Тұлға

Әке жолын жалғаған

Асқар Жұбанов-85

Қуан атадан тараған Жұбановтар — халқымыздың мақтанышына айналған әулет. Бұл әулеттен қазақтың ғылым-білімін, мәдениетін алға жетелеп, бүгінгі биігіне көтерілуіне зор үлес қосқан ірі, көрнекті қайраткерлер көп шыққан.

Солардың бірі — Асқар Жұбанов. Ол 1937 жылы 13 қарашада  Алматы қаласында дүниеге келді. Әкесі Құдайберген Жұбанов 1937 жылы «халық жауы» атанып, ұсталып кеткенде, Асқар үш айлық сәби екен. «Халық жауының әйелі» атанған анасы Раушан одан әрі отбасының қуғындауға ұшырауынан қорқып, алты баласымен (оның ішінде, әрине, кенжесі — үш айлық Асқары да бар) тез арада туған жері Ақтөбенің Мұғалжар өңіріне көшіп келеді. Осында Асқар 11 жасқа дейін тұрған. 1948 жылы әкесінің інісі Ахмет Жұбанов бала Асқарды Алматыға алдырып, №18 қазақ орта мектеп-интернатының төртінші сыныбына оқуға берген екен. Құдайберген Жұбанов 1957 жылы 3 қазанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының шешімімен ақталған, ал соған дейін бұл отбасы талай қиындықты бастан өткерген, сол қиындықтарға қарамастан, отбасындағы алты бала да білімге құштар, талапты болып өсті, оның ішінде екеуі — Есет пен Асқар — әке жолын жалғап, филология ғылымдарының докторы, профессор атанды.

Асқар Құдайбергенұлының еңбек жолын жаңа бастаған кезеңіне ойша зер салар болсақ, бастапқыда математик маман болып, сол тұста тілге де математика  жағынан келіп, тілдік бірліктердің сандық өлшемін есептеп, оны алгоритмдік негізде жүйелеуге, мәтінді электронды есептеуіш машина арқылы қарастырып,  аударма жасау ісін де компьютерлік техника көмегімен жүзеге асыруға бағытталған жаңа ғылыми сала ретінде, қолданбалы тіл білімі ғылымының аясында, математикалық лингвистика саласына, яғни бір-бірінен алыс жатса да, екінші бір сала лингвистикаға батыл қадам жасағанын көреміз. Асқар ағамыз өзінің әке жолын ұстап, осы бір жалын ұшқынын үрлеп, одан әрі лаулатып, математикалық тіл білімі жолына түсуіне бауыры, ғалым Есет Жұбановтың ағалық ақыл-кеңесінің де қозғау салғанын айтып отыратын еді. Тілді тек тілдік тұрғыдан зерттеу керек деген көзқарастағылар тілді математикалық есептеулермен байланыстыра қарастырудың қажеттілігін дұрыс қабылдай алмай жатқан кезде, Асқар Жұбановтың цифрлық технология деген жаңа атаумен бүкіл адамзаттың қажеттілігіне айналған салаға қарай бұрылуын ғылыми көрегендік, батыл қадам, тіпті сирек құбылыс деп бағалауға болады. Себебі жаңа салаға сол саланың  мамандары да батыл бара бермейтінін ескерсек, тіл саласына математик маманның келуі, сонымен бірге өз жұмысында бір елге жүк болатындай пайдалы іс жасауы — екінің бірі қолынан келе бермейтін шаруа. Сонымен бірге әкесі Құдайберген Жұбановтың өзінің өлшеусіз ғылыми мәнді еңбектерімен қазақ тіл білімін биікке көтергенін, одан кейін туған ағасы ғалым Есет Жұбановтың да қазақ фольклорының тілін зерттеуді алғашқы болып қолға алып, өзінің өзгеге ұқсамайтын терең білімімен ғылымға өшпестей үлес қосып кеткенін ескерсек, қазақ тіл білімінде алғашқы болып жаңа бір саланың іргесін қалап, оның ғылыми нәтижелерін ел игілігіне ұсынып, соңына ерген ізбасар ғалым шәкірттеріне жол көрсете білуі Асқар Жұбановтың ғылымдағы өзіндік дара жолын көрсетеді.

