Облысқа — 90 жыл

Мәдениет те майдан еді…

  • Облысқа — 90 жыл

Өткен ғасырдың 30-50-жылдарындағы баспасөзден мәдениет пен өнерге қатысты материалдар аса көп көріне бермейді. Ең алдымен, шаруашылық пен оны жүргізу, тіктеуге байланысты бітпейтін науқандар, одан соң компартия жиындары мен халықаралық жағдай жазылып, ал мәдениет пен  өнерге кезек бірде тисе, бірде тимейтін.
Әйткенмен компартияның бұл саланы әрдайым қатаң бақылауда ұстағаны белгілі: ең алдымен, оны үгіт-насихаттың күшті құралы ретінде пайдалану көзделді. «Мәдениет майданы» тек кеңестік идеологияны ғана басшылыққа алуы тиіс еді.
Тіпті 30-жылдары жұрт кино деген әлеммен енді ғана танысып жатқан тұста облыс орталығындағы кинотеатрдың өзі «Культфронт» («Мәдениет майданы») атаныпты.

 

Алғашқы қазақ киносы қалай қабылданды?

1939 жылғы қаңтардың соңында Ақтөбедегі «Культфронт» қысқы (солай деп көрсетілген — ред.) кинотеатрында көрермендерге «Амангелді» фильмі ұсынылды. Облыстық баспасөздің жазуынша, «алғашқы үш күннің ішінде кеңес өнерінің бұл тамаша туындысын 3 мың еңбеккер тамашалапты».
Орыс тілінде шығатын облыстық «Актюбинская правда» газетінде көпшілікке осы фильм, оның бас кейіпкері Амангелді Имановтың өмірі мен ерлігі жөнінде арнайы мақала да берілген. Әрине, мақала сол кездің сарынымен қазақтың бай, билерін, яғни игі жақсыларын жамандаумен басталған. Автордың айтуынша, патша қазақты осы бай, би мен хандардың «арқасында» отарлап, жаулап алған-мыс… Осылайша, халықтың санасына өз ортасынан шыққан жақсыларға деген өшпенділік сіңіріле берген.
«Амангелді» фильмі — «Ленфильм» кионстудиясының туындысы. Ол 1938 жылы экранға шыққан және Қазақстан тақырыбындағы алғашқы дыбысты көркем фильм ретінде тарихқа енді. Рөлдерде Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек пен Шара Жандарбековтер, т.б. белгілі артистер ойнаған.
Сондай-ақ баспасөзде облыстық қазақ драма театрының сол кездегі қойылымдары да хабарланып отырды. Мысалы, 1939 жылы театр Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлуын», М.Әуезовтің «Айман-Шолпанын» сахналаған. Хабарландырулар бойынша, қазақ драма театры В.И.Ленин атындағы теміржолшылар клубы сахнасында өнер көрсеткен. Қойылымдар сағат 21.00-де басталып отырған және кешкі спектакльге 16 жасқа дейінгі балаларды ертіп әкелуге тыйым салынған.

 

Шевченко күндері

Жалпы 1939 жылды облыстың мәдениет саласы қызметкерлері үлкен сынмен бастаған. Өйткені осы жылы КСРО-да украин ақыны Тарас Шевченконың 125 жылдығы кеңінен атап өтілген. Ал ақтөбелік мәдениет қызметкерлері бұл мерейтойға мүлде назар аудармай отыр-мыс.
Осы сыннан кейін В.И.Ленин атындағы теміржолшылар клубында Шевченко күндеріне қызу дайындық басталған. Клуб кітапханасы ақын шығармашылығына арнап көрме әзірлеуге кіріскен. Клуб қызметкерлері еңбек ұжымдарына барып, Т.Шевченконың өмірі мен шығармашылығы жөнінде баяндамалар оқып, кездесулер өткізуді қолға алған. Ал ақынның туған күні — 9 наурызда клубта үлкен кеш ұйымдастырылып, украиндардың драма үйірмесі Шевченконың «Назар Стодоля» трагедиясын сахналаған.

