Спорт

Тағы бір табыссыз матч

Футбол

Ойлағанымыздай болды. Қазақстанның ұлттық құрамасы Германия футболшыларымен кездесуде ешқандай ғажайып жасаған жоқ.

Жерлестеріміз  өткен жылы Астанада 0:3 есебімен ұтылса, бұл қарымта матчта 0:4 есебімен жеңіліп қалды. 3-минутта-ақ шабуылшы Мирослав Клозе тұтқиылдан гол соғып абыржытып тастаса, 88-минутта қақпаға өзінің екінші добын сүңгітіп ойынға мығым нүкте қойды. Ал осы екі аралықта, 25 және 43-минуттарда жартылай шабуылшы Томас Мюллер екі голдың иесі атанды. Бірінші таймда аяқтарына доп тиіп жарытпаған жерлестеріміздің екінші таймда шабуыл жасауға ұмтылыс танытқандары, тіпті Германия қақпасының маңайына дейін де жетіп қалған сәттері ғана ептеп шүкіршілік айтуға негіз болатын сияқты. Алда өз алаңымызда болатын Әзірбайжан (3 маусым), Австрия (11 қазан) құрамаларымен кездесулерде, бәлкім, сонша аңсатқан алғашқы голды да соғармыз, алғашқы ұпайларға да қолымыз жетіп қалар. Ал «келсең кел» деп отырған Түркия мен Бельгия өз дастарқандарының билігін қонақтарға бере қоюы неғайбіл-ау. Қалай болғанда да командамыз тап қазір қақпасына 14 доп жіберіп, еш ұпайсыз келе жатыр.

Біздің топты 5 ойыннан соң 15 ұпаймен Германия бастап келеді. Австрия 4 ойыннан соң, Бельгия 5 ойыннан кейін 7 ұпайдан жинады. Ал Түркияның 6 ұпайы (4 ойын), Әзірбайжанның 3 ұпайы (3 ойын) бар.

29 наурыз күні өтетін Түркия — Австрия, Бельгия — Әзірбайжан құрамалары кездесулерінен соң біздің топтағы жағдай біршама анықтала түспекші.

Енді өзімізге, Қазақстан футболының ішкі тіршілігіне келейік.

Қазақстан кубогы үшін таласатын командалардың ойын кестесі анықталды.

13 сәуірде «Ақтөбе» сырт алаңда «Ақжайықпен» жүздеседі. Ұтқан команда келесі айналымға шығады. Бұл ойын да ойлағанымыздай болатын шығар, яғни «Ақтөбе» өз жанкүйерлеріне тек қуаныш сыйлауға тиіс.

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button