Қаланың көркі — жасыл желегі
Қала қашанда тазалығымен, жасыл желегімен сәнді. Қазір мердігер ұйымдар қала аумағына гүл егіп, гүлзарлар мен саябақтарды тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Біз қаланың тазалығына, көгалдандыру жұмыстарына жауап беретін мердігер ұйымдардың өкілдерімен тілдескен едік…
Жоба әзірленуде, келісімшарт жасалды
Биыл Ақтөбе қаласына ағаш көшеттерін егуге бюджеттен қаражат қарастырылмапты. Себебі бюджеттен қаражат бөлу үшін алдымен дендро-жоба болуы керек. Биыл жауапты мекемелер жобаны әзірлеп жатыр.
Ақтөбе қалалық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл ағаш егуге қаражат бөлінбегенімен, көктем айларында демеушілер және мердігер мекемелердің қолдауымен бірқатар аумаққа ағаш егілген. Қазір сол ағаштарды «Техпром Ақтөбе» ЖШС баптап, күтіп жатыр.
Сондай-ақ биыл қалалық әкімдік шаһардағы жасыл желекті көбейту мақсатында бірқатар мердігер мекемемен үш жылға келісімшарт жасады. Яғни аталған келісімшарт аясында мердігер мекемелер үш жыл бойы еккен жасыл желектерін күтіп ұстауға тиіс. Бұрын мұндай келісімшарт тек бір тоқсанға ғана жасалатын еді. Сонымен қатар биылдан бастап қала аумағында көпжылдық өсімдіктер егуге басымдық беріле бастады. Бұл да қаланың көркін арттырып, жыл сайын көшелер мен гүлзарлардың жап-жасыл болып тұруына әсерін тигізеді.
Былтырдан бастап қала аумағын абаттандыру, жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстары «Медина» және «InvaРrofi» мердігер ұйымдарына жүктелді. Бұл мекемелерге бюджеттен үш жылға (2021-2023 жж) 2 785,2 млн теңге қаржы бөлінген. Атап айтсақ, 2021 жылға – 869,7 млн теңге, 2022 жылға — 959, 4 млн теңге, 2023 жылға 956,1 млн теңге қарастырылған.
Екі компанияға барлығы 14 жер учаскесі бөлінген. Оның үшеуін «Медина» ЖШС алған. Келісімшарт мерзімі — 3 жыл. Ал 11 жер учаскесі «InvaРrofi» қоғамдық бірлестігіне берілген. Келісімшарт мерзімі — 2 жыл.
Бұл мердігерлер аталған аумақтарға петуния, тагетис, цинерария, сальвия, бегония, пеларгония, цинния, ценита, газания, қалампыр, раушан, барбарис, гайлардия, рудбекия, маргаритка, нивяник, шалфей, т.б. гүлдер егіпті.
— Біздің бірлестік гүл егу жұмыстарын 1 маусымда бастады. Қазір көгалдандыру
жұмыстарының 90 пайызын аяқтадық. Қала аумағын көгалдандыру жұмыстарымен бес жылдан бері айналысып келеміз. Бірлестік құрамында 40-тан астам жұмысшымыз бар. Олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.
Бүгінгі таңда қаламыздағы халықаралық әуежай, «Нұр Ғасыр» мешіті, «Достар», «Шахматшылар», «Домбыра», «Бақыт» аллеялары, Абай даңғылындағы гүлзарлар мен Сәңкібай батыр, Әлия Молдағұлова, «Батырлар алаңы», Тілеу батыр ескерткіштерінің аумағына, сондай-ақ облыс әкімдігі, қалалық Мәдениет үйі, Ардагерлер үйі маңына петуния, тагетис, басқа да онға жуық көпжылдық гүл түрін ектік. Алдағы уақытта Есет батыр шағын ауданындағы скверлерге гүл егу жұмыстарын жүргіземіз, — дейді «InvaРrofi» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділжан Қоғабаев.
Оның айтуынша, бірлестікте 30-дан астам техника бар. Жұмысшылар күнара аталған аумақтардағы газондарды, гүлдерді суарып, күтіп-баптайды.
Бірлестік төрағасы көпжылдық гүлдерді өсіру өте тиімді екенін айтады. Себебі келер жылы олар көктемде өздігінен гүлдейді. Осылайша қаланың сәнін келтіреді.
Қазіргі таңда сондай-ақ бірлестік жұмысшылары Батыс-2 шағын ауданындағы бірнеше ғимарат алдына газон төсеп, оларды суарумен айналысып жатыр.
