Мәдениет

Ақын атына зал ашылды

Сәбит Баймолдин — 80

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында, «Оқитын өлке» акциясының аясында, ақын Сәбит Баймолдиннің шығармашылығына арналған «Жыр-ғұмыр» атты әдеби кеш өтті. Жиыннан кейін Сәбит Баймолдиннің атына берілген оқу залы таныстырылды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және аталмыш кітапхананың ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ақынның жары Жантөре мен балалары, ақтөбелік қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, ақынның туған топырағы — Байғанин өңірінен аудан әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов бастап келген бір топ мәдениет саласы қызметкерлері және кітапхананың оқырмандары қатысты.

Жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Талғат Тілеулесов биыл, «Оқитын өлке» акциясының аясында, Сәбит Баймолдиншығармашылығын насихаттау мақсатымен 219 іс-шара ұйымдастыру жоспарланғанын, олардың басым бөлігі осы кезге дейін өткенін айтты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жиналғандарға өңірде қазақтың әдебиетін, поэзиясын кеңінен насихаттау үшін жасалып жатқан шаралар, қолға алынған жобалар жөнінде әңгімеледі. Алматыдан келген ақынның жары мен балаларына: «Туған жерге хош келдіңіздер!» — деп, ақ тілегін жеткізіп, сый-сияпат көрсетті.

Одан әрі ақынның көзін көрген қаламдас інілері — «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның директоры Раукен Отыншин, белгілі ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаевтар, сондай-ақ Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов сөз сөйлеп, естеліктер айтты, ақынның болмысы, азаматтық ұстанымы төңірегінде әңгіме өрбітті.

Әр ақынның жазған жыры өз болмысымен үндес болады. Сәбит Баймолдиннің өлеңдерін оқып отырсаңыз, көбіне ел, жер қамы, Отан туралы болып келеді. Ал өмірде де ол — пендешіліктен ада, халықтың мұң-мұқтажын көбірек ойлаған адам. Өзі де: «Жетім халық — ақындары жоқ халық», — деп жазып кетті, — деді Ертай Ашықбаев.

Соңынан ақынның жары Жантөре сөз алып, кешті ұйымдастырушыларға алғыс айтты:

Сәбит екеуміз 40 жыл бірге ғұмыр кешіп, жеті бала тәрбиелеп, өсірдік. Өзім 27 жыл кітапханашы болып еңбек еттім. Бүгінде 12 немере, 5 шөбере сүйіп отырмын. Сәбиттің жырын, есімін ұмытпай, құрмет көрсетіп жатқан жерлестеріне алғысым шексіз, — деді ол.

Сондай-ақ кітапхананың екінші қабатындағы оқу залына Сәбит Баймолдин есімінің берілуі де салтанатты түрде атап өтілді. Осы залда ақын шығармашылығына арналған «Өмірі өлеңмен нұрланған» атты көрме ұйымдастырылып, кітапхана қызметкері Әйгерім Жасанова библиографиялық шолу жасады.

Ақынның қызы, Алматыдағы А.Чехов атындағы орталық қалалық кітапхананың директоры Ләйлә Баймолдина сөз сөйлеп, соңынан әкесінің жеке заттарын Байғанин аудандық музейінің директоры Ләззат Жаулинаға табыстады.

Айта кетейік, ақынның жеке кітапханасы да осы С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына тапсырылған болатын, бүгінде оның игілігін ақтөбелік оқырмандар көріп отыр.

Осы күні ақын ұрпақтарының ұйытқы болуымен оның рухына арнап ас берілді.

Қазақтың көрнекті ақыны, өлеңі ғана емес, өмірімен де ұрпаққа үлгі болуға лайық тұлға — Сәбит Баймолдиннің 80 жылдығы аясындағы шаралар одан әрі Байғанин жерінде жалғасады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button