Спорт

3 алтын және 5 қола

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 27-30 сәуір аралығында Ақтөбеде бокстан 2003 жылғы әлем чемпионы Галиб Жафаровтың жүлдесіне арналған ІІ халықаралық турнир өтті.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, сонымен бірге Ақтөбе облысы бокс федерациясының ұйымдастыруымен өткен бұл турнирге еліміздің Астана, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Орал, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Өскемен және Арал қалаларынан, Батыс Қазақстанның Шыңғырлау ауданынан, Қызылорда облысының Сексеуіл стансасынан, әрине, өз облысымыздан, сондай-ақ көршілес Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен жас боксшылар қатысты. Бақ сынағандар саны — 115.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған бұл турнирді ақтөбелік спортсүйер қауым Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Спорт сарайында тамашалады. Турнирдің бас төрешілігін халықаралық дәрежедегі AIBA төрешісі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елеусіз Дүйсеков атқарды.

Жүлделі орынға ие болғандар арасында біздің жерлестеріміз де бар. Атап айтқанда, ақтөбелік А. Қойбағар (48 кг) мен Т. Баймұханбетов (75 кг) және шалқарлық А. Есенжолов (44 кг) алтын жүлдеге қол жеткізсе, ал А. Дәмешов (57 кг), Г. Черкасов (80 кг), М. Демекбаев (80 килограмнан жоғары), В. Чернов (54 кг) және Е. Нәбиевтер (63 кг) қола медаль иемденді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button