Спорт

«Ақтөбе» сүрінді

Өткен жексенбі күні Премьер-лига командаларының кезекті кездесулері көпшілік көңілінде тосын нәтижелерімен қалары анық. Өз алаңында Көкшенің «Оқжетпесін» қабылдаған жерлестеріміз бірнеше сәтсіздікке душар болып, 1:2 есебімен тізе бүгуге мәжбүр болды.

Владимир Мұқанов «Ақтөбеге» келгелі команда өз алаңында жеңіліс дәмін татпап еді. Бұл жолы жерлестеріміздің жолы болмай, турнир кестесінде екінші орынға ойысты.

Шын чемпион ретінде кездесудегі басымдықты біздің команда алған болатын. Ал қарсыластар болса толайымен қорғанысқа мән беріп, ара-тұра ғана шабуылдарға кезек берді. Осылайша, кездесудің алғашқы бөлігінде есеп ашылмай, барлық қызық пен шыжық екінші кезеңнің үлесіне қалды. Алайда бірінші кезеңнің соңында он бір метрлік айып добын пайдаға жарата алмаған Мұрат Тілешовтің кейін бұл сәтсіздікке өкінгені хақ. Ал ойынның жетпісінші минутында төреші Самат Смақовты алаңнан қуды. Бұл келеңсіздіктен кейін біздің қорғаныстағы капитанның орны ойсырап-ақ қалды. Осындай келеңсіздікті пайдаланған қарсыластар Тимур Досмағамбетовтің голынан кейін алға шықты. Қатары азайып қалса да, қарқынын төмендетпеген жерлестеріміз кездесу аяқталуға төрт минуттай уақыт қалғанда есепті теңестіріп үлгерді. Гол авторы – Мұрат Тілешов. Ал төреші қосқан қосымша уақытта тағы сол Досмағамбетов «Оқжетпеске» жеңісті жұлып әперді. Естеріңізге сала кетсек, «Ақтөбе» өз алаңында 2004 жылы сол маусымның чемпионы атанған «Қайрат» командасына ғана есе жіберген болатын.

VI турдағы қалған кездесулердің қорытындысы мынадай:
Қазақмыс – Восток 3:2,

Қайсар – Ордабасы 1:1,

Ертіс – Тараз 0:0,

Жетісу – Қызылжар 4:0,
Локомотив – Тобыл 4:0,
Атырау – Шахтер 2:0.

Бұл турдан кейін «Тобылды» тұралатқан астаналық «Локомотив» командасы жеке дара көш бастады. Ал мергендердің басында біздің М. Тілешов тұр.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button