе ауылда кәсіп ашамын деушілерге мүмкіндік мол, — дейді Жарқамыс ауылдық округінің әкімі Асылхан Жұбаналин.

Жарқамыстықтар дәмі тіл үйіретін тәтті торттар мен тоқаштарды алыстан іздемейді. Наубайхана мен шағын кондитерлік цех іске қосылған. Кәсіпкерлер Жазира Сарыбаева, Толғанай Төлемісқызы «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант жеңіп алып, тігін ательесін ашқан.

Сондай-ақ Арман Байниязов есімді азамат та аталмыш бағдарламаның игілігін көріп отыр. Қолынан іс келетін азамат тапсырыспен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, үй жабдықтарын жасайды.

Ал жас кәсіпкер Ақтоты Сисенова ауыл жұртшылығын тәтті кондитерлік өнімдерімен тәнті етіп келеді. Ол 2020 жылдың күзінде сүйікті ісін бизнеске айналдырды.

Сонымен қатар ауыл тұрғыны Жазира Сарыбаева болса бір айлық кәсіпкерлік курсын бітіріп, жұмыссыз отырған ауыл жастарын тігінге баулып жүр. Ол мемлекеттен қолдау тауып, 583 мың 400 теңге көлемінде грант ұтып алды. Оған тігін машинасын, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Бүгінде аудан орталығынан ашылған  Мәдениет үйі жанындағы тігін ательесіне келушілер саны көп. Қолөнерші ұлттық нақыштағы оюмен тігілген көрпелер, жастық, көрпе, бесік  сияқты тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс қабылдайды.

Биыл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған «Бастау» жобасы бойынша оқуға кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтар құжаттарын тапсырған. Олар — көлік жөндеу шеберханасы, шаштараз, әсемдік салонын, жылыжай кешенін ашуға ниетті. Енді бірі заманға сай тез әзірленетін фастфуд өнімдерін даярлайтын дәмхана салуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Жарқамыс ауылында «Alau gaz» газ құю бекеті ашылды. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ашылған бекетті Жарқамыс ауылының түлегі, кәсіпкер Айша Оразбаева ашты.

Ауыл тұрғындары «Бастау-Бизнес» жобасы аясында шағын және орта бизнесті дамытуға ден қойып келеді. Мысалы, биыл 3 кәсіпкер 550 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несиеге ие болды.

 Гүлия АЙТУҒАНОВА, Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button