 

Ташкенттен келген театр

1940 жылдың соңында Ақтөбеге сонау Өзбекстанның астанасы Ташкенттен қуыршақ театры гастрольдік сапармен келген. Қуыршақ театры артистері алдымен теміржолшылар балабақшасында, одан соң №9 мектепте, №1 және №5 балабақшаларда өнер көрсеткен.
Ал қысқы каникул кезінде, яғни 1941 жылдың бастапқы күндерінде қаладағы барлық мектептерді аралап шығуды жоспарлапты.

 

Біздің суретші жерлестеріміз

1958 жылы Мәскеуде Қазақстан мәдениеті мен өнерінің екінші онкүндігі өткені белгілі. Осыған байланысты шыққан Қазақстан суретшілерінің каталогына ақтөбелік суретшілердің де туындылары еніпті. Бұл жөнінде облыстық «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне В.Покровский есімді автор былай деп жазыпты: «…Олардың ішінде, әсіресе, Мэлс Ержановтың суреті ерекше назар аударады. Ол 1931 жылы Жұрын ауданы, Ақтөбе облысында туған, қазір Алматыда академиялық драма театрында жұмыс істейді. Жас декоратордың Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» атты пьесасына жасаған макеті сәтті шыққан. Сондай-ақ Ақтөбедегі педучилищенің сурет пәнінің оқытушысы В.Кукуруза жолдастың суреттері де айрықша назар аударады. Оның Москва көрмесіне республиканың астанасы жайлы («Панфиловшылар паркі», «Абай атындағы опера және балет театры», «Комсомол көшесі»), Ақтөбе қаласы жайлы («Облыстық мәдениет үйі»), сондай-ақ «Гүлденген дала», «Ферросплавты шығару», «Қарабұтақ өзені», т.б. мәнерлеп салған суреттері жұртшылықтың жоғары бағасына ие болды. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы, Дзержинский атындағы совхозда 1926 жылы туған Бекболатовтың еңбегі де аса сүйсінерлік. Әсіресе, оның «Алыстағы дос», «Бүркітті аңшы» деген суреттері өте жақсы.
Жаңадан басылған каталогта суретшілердің бұдан басқа да ерекше назар аударарлық еңбектері бар».

 

Кітапты сүю

1959 жылы облыстық кітапхананың сол кездегі басшысы В.Шувякова: «Біздің халық кітапты сүйеді. Қаладан болсын, селодан болсын, кітап оқымайтын, газет-журнал жаздырып алмайтын адамды табу қиын», — деп жазыпты. Сәуір айында «Социалистік жол» газетіне шыққан «Алтын қор» атты шағын мақаласында ол сол кездегі үздік кітапханашылардың аты-жөндерін қалдырған.
Тарихтың бір сәті ретінде мұны да оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік: «Ақтөбе қаласындағы облыстық кітапхананы алып қарайық. Біздің кітапханада 100 мыңнан аса түрлі әдебиет жинақталған. Оның оқушылары да көп. Өткен жылы ғана бес мыңнан аса адам кітап алып оқыды. Биыл да кітап оқушылардың саны айдан айға көбейіп келеді. Үстіміздегі жылы 50 мың сом жұмсап, жаңа кітаптар сатып алғалы отырмыз.
Кітапхана қызметкерлері — білімді, тәжірибелі адамдар. Абонемент бөлімінде істейтін Д.Зайнуллина, оқу залының меңгерушісі Әлмұхамедова, патент бөлімінде істейтін Л.Вощинская және басқалары — Москваның кітапхана институтын бітіргендер. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген кітапханашысы Л.Якушева — кітап оқушылардың зор құрметіне ие болған адам», — деп жазыпты облыстық кітапхананың директоры.