Профессор Асқар Жұбанов корпустық лингвистиканың еліміздегі алғашқы ірі маманы ретінде Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филолог магистранттары мен студенттеріне математикалық және компьютерлік лингвистика пәндері бойынша дәріс беріп, осы салаға қатысты жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазды. Сондай-ақ осы саланың жас ғалымдарына жетекшілік жасап, білікті мамандар даярлап кетті.

Көпшілікке жете таныс емес формальды логика саласын тіл ғылымына қарай бұрып, қазақ тілін зерттеуде математикалық әдістерді қолдануға, сол арқылы  «машиналық аударма» жасаумен айналысатын ғылыми саланың дүниеге келіп, оның статистика, формальды модельдер, мәтін лингвистикасы, қолданбалы лингвистика, компьютерлік лингвистика, корпустық лингвистика деген атаулармен  дамуына Асқар Жұбановтың көп еңбегі сіңген еді. Қазіргі таңда қазақ тіл білімінде аталған саланың сандық технологиялармен үндесе, жаңа қырынан дами бастағанын ескерсек, Асқар Жұбановтың ғалымдағы осы жаңа саланың алғашқы бастаушылардың бірі ғана емес, оны әрі қарай алып барушы да болғанын мақтан етеміз.

«Жұбановтар әулетінің перзенті» деген атқа лайық ғалым Асқар Жұбанов  әке-шешесінің туған жері Ақтөбе өңірінің жұртшылығымен, соның ішінде әкесінің есімін иеленген біздің оқу орнымыз Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің  профессор-оқытушыларымен байланысын үзбей, сыйласып өтті. Университеттің ғылыми-педагогикалық өміріне өзінің ғылыми ақыл-кеңестерімен қол ұшын беріп, жастардың ғылыми шығармашылығына қолдау көрсетіп жүретін. Асекең Ақтөбе жеріне келген сайын университет жастарымен кездесіп, оларға  ғылыми тұрғыда ағалық, аталық ақылын айтып, қазіргідей жастарға барлық жағдайлар жасалып жатқан кезде қиындықтан қашпай еңбектенуге, оқу-білімге зейін қойып, ғылыммен шұғылдануға шақырушы еді. Тарлан тағдыр иесі: «Өмірдің жақсы да, жаман да жақтарын басымнан кешірдім, бірақ ол қиындықтардың бәрі де әкемнің нақақтан «халық жауы» атануымен салыстырғанда түк те емес» деуші еді.

Өткен заманның әділетсіздіктерін еске ала отырып, университетіміздің жақсы істеріне, жеткен биіктеріне балаша мәз болып қуанатын, жастарға батасын беретін. Университеттегі жұбановтанушы жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беруге де көп еңбек сіңірді.

Бүгінде айтулы ғалымның 85 жылдығына байланысты өзі бар саналы ғұмырын зерттеу жұмысына арнап еңбек еткен ғылым ордасы — Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Асқар Жұбанов оқулары» ғылыми тілтанымдық алаң аясында «Қазақ тілінің ақпарттық кеңестігі және ұлттық корпустар құрастыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырып, ғалым атындағы шығармашылық зертхана ашып отыр. Ал Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Жұбанов тағылымы» атты халықаралық симпозиум өткізу жоспарланған, сондай-ақ арнайы кабинет жасақталмақ. Ғалымның еңбегіне деген құрмет осылай жалғасып жатыр.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп, дана халқымыз айтқандай, қазақ тіл білімі ғылымының жарық жұлдызы атанған Құдайберген Жұбановтың даңқына сай перзенті, өзі де ғылымдағы үлкен жетістіктерімен танылған Асқар Жұбановтың халқына сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды дегіміз келеді.

 Мұхтар МИРОВ,

филология ғылымдарыны кандидаты, доцент;

Нұрбол СӘДУАҚАС,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button