Ауыл

Азаматымен ажарланған ауыл

  • Ауыл — ел бесігі

Таяуда жол түсіп, Сарытоғай елді мекеніне барып қайттым. Мен бұл ауылдың болашағы жоқ деп ойлайтынмын. Сол сапарда ойымның қате екенін түсіндім. Себебі аптап ыстыққа қарамастан, қайнап жатқан тірлікке тап болдым. Таң қалдым. Халық аз, мектептегі бала саны да аз. Бұл жерге көшіп келушілер де жоқтың қасы. Әйтсе де жергілікті жұрт ауылды сақтап қалу үшін қанатымен су сепкен қарлығаштай жұмыла кірісіпті.

Мектеп жабылып қалмас үшін жан-жақтан көпбалалы отбасын шақырып, үймен, малмен қамтамасыз ету бірінші кезекте тұр екен. Қалада тұратын ауыл азаматтарының барлығы осы ауылдан жер алып қойыпты. Су келді, енді газ келсе үй саламыз деп құлшынып отыр.

Ауылда көзге бірінші түсетіні — «Нұрлыпес ата» саябағы екен.

Осы жобаны екі жыл қағаз бетіне түсірдім. Ауыл азаматтарының қолдауымен жүзеге асып жатыр бәрі. Көгалдандыру үшін  тал егілді, су келіп тұр. Саябақ түгел жарықтандырылды. Саябақ ішіндегі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арнап ескерткіш тақтаның да жұмысы бітуге таяу, — дейді осы істің басында жүрген ауыл азаматтарының бірі Есбол Бердімұратұлы.

Біз барғанда да тазалау, суару жұмыстары жүріп жатыр екен. Тап-таза, керемет демалыс орнына айналыпты. Саябаққа қатарлас шағын футбол алаңы орналасыпты. Оған қоса бүлдіршіндерге арналған  ойын алаңы салынып жатыр екен. Бұған аудан әкімі қолдау көрсеткен.

Сол ауылдан шыққан, қазір Қандыағаш қаласында тұратын кәсіпкер  — Жанат Шалтайұлымен таныстым. Ақкөңіл, ашық, қайырымды жан екен. Туған ауылына жиі соғып, әрдайым демеушілік жасап тұратынын естідім.

«Бейіт басына жаңа үй салып жатырмыз. Көресіз бе?» — деді. Нұрлыпес атаның басына барып зиярат еттім.  Құран бағыштаған соң, салынып жатқан құрылыс басына келдік.

Атаның басына үлкен үй салуды көптен жоспарлағанбыз. Себебі келімді-кетімді адам көп болады. Алла сәтін салса биыл бітіріп, тамыз айында үлкен ас беруді жоспарлап отырмыз. Іші де, сырты да өзгеше болады, — деді Жанат ағамыз.

Бір қызығы, ауыл азаматтары өз жұмыстарын бөліп алған.  Жанат аға атаның басындағы үйге жауап берсе, Есбол саябаққа жауапты екен. «Бірлігі мықты ел озады» деген осы болар. Мен Сарытоғай туралы бұрынғы ойдан арылып, көңілім көтеріліп, ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығына тәнті болып қайттым.

Гүлдана Қалиева,
Темір аудандық білім бөлімінің әдіскері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button