Білім

Ақтөбелік 32 оқушы Түркиядан табысты оралды

Бәрекелді!

Өткен аптада Түркия елінде «XXI ғасырдағы ғылым мен білім: өзекті мәселелер мен ғылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ыстамбұл қаласындағы Йылдыз техникалық университеті базасында өткен конференцияға Қазақстан мен Түркия елдерінің студенттері мен оқушылары, яғни жас ғалымдары мен жас зерттеушілері қатысты. Осы конференцияға Ақтөбедегі «Білім» мектеп-гиназиясынан барған 32 оқушы ғылыми жобаларын сәтті қорғап, жүлделі орындардан көрініп, табысты оралды. Түркия еліне оқушылармен бірге аталған мектеп-гимназия директорының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Шолпан Сатенова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақерке Мырзағұлова, тарих пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының кандидаты Эльвира Сүлейменова барып келді.

— Конференция аясында екі елдің жас ғалымдары, зерттеушілері ғылым және білім саласына инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу туралы ойларымен бөлісіп, өзекті мәселелерге тоқталып, олардың шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ бұл сапар оқушыларымыздың білімге деген қызығушылығын, талпынысын одан сайын арттырды. «Білім» мектеп-гиназиясынан барған 32 оқушы жүлделі орындардан көрініп, бұл сапардан табысты оралдық. Таратып айтсам, 5-11 сыныптарда оқитын 18 оқушы ғылыми жобаларын қорғап, І орынға ие болды. 6-11 сыныптардың 9 оқушысы ІІ орынды иеленді. 7-9 сыныптың 5 оқушысы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Бізді қарсы алып, сапарымызды әсерлі етуге тырысқан әлеуметтік серіктестеріміз Йылдыз техникалық университетіне, Ыстамбұл қаласының Үскүдар ауданындағы Алтунизаде Хафиз Озал орта мектебінің ұжымына алғысымызды білдіреміз, — дейді Шолпан Сатенова.

Дарынды оқушыларды әуежайдан «Білім» мектеп-гимназияның директоры Айгүл Арынғазиева бастаған бір топ мұғалім мен ата-аналар күтіп алды. Осы жерде біз көп жеңімпаздың арасынан 10-сынып оқушысы Асылы Әмзені әңгімеге тарттық.

— Ғылыми жобамның тақырыбы — «Каланхоэ өсімдігінің емдік қасиеті». Каланхоэ — бөлме өсімдігі, халық арасында оны «үй дәрігері» немесе «өмір гүлі» деп те атайды. Ең алғаш оны өзіміздің мектептегі биология кабинетінде көрдім. Ұсақ гүлдері бар өсімдік туралы көбірек білгім келді. Биология пәнінен сабақ беретін мұғалім Омержан Дубаева маған бұл өсімдіктің  атауы каланхоэ екенін айтты. Дәл сол уақытта мен зерттеу жұмысыма тақырып іздеп жүрген болатынмын. Сол күннен бастап мен осы тақырып бойынша іздене бастадым. Басқа өсімдіктерден ең басты ерекшелігі — каланхоэ оттегіні көп мөлшерде бөледі, сол себепті тыныс алу мүшелеріне өте пайдалы екен. Жетекшім Омержан Өтеуғалиқызымен ақылдаса отырып, каланхоэ өсімдігінің жапырағына тағы басқа қоспалар қосып, дәрі жасап, мұрынға тамыздық. Бұл тәжірибемізде бітелген мұрын ашылды. Бетке арналған маска әзірлеп, косметологияда да қолданып көрдік, — деді Асылы Артурқызы. Сондай-ақ базалық білімді Ырғыздың Құйылыс орта мектебінен алып келген ол — өткен жылды үздік аяқтап, «Білім» мектеп-гимназиясы құрылтайшысының шәкіртақысына ие болған оқушы.

Мектеп-гимназияда Түркиядан табысты оралған оқушылар мен олардың жетекшілерінің құрметіне арналған жиын ұйымдастырылды. Білім ордасының әкімшілігі І орынға ие болған жеңімпаздарға — 20 мың теңге, II дәрежелі дипломды иеленген оқушыларға — 15 мың теңге, III орын жүлдегерлеріне 10 мың теңге көлемінде сыйақы табыстады. Олардың жетекшілері де Алғыс хаттармен және 20 мың теңге сыйақымен марапатталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button