Экономика

Топырақ құнары қалай артады?

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласындағы басты мәселе — топырақтың табиғи құнарын сақтап, өнімнің шығымдылығы мен сапасын арттыру.  Себебі қуаңшылық пен экологиялық зардаптар және климаттың өзгеруі қуаңшылыққа соқтырып отыр. Топырақтың құнарын толықтыратын негізгі үш элемент — фосфор, калий, азот екенін ескерсек, еліміздегі егістік топырақтың 98 пайызына фосфор жетіспейді екен. Мәселен, біздің облыстың топырағының құрамында  калий көп болғанмен, фосфордың тапшылығы өнімнің шығымын азайтуда. Ал еліміз фосфордың қоры жағынан әлемде бесінші орынды иеленеді.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, техника ғылымының докторы, профессор Исатай Нұрлыбаев пен Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Агрохимия қызметі» республикалық ғылыми әдістемелік орталығы мемлекеттік мекемесінің өкілі Тілекқабыл Ермекбаев фосфор мен қоңыр көмірді араластыру арқылы алынатын кешенді тыңайтқышты біздің облысымызда да өндіруге болатынын айтады. Демек, қолда бар байлықты ұтымды пайдалана білсек, аграрлық секторда тәуір пайда түсіруге болады. Сонымен…

Фосфор және қоңыр көмір

Сексенінші жылдары Қандыағаш қаласының маңындағы Шилісай кен орнында бүкілодақтық комсомол-жастардың екпінді құрылысына айналған өндіріс жұмыс істеді. Жылына 3 миллион тонна фосфорит ұнтағын шығаратын комбинат өнімі Ресейдің өзге өңірлерімен қатар Қиыр Шығыс, Сібірге дейін  жеткізілетін. Алайда сексенінші жылдардың орта тұсында  түрлі қиындықтарға байланысты зауыт жұмысын тоқтатты. Өткен жылы ғана «Темір сервис» кәсіпорны шаруашылықты қайта қолға алды. Жылына 200 мың тонна тыңайтқыш шығаруға мүмкіндігі бар өндірістің өнімі негізінен егін шаруашылығына қолданылады.

Фосфорит ұнтағының кез келген ауыл шаруашылық өнімінің өсуіне ерекше әсер ететінін көпшілік жақсы  біледі. Мәселен, Исатай Нұрлыбаевтың айтуынша, егер осы ұнтаққа қоңыр көмірді  араластырса, олардың қосындысынан  органоминералды кешенді тыңайтқыш шығады екен. Өйткені көмірдің құрамындағы гуминді қосылыстар фосфоритті ерітіп, оның топыраққа жақсы сіңуіне әсер етеді. Әрі, егістік алқап 5-6 жылға дейін өз құнарын жоймайды. Қоректік зат бидайдың шығымы мен сапасын жақсартса, картоптың крахмалын көбейтеді. Фосфорит ұнтағы ылғалды жақсы сақтайтын болғандықтан, қуаңшылық жылдары да тиімді екен. Ауыл шаруашылығы тәжірибесі станциясында жүргізілген зерттеулер нәтижесі бойынша, 1 центнер жаздық бидай дақылы көктемгі егіс кезінде тыңайтқышсыз 20,6 мм ылғал жұмсаған. Ал фосфор тыңайтқышын пайдаланғанда 17,9 мм ғана ылғалды қажет еткен.  Бұған қоса кәдімгі аммофос тыңайтқышының қырық пайызы жердің үстіңгі жұмсақ қабатында дұрыс ерімейтін болса, фосфориттің бір ерекшелігі, толығымен еріп кетеді.

Қазір Жамбыл облысы Қаратау кен орнында осындай  тыңайтқыш өндіріледі. Бірақ ол Қазақстанның барлық сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Егер, осы өнімді өзіміздің аймақтан шығаруды қолға алсақ, экономикамызға қай жағынан да тиімді болары сөзсіз. Облыста оған қажетті шикізат көзі жетерлік. Биылғы жылы тыңайтқышты тәжірибеден өткізіп көрмекпіз. Егер, жоба ойдағыдай жүзеге асса, оны жасап шығарудың жолдары қарастырылады. Тіпті, бұл Жамбылдан шығатын өнімнен тәуір болуы мүмкін. Өйткені Қаратаудағы фосфорит өнімдері жанартаулардың жарылуынан пайда болғандықтан, тас сияқты қатты.  Ал біздің облысымыздағы өнім бұрынғы мұхит түбінің шөгіндісі, сондықтан топырақта жақсы сіңеді. Әрі, оны алу да оңайға түседі, — дейді Исатай Нұрманұлы.