— Жұмысшыларға күні-түні тыным жоқ. Қаланың көркі саналатын жасыл желекті суарумен, күтумен айналысып жатыр. Қала тұрғындарына айтарымыз — еккен гүлдерді жұлмай, керісінше, олардың жайқалып өсуіне үлес қосайық, қаламыздың сәнді, әдемі болуына атсалысайық, — дейді бірлестік төрағасы.
«Самғау-2030»-ға «Жасыл ел» жасағы «қосылды»
Ал қаланың тазалығына жауап беретін «Самғау-2030» ЖШС қазір жолдар мен көшелерді, тротуарларды, тұрғын үйлер аумағын санитарлық тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.
Қазір бұл мекемеде 42 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ көлік жүргізушілері және бар.
Серіктестік директорының орынбасары Наурызбек Сәрсенбиннің айтуынша, қазір мекеме жұмысшылары Мәскеу, Әуе қалашығы, Болашақ аудандарының аумағын қураған ағаштардан, шөптерден тазартып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Жасыл ел» жасағының жастары да белсене кірісіп кеткен.
— Біздің жұмысшыларымыз қазір аталған аудандарда шөп жұлу, тротуарлар мен көшелерді қоқыстан тазарту, қураған ағаштарды кесу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстарға мекеменің 40-тан астам жұмысшысы тартылды. Олар бірнеше бригадаға бөлінген. Бірі көшелерді қоқыстан тазартса, бір тобы ағаш кеседі, үшінші бригада шөп жұлады. Сондай-ақ биыл біздің мекемеге «Жасыл ел» жасағынан 9 студент келіп жұмыс істеп жатыр. Бүгінде олар Бөкенбай батыр даңғылы аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, жаяу жүргіншілер жолын шөптен, қоқыстан тазартуда. Оларға биыл жалақының 50 пайызын мемлекет, 50 пайызын біз төлейміз. Жалпы «Жасыл ел» жасағындағы жастардың жалақы мөлшері — 120 мың теңге, — дейді Наурызбек Сәрсенбин.
Оның айтуынша, «Самғау-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2016 жылы құрылған. Бұл мекеме негізінен Мәскеу, Әуе қалашығы, Болашақ аудандары мен Қарғалы, Заречный ауылдарының санитарлық тазалығына жауап береді. Атап айтсақ, Мәскеу, Әуе қалашығы аудандарына серіктестіктің жұмысшылары тазалық жұмыстарын жүргізсе, Қарғалы, Заречный ауылдарына серіктестікке қарасты кіші мердігер ұйымдардың тазалықшылары жауапты ретінде бекітілген.
«Самғау-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бригадирі Бекнұр Тоқтарәлиевтің айтуынша, қазір мекеме жұмысшылары мен «Жасыл ел» жасағының бес студенті Бөкенбай батыр даңғылында шөп жұлып жүр.
— Бригадада 4-5 адам жұмыс жасап жатырмыз. Жұмыс уақыты — таңғы 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін. Мен бригадир ретінде бұл жұмысқа жақында орналастым. Жұмысым өзіме ұнайды. Ең бастысы, қаламыздың тазалығына өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Қазір бізбен бірге жұмыс істеп жүрген «Жасыл елдің» жастарына да ризамыз. Бәрі еңбекқор, тілалғыш, өте мәдениетті қыз-жігіттер, — дейді ол.
Бөкенбай батыр даңғылының тұрғыны Алуа Жетесованың осы ауданда тұрғанына бірнеше жыл болыпты. Қаланың тазалығына әрқашан жанашырлықпен қарайтын ол мердігер мекемелердің жұмысына көңілі толатынын айтады.
— Күндіз де, кешке де көшеге шықсақ, қоқыс тазартып, гүл, ағаш суарып жүрген жұмысшыларды көреміз. Бұл мекеменің тазалықшыларының еңбегі қашан да зор. Біз соны біле тұра олардың еңбегін елей бермейміз, қоқысты шашамыз, қала тазалығына жанашырлықпен қарамаймыз. Қазір қай гүлзарға, саябаққа барсақ та, шашылған қоқысты көреміз. Әсіресе жастар осы тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. Сондықтан қала тұрғындарына айтарым, қаламыздың көркіне, тазалығына жауапкершілікпен қарайық, қаланың көркеюіне өз үлесімізді қосайық, — дейді ол.
Қала тұрғыны жыл сайын өз үйінің аумағына гүл егетінін, оны күзге дейін күтіп-баптайтынын айтады. Сондай-ақ ол немерелерін де осыған үйретіп жүр екен.
Данагүл ҚАЗИХАН.