Денсаулық

Індеттен кейін оңалтудың орны бөлек

Биыл сәуір айында облыстық фтизиопульмонологиялық орталық жанынан оңалту бөлімшесі ашылғаны белгілі. Бұл жерде COVID-19 індетімен ауырған науқастарды сауықтыру мақсатында тегін емдік шаралар жүргізіледі.

Облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы — індетке қарсы күресте алдыңғы қатарда болған ауруханалардың бірі. Бүгінде коронавирустан сауығып шыққан науқастардың денсаулығын қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінуде.

Өздеріңіз білесіздер, медицина саласының мамандары қауіпті індетті жеңу үшін екі жылдан астам уақыт күресті. КВИ-ден жазылғандардың басым бөлігі ұзақ уақыт бойы өзін әлсіз сезініп, терең тыныс алуы қиындайды, неврологиялық белгілер де пайда болады. Сол себепті індеттен сауығып шыққан тұрғындардың денсаулығын қалпына келтіру қажет. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде осындай орталықтар ашылып жатыр. Ең басты мақсатымыз — халыққа тиімді көмек көрсету. Ақтөбедегі жаңа бөлімше жылына 3 мыңға дейін емделушіні қабылдауға дайын, — дейді облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімов.

Бөлімшеде науқастарды оңалту үшін барлық жағдай жасалған. Магнитотерапия, электрофорез, массаж, емдік жаттығулар, оттегі терапиясы, ингаляция, кинезиотерапия, фитотерапия кабинеттері бар. Орталық 60 кереуетке шақталған.

Жаңа бөлімше алдағы уақытта жаңа құрылғылармен толықпақ.

— Қазіргі таңда 35 адам ем алып жатыр. Облыс аудандарынан да тұрғындар жиі келеді. Науқастар күнделікті таза ауада жаттығу жасап, бірнеше мезгіл тамақтанады, сегіз бағыт бойынша ем алады. Егер қосымша аурулары, яғни, қарсы көрсетілімдері болса, кейбір қызметтерді алмайды. Оны алдымен реабилитолог маман жіті тексереді.

Науқастар тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаларынан жолдама алып, портал арқылы ем ала алады. Емдеу курсы — 14 күн. Әзірге тек ковидпен және пневмониямен ауырған науқастарды қабылдаймыз, — дейді пульмонолог дәрігер Зухра Досанова.

Қазір бөлімшеде пульмонолог және реабилитолог дәрігерлер және 20-ға жуық медбике жұмыс істейді. Хаттама бойынша науқастар жылына екі рет ем алуға мүмкіндіктері бар.

Қатерлі індет халыққа оңайға соққан жоқ. Ауруға шылдыққаннан кейін денсаулығы нашарлап, дәрігерлерге түрлі шағыммен келетіндер әлі де көп. Бірі ішкі органдардың ауруымен жүгінсе, енді бірі жүрек ауруының пайда болғанын айтады.

— Коронавирус инфекциясымен ауырған адамның  қай-қайсысына да оңалту шаралары қажет. Аурудың негізгі асқынуларының бірі тыныс алу жеткіліксіздігі. Сондықтан өкпе жұмысын қалпына келтіріп, тыныс алу гимнастикасын дұрыс жасаған жөн. Бұл індет адам бойындағы барлық ауруды қоздырады. Қазір әлі күнге дейін жөтелден айыға аламай жүргендер бар. Вирустан кейінгі асқыну белгілері үлкендерде ғана емес, жастарда да байқалған. Әсіресе қант диабеті, инсульт, әлсіреу, тез шаршау белгілері жиі кездеседі

Бізге келген бір науқас қант диабетіне шалдыққанын айтып, емнен кейін аяғындағы жарасы жазылып, түбегейлі айығып шықты. Сондай-ақ инсультпен түскен 70 жастағы қария да арбамен келіп, өз аяғымен жүріп кетті. Сондықтан мұндай науқастар дәрігердің бақылауында болғаны дұрыс. Ем алғаннан кейін міндетті түрде жиі қимылдау керек, — дейді Зухра Досанова.

Біз барғанда емделушілер дәрігерлерге алғыстарын айтып, оңалту бөлімшесінде бар жағдай жасалғанын жеткізді.

Ырғыз ауданынан келіп ем алып жатқан  61 жастағы Күлән Молбаева КВИ-ге шалдыққан әр науқас оңалту курсынан өткені жөн дейді.

— Бұл бөлімше облыс тұрғындары үшін өте қажет. Былтыр коронавирусқа шалдығып, ұзақ уақыт емделдім. Кеселден кейін де жағдайым мәз болмады. Биылғы ораза айында қайтадан жөтеле бастадым. Терлеп, әлсіздік пайда болды. Дәрігерге қаралғанымда осындай оңалту орталығының бар екенін айтты. Қазір ақшаң болса, түрлі сауықтыру орталықтары көп қой. Бірақ дәл осы бөлімшенің ашылғаны халыққа жақсы болды. Осы жерде бір аптадан бері ем алып жатырмын. Емдік шаралары өте жақсы екен. Мамандар үш айдан кейін екінші рет келіп, тағы да ем алуыма болатынын айтты. Дәрігерлер мен медбикелер жақсы қызмет көрсетіп жатыр. Былтыр ауырған сәтте де дәрігерлердің жанкешті еңбегін көрдім. Бүгінде сол кеселден айығып келе жатқаным — медицина қызметкерлерінің арқасы, — дейді Күлән Молбаева.

COVID-19-дан кейін Динара Биманалинаның да денсаулығы сыр бере бастаған. Аурудың беті қайтқанымен, салдары оңай болмағанын айтады.

— Жасым 33-те. Қандыағаш қаласынан арнайы келіп, бүгін бесінші күн ем алып жатырмын. Әлі де болса шаршау, әлсіздік бар. Сәл салқынға шықсам, өкпе тұсым шаншып, жөтел пайда болады. Ауылдағы дәрігерлер осындай бөлімше ашылғанын айтып, ем алуға кеңес берді. Қазір жөтелім азайған секілді. Себебі күнделікті өкпеге, тыныс алу жолдарына арналған жаттығулар жасаймыз, массаж аламыз, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button