Облысымызда қоңыр көмірдің де қоры мол. Ілгеріде көмірдің бұл түрі Қарғалы ауданының Қызылқайың ауылында  өндірілетін. Алайда, қызуы жоқ, тез жанып кететіндіктен жұртшылықтың сұранысына ие болмады. Исатай Нұрлыбаев егер тәжірибе оң нәтижені көрсетсе, болашақ тыңайтқыш өндіретін кәсіпорынды осы өңірден ашудың  тиімді екенін алға тартады. Мәселен, шет елде шаруалардың қол жетімділігі үшін тыңайтқыш шығаратын зауыттарға мемлекет тарапынан арнайы қаржылай көмек көрсетіледі екен. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы, фосфордың мол қоры біздің өңір мен Жамбыл облысында ғана бар. Алайда бұл аймақтағы бір зауыт сұранысты өтей алмағандықтан, сыртқа тәуелділігіміз күшеюде. Мәселен, тыңайтқыштың басым бөлігі Ресейден әкелінеді. Демек, қолда бар байлықты кәдеге жарата алмай шет елге қыруар қаржы жұмсап, өзге жұрттың шаруасын жүргізіп отырмыз.

Тыңайтқыш тиімді пайдаланылса…

Ауыл шаруашылық өнімінің шығымы мен сапасы нәрлі топыраққа байланысты. Ал топырақты құнарландырудың тиімді жолы — минералды және органикалық тыңайтқыштарды пайдалану. Дегенмен елімізде бұл жұмыстар әлі де бір ізге қойылмаған. Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Агрохимия қызметі» республикалық ғылыми әдістемелік орталығы мемлекеттік мекемесінің өкілі Тілекқабыл Ермекбаевтың айтуынша, біріншіден,тыңайтқыштар ешқандай жүйесіз қолданылса, екіншіден, топырақтың құнарлылығы ескерілмейді.

Ауыл шаруашылық өнімін, оның ішінде астықты мол алу үшін жерді пайдаланудың теориялық мәселелеріне ерекше назар аудару керек. Себебі, тыңайтқыштарды ретсіз қолдану, қуаңшылық, ылғалдың аздығы, агро техникаларды дұрыс пайдаланбау жер қыртысын бүлдіріп, астықтың сапасын нашарлатып, шығымын төмендетеді. Сондықтан  қоректік заттарды ұтымды қолдану арқылы топырақтың табиғи қалпын сақтап қалуға болады. Ал табиғи топырақтан нәр алған бидайдың тәуір өсетіні анық.

Әйтеке би, Хромтау, Қарғалы аудандарындағы егіс алқаптарының белгілі бір бөлігіне зерттеу жұмыстарын жүргізгенде, топырақтың 75 пайызында қарашірік көлемінің өте төмен екені анықталды. Осы орайда шаруалар ескеретін бір жәйт, тұқым себер алдында жерге агрохимиялық картограмма жасалу керек. Яғни, топырақтың құрамындағы фосфор, азот, калий секілді минералды тыңайтқыштардың мөлшерін анықтау қажет. Олардың көлемі мөлшерден асып немесе кем болмағаны жөн. Мәселен, шет елде егістік алқаптың көлемі кіші  болғанмен, түсім мол, әрі сапалы. Біз гектарынан 10 центнерден өнім алсақ, қуанамыз, ал олар топырақтың табиғи қалпын сақтаудың арқасында 30-40 центнерден алады. Биыл елімізде 24 миллион гектар жерге егін егілмек. Қоректік заттарды тиімді пайдалансақ, 10 миллион гектар жерден де елімізді түгел қамтамасыз ететін астық жинауға болады, — дейді Тілекқабыл  Нұрғалиұлы.

Мәселен, өткен жылы облыста 321 тонна аммиак селитрасын, 90 тонна аммофос және 36 тонна кәдімгі суперфосфат  алуға квота бөлініпті.  Биыл да бұл жұмыстардың жалғасын табатыны анық.

Сабанның пайдасы

Астықты орғаннан  кейін сабан қалдыру — органиканы жинақтаудың тиімді әдісі. Тілекқабыл Нұрғалиұлы сабанның топырақ құнарын арттыратын өте құнды тыңайтқыш екенін айтады. Мәселен, азот, фосфор, калий және органикалық заттарды түзу жағынан астық тұқымдастардың бір тонна сабаны ылғалдылығы 75 пайыз көңнің 2-3 тоннасына сәйкес келеді екен. Яғни, топыраққа араластырылған бір тонна көң орта есеппен 55-65 келі қара шірік түзсе, бір тонна сабан 170-190 келі жинайды. Демек, бұл сабанның таптырмайтын органикалық тыңайтқыш екенін көрсетеді.

Қазіргі техника сабанды ұнтақтап жіберетіндіктен, алқапта жабынды пайда болады. Бұл ылғалды жақсы сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласының мамандары осыған аса мән бергені жөн. Бірақ бұл тыңайтқышты міндетті түрде минералды тыңайтқыштармен толықтырғанда өте жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады, — дейді агенттік өкілі.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1990 жылы 1 гектар егістік алқапқа себілетін тыңайтқыш мөлшері 19 келі болса,  бұл көрсеткіш 2000 жылы — 0,7,  2010 жылы  4,4 келіге жеткен.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button