Облысқа — 90 жыл

Жолдар және үздіктер

Ақтөбе-90

«1933 жылы қабылданған жол құрылысының жоспары іске аспай қалды. Төселген жолдар да техникалық талаптарға сай келмейді… Жолды салу, тегістеудіңжай-жапсары алдын-ала қаралып, нақты жоспары жасалмаған. Шалқарда, мысалы, бір шақырым жолға 700 шаршы метр көлеміндегі материал төсеудіңорнына 400-500 шаршы метр көлемінде ғана төгілген; сөйтіп, жол қабаты қажетті 10-12 сантиметрлік қалыңдықтың орнына, 7-8 сантиметрлік қалыңдықпен ғана қалды»…

Бұл — сонау 1939 жылдың басында облыстық «Актюбинская правда» (қазіргі «Актюбинский вестник») газетіне шыққан «Облысқа жақсы автожолдар керек» атты мақаладан үзінді.

Жол — ел мен елдің, өңір мен өңірдің арасын жалғайтын, байланыстыратын қатынастың ғана емес, экономиканың да іргетасы. Ертеңін ойлайтын, дамуды бетке ұстаған жұрттың, ең алдымен,қолға алатын шаруасы — жол салу. Қазақ жеріндегі көне Жібек жолының, тармақтары, бергі ғасырлардағы көші-қон, түрлі қатынас жолдары бүгінде біржола ұмытылды. Ал қазіргі жолдардың тарихы ХХ ғасырдан, соның ішінде, әсіресе, кеңестік кезеңнен бастау алатыны белгілі.

Облыс құрылған тұста біздің өңірде осы жол, қатынас мәселесі өте өткір тұрған еді. Бұған жоғарыда келтірілген шағын ғана үзіндінің өзі дәлел.

Ақтөбе мен Жаманқала арасы

1933 жылы облыс орталығын Орск қаласымен жалғайтын Ақтөбе-Қосестек-Әлімбет-Орск автомобиль жолының құрылысы жоспарланған, тіпті кейбір бөліктерде жұмыстар басталып та кеткен. Дегенмен келесі жылы-ақ бұл жобаны жоққа шығарушылар табылып, Ақтөбе-Мешіт-Троицк-Кемпірсай арқылы жүріп, одан әрі Орскіге кететін жаңа бағыт ұсынылған. Бастапқы жоба бойынша көпір салу ісіне көп күш кетеді деп есептелген. Осылайша, жол салынудың орнына дау-дамай өршігенін сол кездегі баспасөз беттерінен көреміз…

Көпірлер салу жұмысы да сапасыз жүргізілген. Әсіресе, Қарабұтақ, Ырғыз, Степной мен Мәртөк аудандарында көпір салу жоспары мүлде жүзеге аспаған. Сондай-ақ маман мәселесі де қиын болған. 1939 жылы жол саласы бойынша 125 адамды оқыту жоспарланса, іс жүзінде 19 адам ғана оқыған.

1960 жылғы дерек бойынша, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 13,9 мың шақырым болған. Бірақ кейінгі онжылдықтарда бұл көрсеткіш азая беріп, 1985 жылы өңір бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6,6 шақырым ғана болыпты. Мұныңтүрлі себептері бар еді: шаруашылықтар ірілендірілген соң, көп ауыл біржола қаңырап қалды; негізінен жергілікті халық қалыптастырған бұрынғы ескі жолдар айналма болып келсежаңа жолдар, соның ішінде, әсіресе, қатты қабат төселген жолдар төтелеп салынды, т.б.

Кеңестік кезеңдегі деректер бойынша, 1960 жылы облыстағы автомобиль жолдарының 200 шақырымы ғана қатты қабат төселген жол болса, 1985 жылы бұл көрсеткіш 4,4 мың шақырымға жеткен. Аталған жылы облыстың автомобиль жолдарындағы жүк айналымы шақырымына 516,1 мың тонна болған.

Бір жылда — 14900 мың тонна жүк

1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент темір жолының 1660 шақырымы қазақ жерінен, соның ішінде біздің өңірден өтеді. Нақ осы кезеңде өңірімізде уездік мәртебесі бар үш қала болған еді: Ақтөбе, Темір және Ырғыз. Солардың арасынан жаңа жолдың бойында жатқан Ақтөбе қаласытез өсіп-өркендеп, бүгінде еліміздегі ең ірі қалалардың біріне айналып отыр.

