Спорт

4-тур: асудан аспайтындар анықтала бастады

  • Қазақстан Кубогы

29-31 шілде күндері Қазақстан Кубогы үшін болып жатқан ойындардың 4-туры өтті.

Кубок ойындары басталғалы «Ақтөбе» тұңғыш рет қарсыласын өз алаңында қабылдады. Бірақ стадион лық толы жанкүйерлердің үміті ақталмады. Бірінші таймда ақтөбеліктер гол соқса, екінші таймда тараздықтар қарымта жауап қайырды. Сөйтіп, бұл екі команда Кубок ойындарында екінші рет тең ойнады (0:0; 1:1).
«Тараздың» жағдайы тәуір, қазір 8 ұпайы бар. Ал «Ақтөбе» төрт кездесуде бар-жоғы екі ұпай ғана жинады, алда екі кездесу ғана қалды.
Қалай болжағанда да, «Ақтөбе» осы топтық кезеңнен әрі аса алмай қалатын секілді. «Кім не десе де, әуелде біздің топтық кезеңнен шыққымыз келді және әлі де шыққымыз келеді», — деді бас бапкер Андрей Карпович кездесуден соңғы баспасөз мәслихатында. Аузына май, әрине. Дегенмен, мына ойынның нәтижесі сенімге селкеу түсіріп тұр. Бұл ретте ақтөбелік шабуылшы Виталий Балашовтың айтқан мына сөзі көңілге қоныңқырайды: «Мүмкіндік жоқ емес. Бірақ қисынның екі жағы да ұштасуы қажет. Біреулер ұпай жинауы керек, керісінше басқа біреулер ұтылуы тиіс. Яғни барлығы бізге ғана байланысты емес. Ал біз тек ұтуға тиіспіз және әріптестеріміздің қалай ойнағанын көруіміз қажет».
Рас, бұл күні ойын уақытының 76 пайызында доп алаң иелерінің аяғында жүрді. Бірақ жерлестеріміз қақпаға дәл бағыттаған төрт доптың біреуі ғана қақпаға енгенде, қонақтардың екі ғана дәл бағыттаған соққысының біреуі жібек торды желп еткізуі ойландырады. Ақтөбеліктер соққан он бұрыштама доп та пайда әкеліп жарытпады. Талас жоқ, Виталий Балашовтың өзі пас беріп, іле-шала нәтижесіз қала жаздаған сол пасты өзі голға айналдыруы осы кездесудің ерекше сәті болды. Ал тараздық Жақып Қожамберді қақпа түбінде біздің қорғаушылар назарынан тыс қалды да, жалғыз тұрған өзіне әріптесі тастаған пасты жібек торға қарай еркін сырғыта салды.
Жарайды, тіпті Кубокқа ие болмай-ақ қоялық. Бірақ осы ойындардан соң чемпионатымыз басталады ғой. Сонда алаңға шығатындар, негізінен, осы футболшыларымыз емес пе? Футболшыларымыздың чемпионаттың соңғы кездесулеріндегі шеберліктері мен Кубок ойындарындағы мына мағынасыз жүгірістерді салыстыру тіпті де көңілге қонбайды. Бәлкім, бас бапкердің де, футболшылардың да бізге мәлім емес құпиялары бар шығар. Расымен солай болса, әрине, қуанамыз. Бірақ мына Кубок ойындарындағы төрт есептің бірде бірі толық біздің пайдамызға шешілмеуі үміт отын тіпті де лаулатып тұрған жоқ.

«Ақтөбе»-«Тараз» — 1:1

Гол авторлары: Виталий Балашов, 45+2 минут (1:0), Жақып Қожамберді, 67-минут (1:1).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Дмитрий Шомко, Әлібек Қасым, Темірлан Ерланов, Ескендір Қыбырай (Әділхан Таңжарықов, 82-минут), Юрий Логвиненко, капитан (Йоахим Адукор, 71-минут), Рамазан Оразов (Максим Самородов, 62-минут), Арман Кеңесов (Руслан Камболов, 71-минут), Виталий Балашов, Рожерио Шина, Жерар Гоу (Сердер Сердеров, 62-минут).
Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Рустам Темірхан, Артурас Жулпа.
Бас бапкер — Андрей Карпович.

30 шілде 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы стадион. 12 861 адам.

Барлық кездесулер:

«А» тобы:

«Ордабасы»-«Атырау» — 1:2
«Ақсу»-«Қайрат»» — 1:1

«В» тобы:

«Қайсар»-«Каспий» — 1:2
«Қызылжар»-«Ақжайық» — 0:2

«С» тобы:

«Ақтөбе»-«Тараз» — 1:1
«Мақтаарал»-«Тобыл» — 1:0

«D» тобы:

«Шахтер»-«Жетісу» — 4:2
«Астана»-«Тұран» — 2:1

                                                                            *   *   *

4-турдан соң «Қызылжардың» ¼ финалға өтпейтіні анықталды.
Ал «Қайрат» — 10 ұпай, «Қайсар»,«Ақжайық», «Мақтаарал» — 9 ұпайдан жинады.
«С» тобындағы жағдай: «Мақтарал» — 9 ұпай; «Тараз» — 8 ұпай; «Тобыл» — 3 ұпай; «Ақтөбе» — 2 ұпай.

                                                                           *   *   *

5-тур ойындары 5-7 тамыз күндері өтеді.
«Ақтөбе» 6 тамыз, сенбі күні өз алаңымызда «Мақтааралды» қабылдайды.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button