 

Кітапханашы Ыбырай

Осы газеттегі «Кітапханашы Ыбырай» атты мақалада сол кездегі мәдениет қызметкерінің бейнесі бар. Автор О.Сәрсенбергенов оны аз сөзбен-ақ шынайы жеткізген: «Мәдени-бұқаралық жұмыста бірнеше жылдан бері үздіксіз істеп келе жатқан Ы.Әзбергенов жолдас өткен жылдың май айында Байғанин ауданының «Қопа» колхозына кітапханашы болып келген еді. Өз ісіне мұқият қарайтын жігіт мұнда келісімен кітапхана жұмысына белсене кірісіп кетті. Бұрын тәртіпке келтірілмей жатқан оқу бөлмесі түрлі плакаттар, диаграммалар, фотомонтаждармен өрнектеліп, жар газеті, жауынгерлік листоктар үзбей шығып тұратын болды. Қазірде кітапхананың 3 мың данадан астам кітап қоры бар.
Ы.Әзбергенов колхозшылар арасында өз еңбегімен де үлгілі. Ол жазғы мал азығын дайындау науқаны кезінде колхозға қолма-қол көмек беріп,ай жарым уақыттың ішінде 300-ден астам еңбеккүн тапты. Ы.Әзбергеновтің еңбектегі табыстарын бағалап, облыстық комсомол комитеті оны Құрмет грамотасымен наградтады».

 

28 домбырашы және 2 қобызшы

Өткен ғасырдың ортасында Ақтөбе педогогикалық училищесінің Ысқақ Райымбергенов жетекшілік еткен қазақтың ұлт аспаптар оркестрі қалалық көркемөнерпаздар байқауында бірінші орынды ешкімге бермейтін болған.
Бұл жөнінде «Социалистік жол» газетінің 1959 жылғы 9 ақпандағы санында жарық көрген «Қанатты күй тасқыны» атты шағын мақалада жазылыпты. Мұнда да бірқатар есім бар: «Сахнадағы бұл коллектив ВЛКСМ-нің 30 жылдығы атындағы Ақтөбе педучилищесінің домбыра оркестрі еді. Оркестр 1953 жылы студенттер күшімен ұйымдастырылған. Қазірде оның құрамында таңдаулы 28 домбырашы, 2 қобызшы бар. Оркестрді тәжірибелі, ысылған музыкант Сқақ Райымбергенов жолдас басқарады. Оркестр орындаушыларының құрамы жыл сайын училищеге келіп түсетін студенттердің есебінен толықтырылып отырылады.
Оркестрде қазақтың дамытылған музыка аспаптары — прима, тенор, альт, бас, контрабас домбыралар мен қобыздар түгел қолданылады. Үйірмеге қатысушылардың орындау шеберлігіне келетін болсақ, олар үнемі жаттығумен көп дайындықтан өткен.
Қазірде осы оркестрде құйқылжыта күй төгетін таңдаулы домбырашылар, ІІІ курс студенткалары — А.Есенқұлова, Г.Қазтуғанова, Р.Бөкенбаева, Қартпағамбетов, т.б. бар. Бір атап өтерлік сүйсінерлік жай, оркестрдегі отыз орындаушының 24-і — қыз балалар.
Училищенің ІІ курс студенткасы Роза Дошмағамбетова оркестрде қобыз тартады. Талантты жас үздіксіз үйрену, іздену нәтижесінде қобызды қазірде нота арқылы тарта білетін дәрежеге жетті. Ол — қазақ композиторларының әндері мен күйлерін қобызда шебер орындаушы музыкант. Оркестрдің сүйемелдеуімен училище студенткалары Қ.Рахметова, Ұ.Қадірбергенова, Ұ.Жұмағұлова, т.б. өзге солисткалар қазақтың асқақ әндерін тамаша орындайды.
Оркестр репертуары бай. Оның концерт программасында халық күйі «Кеңес», Құрманғазының күйлері «Бозшолақ», «Кісенашқан», «Айжан қыз» және басқа бірнеше күйлер бар.
Өткен жылдың көктемгі егіс науқаны кезінде оркестр мәдени бригада болып Қобда, Степной аудандарының колхоз, совхоздарын аралап, концерт қойды. Училищенің ұлт аспаптар оркестрі жыл сайын көркемөнерпаздар үйірмелерінің қалалық байқауында бірінші орын алып келеді.
Арадағы 4-5 жылға көз жіберсек, домбыра оркестрінің қиындықтарды жеңе отырып өткен, талмай іздену, өсу жолын көреміз. Училище оркестрі қазірде көркемөнерпаздар үйірмелерінің республикалық байқауына қызу әзірленуде».

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button