Мәдениет

Қос кітаптың тұсаукесері

  • Басқосу

Облыстағы байырғы екі газеттің басын қосып отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның ұжымында белгілі қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті журналисі Серікқали Байменшенің «Ғайып қалам» және «Абзатыстан» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Сөз басында айтқанды жөн көрдік, Серікқали Байменше — облыстық «Ақтөбе» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі және бас редактордың орынбасары болып еңбек еткен, газетіміздің шежіресіне алтын әріппен жазуға лайық қаламгерлердің бірі. Газетіміздің өткен ғасырдың 70-80-жылдарындағы оқырмандары, кейіпкерлері, яғни аға буын мұны жақсы біледі.

Тұсаукесер рәсімін белгілі ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев жүргізіп отырды. Ол өзінің жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде Серікқали Байменшенің қаламгер, ғалым ретінде жүріп өткен жолына, қазақтың әдебиетін, баспасөз тарихын зерттеуге қосқан үлесіне тоқтала келіп:

Журналист Серікқали Байменшенің шығармашылық жолы — біздің «Ақтөбе» газеті тарихының бір бөлшегі. Ал жақын уақытта, яғни 2024 жылы газетіміздің шыға бастағанына тура бір ғасыр толады. Бүгінгі басқосуды сол мерейтойға әзірліктің басы ретінде қабылдасақ та болады. Расында, қазір тұсаукесері өткелі отырған кітаптардың авторы ғана емес, кейіпкерлері де — біздің газеттің тарихында айрықша орны бар тұлғалар. Мысалы, «Ғайыпқалам» — ХХ ғасыр басындағы қазақтың көрнекті қаламгері, Алаштың ардақты азаматы Кенжеғали Абдуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеу еңбек. Кенжеғали Абдуллин — «Кедей» (яғни, қазіргі «Ақтөбе») газетінің алғашқы кәсіби жауапты редакторларының бірі, — деп атап өтті.

Кенжеғали Абдуллин туралы сөзді кеш иесі Серікқали Байменше былай деп жалғады:

ХХ ғасырдың 30-50-жылдарындағы қуғын-сүргін салдарынан қазақтың небір аяулы азаматтары, соның ішінде қаламгерлерінің де есімі мен шығармашылығы жұртшылық назарынан, әдеби-ғылыми айналымнан тыс қалып келгені белгілі. Солардың бірі — Кенжеғали Абдуллин. Ол ХХ ғасырдың басында «Қазақтың қамы», «Ұран» атты екі өлеңдер жинағын шығарған. Кезінде қазақ әдебиетінің тарихын жазған Сәбит Мұқанов оны қазақтың белгілі қаламгерлерінің қатарында атаған. Бірақ 1937-де репрессияға ұшырап, «Алаш қозғалысына қатысушы», «халық жауы» атанған қаламгердің есімі де, мұрасы да мүлде ұмыт болуға айналған. Ғылым жолына түскеннен кейін, Бейімбет Майлиннің шығармашылығы мен өмір жолын зерттей жүріп, Жиенғали Тілепбергенов шығармашылығының көп тұсы беймәлім, ұмыт қалғанын түсіндім. Сондықтан бейімбеттанумен бірге, жиенғалитануды да қатар алып жүру керек болды. Ал Жиенғалиды зерттеп жүргенімде, алдымнан Кенжеғали Абдуллин де «шыға келді».

Бұдан соң автор Кенжеғали Абдуллиннің өмірбаяны мен қайраткерлік жолынан көптеген мәліметтер келтірді. Ол 1896 жылы бұрынғы Ақтөбе уезіне қарасты Әлімбет болысының аумағында дүниеге келген. «Әлімбетов», «әл-Әлімбети» деген бүркеншік есімдерді пайдаланған.

К.Абдуллин 1925 жылдан бастап Ақтөбе педагогика техникумының оқытушысы, сонымен қатар губерниялық «Кедей» газетінің қызметкері болып еңбек еткен. Ал 1929-1930 жылдары газеттің жауапты редакторы болып қол қойған.

Жалпы өңірлік газеттердің тарихы әлі күнге дейін толыққанды зерттелмей келеді. Зерттелген күнде, республикалық газеттердегі қаламгерлермен теңдесетін тұлғалар табылар еді, — деді Серікқали Байменше.

Ал жиғаннама, яғни қойын дәптердегі жазбалардан құралған «Абзатыстан» кітабы «Бұрынғының айтқаны», «Ана тілінен артық не бар?», «Дана сөзден дау алыс», «Әдепкі ойлар әлеті», «Ер маңдайын бақтан бер» сынды бес бөлімнен тұрады. Мұнда әр жылдардағы хат, естелік, күнделік, қойын дәптерлерден алған пайдалы мәлімет-деректер, автордың ой-тұжырымдары, мақал-мәтелдер, тағылымды дүниелер жинақталған.

Автор сөзінің соңында өз газетінің ұжымында ұйымдастырылған осы кездесу үшін алғыс айтып, шығармашылық табыстар тіледі.

Аталған кітаптардың тұсауын кесу құрметі С.Байменшенің ұстазы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов пен ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Келдібай Еспағамбетовке берілді.

Жиында Серікқали Байменшенің ұстазы, ауылдасы Жайшылық Сартабанов, газетіміздің байырғы оқырманы, авторы Келдібай Еспағамбетов, ардагер-журналист Аманғос Орынғалиұлы естеліктер айтты. С.Байменшенің кластасы, белгілі күйші Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың күйлерін тартса, әнші, сазгер Құрманбай Қосжанов  әсерлі әндер тарту етті.

Соңында ұжым басшысы Раукен Отыншин сөз алып:

Біз Серікқали Байменшені ортамыздан шыққан белгілі қаламгер, ғалым, қазақ журналистерінің бірнеше буынының ұстазы ретінде айрықша мақтан тұтамыз.  2024 жылы «Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына 100 жыл толады. Бүгінгі таныстырылымдағы өткен кітаптың кейіпкері Кенжеғали Абдуллин, оның авторы Серікқали Байменше журналистикады ұрпақтар сабақтастығының үлгісі іспетті. Серікқали Байменше — облыс журналистикасындағы құрметке лайық есім. Сондықтан да біз оның атындағы арнайы сыйлықпен оқырмандарымызбен кездесу барысында Шалқар газетінің редакторы Мұхтар Мырзалинді марапаттадық. Осындай сыйлықтар  дәстүрлі түрде жыл сайын беріліп келеді. Газеттің ғасырлық мерейтойын лайықты атап өту үшін үлкен шаралар жоспарын әзірлеп отырмыз. Ал мерейтой қарсаңында осындай басқосудың өтуі біз үшін — үлкен қуаныш, — деді.

Шарадан кейін автор журналистер мен оқырмандарға қолтаңба қалдырды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button