Мәдениет

Сарының сазды әуені

Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, композитор, әнші Сары Батақұлына арналған «Баласы мен Батақтың, атым Сары» атты тарихи-танымдық кездесу өтті.

Артында аталы сөзі мен ізі қалған Сары Батақұлы 1893 жылы қазіргі Шалқар ауданының Талдықұм жерінде дүниеге келген. Ол – Тілеу руының Қызайынан тараған Батақтың бес баласының бірі. Жасынан ән салуға әуестеніп, ел арасында «әнші бала» атанған. Өз заманында әндері арқылы әділетсіздік пен озбырлықты әшкерелейді. Кейін үстем тап өкілдерінің қуғындауымен ол Ырғыз, Орынбор, Орск түрмелерінде болды. Орск түрмесіндегі тұтқындарды Сібірге айдап бара жатқан патша жендеттері жалған акт жасап, атып өлтіреді. Міне, солардың ішінде Сары да бар еді.

Халық арасында Сары Батақұлының «Қыз Қосан», «Дариға», «Әридау», «Дүния», «Сарының Сібірге айдалып бара жатқандағы әні», «Туған ел» атты әндері кең танымал.

Кеште филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жұбаназар Асанов Сары Батақұлының өмірі мен шығармашылығы жайында баяндама оқыды. Ал Сарының әндерін нақышына келтіре орындаған термеші Гүлмарс Асанованың өнерін жұртшылық зор ықыласпен тыңдады. Сол сияқты қаладағы №44 орта мектептің оқушысы Әсия Ғалымова ақын Ізтай Мәмбетовтің «Сал Сері» поэмасын жатқа айтып берді.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сағыныш

    Батақұлы Сары 1863-1895 жж.

    Мен шықтым Қоңыраттан елге қарай,
    Өз басымды сүйрегендей төрге қарай.
    Мен Батақтың Сарысы арындаған,
    Алланың сынағына түстім талай.

    Мен шықтым Қоңыраттан түске таяу,
    Бесті күреңді сатқан соң қалдым жаяу.
    Тарлан атқа мінген соң арқаланып,
    Ақырын сала бердім әнге баяу.

    Қарақалпақ елінде үш қыстадым,
    Көрдім ғой дүниенің тар қыспағын.
    Бұл жақта да бауырларым баршылық еді,
    Өздеріңе шексіз ғой әрдайым алғыстарым.

    Қош болыңдар ағайын-бауырларым,
    Сеземін елді сағынып жүректерің ауырғанын.
    Даланы кезіп жүрген Батақтың Сарысымын,
    Мен қиналғанда іргемнен өздерің табылғаның.

    Төте жолмен мен тарттым Әлім тауға,
    Не болсада бір Алла басым сауға.
    Қырсоңымнан Тотан бай қалмай қойды,
    Басымның қалғанын қарашы үлкен дауға.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button