Спорт

Қазақ футболы сыйлаған сенсация

Ұлттар лигасы

Сонымен, Ұлттар лигасының «С»-3 тобындағы кездесулер аяқталды.

Осы топта ойнаған Қазақстан құрамасы бас жаттықтырушы Магомед Адиевтің бапкерлігімен, шетелдік БАҚ жаппай жазып жатқандай, ешкім күтпеген сенсациялық табысқа жетті.

Төрт рет жеңіске ие болып, бір рет тең ойнап, бір рет ұтылған жерлестеріміз 13 ұпаймен топ жарды. Ал Әзірбайжан — 10, Словакия — 7, Беларусь 3 ұпай жинады.

Бір саты жоғарыдағы «В» тобына 22 қыркүйек күнгі ойында мерзімінен бұрын шыққан Қазақстан құрамасы жексенбі күні Бакуде өткен соңғы кездесуде ғана жеңілді. Осылай болуы мүмкін екендігі ойын басталардан сәл ғана бұрын аңғарылғандай да болды. Мысалы, осыдан үш күн бұрын белорустар қақпасына гол өткізген қос футболшы — Бақтияр Зайнутдинов пен Михаил Габышев алаңға шықпайтыны анықталды. Асхат Тағыберген өткен кездесуде «қызыл қағаз» алғаны мәлім. Ал Сергей Малый ойынға бірінші таймның соңында қосылса, Абат Айымбетов пен Ян Вороговский алаңға екінші таймның екінші бөлігінде шықты. Оның үстіне Нұрәлі Әліптің 35-минутта алаңнан қуылуы алаң иелеріне орасан зор жеңілдік әперді. Бірінші таймда біздің қақпамызға қарата тура бірде-бір соққы жасай алмаған әзірбайжандар Н.Әліптен «құтылған» соң ғана басымдыққа ие болды. Онда да бірінші голды біз өз қақпамызға өзіміз соғып бердік.

Әзірбайжан-Қазақстан — 3:0

Гол авторлары: Александр Марочкин, автогол, 66-минут (1:0); Филип Озобич, 74-минут (2:0); Анатолий Нуриев, 90+1 минут (3:0).

Бұл, әрине, зор уайым да емес. Бір рет сүрінудің, бәлкім, жоғарыда айтқанымыздан бөлек, біз білмейтін басқа реттері де бар шығар. Қалай болғанда да, тап осы жеңіліс әрі-беріден соң қажет те сияқты көрінеді. Мұның шетжағасын айбынды бапкер Магомед Адиев те айтты. Ол өткен турдағы жеңістен соңғы желпіністен кейін қайтадан бағзы қалыпқа түсудің қиын болғанын айтты. «Тіпті осылай болғанына қуанатын да секілдімін. Әрі қарай дамуымыз үшін не істеуіміз керектігін ойлануға себеп табылды. Жалпы, жігіттеріміз шыққан тұғырға ризамын. Ілгері қарай үлкен қадам жасадық. Ал бүгінгі жеңіліс қандай осал тұстарымыз бар екендігін көрсетті», — деді ол.

Қазақстан құрамасы мен оның бас бапкері Магомед Адиев өткен асулар мынау:

3 маусым. Қазақстан-Әзірбайжан — 2:0

(Екі голды 50,60-минуттарда Абай Айымбетов соқты).

3 маусым. Беларусь-Словакия — 0:1

6 маусым. Беларусь-Әзірбайжан — 0:0

6 маусым. Словакия-Қазақстан — 0:1

(26-минутта Аслан Дарабаев гол соқты).

10 маусым. Әзірбайжан-Словакия — 0:1

10 маусым. Беларусь-Қазақстан — 1:1

(Есепті 13-минутта Абат Айымбетов ашқан болатын).

13 маусым. Қазақстан-Словакия — 2:1

(18-минутта Ян Вороговский гол соқса, 39-минутта Эльхан Астанов есепті ұлғайтты).

13 маусым. Әзірбайжан-Беларусь — 2:0

22 қыркүйек. Қазақстан-Беларусь — 2:1

(29-минутта Михаил Габышев есеп ашса, 89-минутта Бақтияр Зайнутдинов жеңіс нүктесін қойды).

22 қыркүйек. Словакия-Әзірбайжан — 1:2

25 қыркүйек. Әзірбайжан-Қазақстан — 3:0

25 қыркүйек. Словакия-Беларусь — 1:1

Жігіттеріміздің келесі жылғы ойындарына сәттілік тілейміз!

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button