Білім

Облыс абыройын асқақтатқан ұстаздар

Төрт ұстаз «Үздік педагог — 2022» республикалық байқауының жеңімпазы атанды

Ақтөбелік 4 ұстаз «Үздік педагог — 2022» республикалық байқауының жеңімпазы атанып, әрқайсысы 3 миллион теңге көлеміндегі (1000АЕК) сыйақымен марапатталды. Астана қаласында өткен салтанатты жиында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жеңімпаздарды құттықтап, үздіктердің әрқайсысына 1000АЕК  көлеміндегі, яғни 3 миллион 63 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Облыс абыройын асқақтатқан үздіктер —М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлзат Жолаева, Ақтөбе орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Әли Жұбанышев,  Ақтөбе қаласы №31 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі  Гульзифа Құспанова және Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Салтанат Есқалиева.

Биыл байқаудың барлық кезеңін цифрландырудың арқасында ел бойынша жарысқа мұғалімдердің рекордтық саны, яғни 5,5 мыңнан астам мұғалім қатысты. Өтініш берген сәттен бастап үміткерлер байқаудың динамикасын онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болды.

Біздің өңірде облыстық кезеңде 36 мұғалім іріктеуден өтіп, оның 5-еуі жеңімпаз атанды. Республикалық конкурстың қорытындысында 4-еуі үздік атанды, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Республикалық додада бағы жанған ұстаздың бірі — М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлзат Жолаева.

Мемлекет тарапынан педагогтердің мәртебесін арттыру бағытындаайтарлықтай көптеген қолдаукөрсетіліп жатыр. Соның бірі — республикалық «Үздік педагог» конкурсының ұйымдастырылуы.Биыл бұл байқау жылдағыдан өзгеше форматта өткізілді. Республикалық кезеңге жолдама алған педагогтер жылдар бойғы жетістіктері қатталған портфолио ұсынумен қатар, Астана қаласындағы мектептерде ашық дәріс берді. Соған сәйкес мен Елордадағы №71 мектеп-лицейінде сабақ бердім.

Мұндай конкурстар педагогтерге үлкен жауапкершілік жүктейді әрі қанаттандырады. Меніңше, үнемі ізденіп, жас ұрпақты биік мақсаттарға жетелеген әр педагог еңбегі — үлкен марапатқа лайық.

Орайы келгенде маған қолдау білдірген облыстық білім басқармасы басшылығына, лицей-интернат ұжымына ризашылығымды білдіремін, — дейді Республикалық «Үздік педагог — 2022» байқауының жеңімпазы Гүлзат Жолаева.

Елімізде педагогтерге деген құрмет ерекше.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың қаңтарынан бастап тәрбиешілер мен мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Қазір педагогтердің көпшілігі аптасына 6 күн емес, 5 күн жұмыс істейді. Сондай-ақ еңбек өтілі 25 жылдан асатын мұғалімдер арнайы медальдармен марапатталады.

Айта кету керек, «Үздік педагог» республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында облыс бойынша48 ұстаз үздік атанды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button