Ресей империясы да, Кеңес елі де қазақ даласына теміржолды біздің жерімізді гүлдендіру, дамыту, жергілікті жұрттың игілігіне айналдыру үшін әкелмегені түсінікті. «Актюбинская правда» газетінің1939 жылы17-ақпандағы санында жарияланған «Қандағаш пен Орскінің арасын жалғайтын теміржол салынуы керек» атты мақалада тап осы мәселе айтылады. Ең алдымен бұл жолдың құрылысы 1931 жылы Ақтөбе облысынан табылған никель кенін игерумен байланыстырылады. Облыстың солтүстік-шығысында тек никель ғана емес, хром, кобальт кенінің де табылғаны атап көрсетіледі. Соның ішінде облысымыздағыникель қорын тек КСРО ғана емес, бүкіл Еуропа бойынша ең бай қор деп бағалаған. Бұл, яғни Кемпірсай кен орны Орскіден 85 шақырым қашықтықта тұр, автожолмен таситын болса, тиеуге кететін шығынды есептемегеннің өзінде, өндірілген кенніңәр тоннасына 38 рубль 25 тиын жұмсалады деп есептеп шығарып, темір жолдың анағұрлым тиімділігін дәлелдейді. Оған қоса, Дөң кен орнында хромның 3 миллион тонна қоры бар екені, оның негізінен жоғары сортты екенін жазады. Бұл аз болса, қазақ жерінен Ресейге арзан ет жеткізу де жоспарланған. Сондықтан осы тұста Орскіде ет комбинаты салынған. Мақалада оған Ақтөбе, сонымен бірге Гурьев (қазіргі Атырау) және Батыс Қазақстан облыстарынан мал жеткізілетіні айтылыпты. Одан әрі Каспий мен Аралдан келетін балық, Аралдың тұзы да есепке алынған.Осыншама байлық ағылғалы тұрғанда, теміржол қалайша салынбасын?!

Осы басылымның келесі, 20 ақпан күнгі санында Қандағаш пен Гурьев арасын жалғайтын теміржол құрылысының аяқталғаны туралы хабарланған. Әрине, бұл үлкен оқиға ретінде атап өтіледі. Жолды салған жұмысшылар құрылысты 20 ақпанда аяқтауға міндеттеме алған. Бірақ ол міндеттеме 17 ақпанда орындалғанын айтып, жоғары жаққа жеделхаттар жолданыпты. Өз кезегіде облыстық партия комитеті де Қандыағаш-Гурьев теміржолы құрылысының бастығы Миошниченко мен оның саяси істер жөніндегі Колуновқа алғыс айтып, жеделхат жіберген. Сонымен 1939 жылы облысқа көрші Гурьев аймағымен байланыстыратын темір жол келген.

Ал жолдың Қандағаш-Орск бөлігі 1944 жылы аяқталған.

Деректер бойынша, 1940 жылы біздің өңір аумағынан өтетін теміржолдың жалпы ұзындығы 631 шақырым болған. Ал КСРО тарайтын тұста жалпы ұзындық 1141 шақырымға жетіпті.

Осы жолдармен 1975 жылы 12806 мың тонна жүк тасылса, 1983 жылы 14900 мың тонна жүк жөнелтілген. Мұның басым бөлігі жоғарыда айтылған кен еді: 1983 жылы жөнелтілген барлық жүктің 7773 тоннасы пайдалы қазба болды. Сонымен қатар көмір, мұнай, қара металл, ағаш отын, тыңайтқыш және, әрине, бидай тасылды. 1981 жылы облыс шаруалары теміржол арқылы жан-жаққа 1284 тонна бидай жіберген.

Өз ісінің шебері

ХХ ғасырдың 30-жылдарында теміржол құрылысына, пойыз жүргізушілері қатарына қазақ арасынан жұмысшылар тарту үшін, күшті үгіт-насихат жүргізілген. Ақтөбе депосы жанынан қазақ бригадасы құрылған. Ал осы бригаданың мүшелері: машинистер Көшербаев пен Қалдығұлов, машинистің көмекшілері Жүсіпов пен Төлегенов, от жағушылар Әбішев пен  Алмағанбетовтер 1939 жылдың қысында «СО» паровозынсу жинамай 1219 шақырымға дейін жүргізіп, социалистік жарысқа қосылған.

Ал 40-50-жылдардың ішінде теміржол саласының үздік еңбеккерлері қатарына қазақ қыздары да қосылды. Мысалы, 1957 жылы 18 ақпанда облыстық «Социалистік жол» газетіне шыққан «Пойыз жүргізудің шебері» атты мақалада (авторы — Ж. Назарбаев) Шалқар стансасының диспетчері Жадыра Ысқақова туралы жазылған: «…Бір кезде оған Қотыртас стансасының кезекшісі Қалимағанбетов өзінің жұмыс жағдайын хабарлай бастады.

— Жұп бағытқа №954 және №920 ауыр салмақты поездарын қабылдадым. Екеуі де графиктен кешігіп келді.

— Түсінікті. Бұл поездарды графиктен бұрын жөнелтуді көздеп отырмын, — деді де, Жадыра бұрынғы көмескі сызықтың үстіне жаңадан қызыл қарандашпен сызық тартты. Мұнысы «жасыл көшені» кең ашамын деген белгісі еді.

…Диспетчердің графикті ұтымды жасауының нәтижесінде уақытынан қалып келе жатқан ауыр салмақты №920 поезд Қотыртастан Шалқарға 27 минут, ал №954 поезд 13 минут бұрын жеткізілді».

Мақала авторы Жадыра Ысқақованы «поезд жүргізудің шебер командирі» атап, оның облыстық кеңестің депутаттығына кандидат екенін жазыпты.

Тарих беттерін парақтаған И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button