Референдум

Қазақстанның Еңбек Ері үн қосты

Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова да өзінің азаматтық таңдауын жасады. Қайсар жан кез келген саяси науқаннан тысқары қалмайтынын айтады.
Қарғалы тұрғын үй алабындағы №117 референдум учаскесіне таңғы уақыттан-ақ келушілер көп. Дені – зейнеткерлер.
– Барлық учаскелер сияқты азаматтарды таңғы сағат 7-ден бастап қабылдап жатырмыз. Бізге Рауан, Заречный-4 елді мекендерінің, жалпы осыған жақын аумақтарды мекен еткен 3 мыңға жуық адам тіркелген. Сағат 10-ға дейін солардың 40 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерді, – дейді аталған референдум учаскесінің төрағасы Ғабит Әнесов.
Саяси науқанның әділ hәм ашық өтуін 6 үкіметтік емес ұйымның өкілі, бақылаушылар қадағалап отырғанын айта кету керек.
Учаскеге келгендердің бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова:
– Мен 50 жылдан бері сайлауға қатысып жүрмін. 18 жасымнан дауысымды беріп келемін. Өйткені бұл үлкен жауапкершілік.
Мен қандай өзгеріс күтемін? Әр адам сынды тек жақсылық, атап айтсам, тұрақтылық, қауіпсіздік пен әлеуметтік әділдік.
Тұңғыш Президентке қатысты Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы айтар болсам, туыстары ретінде шектен тыс жеңілдіктерді пайдаланбауы керек дегенді құптаймын.
Жалпы, Конституция – негізгі Ата заңымыздың бұдан кейін қайта-қайта өзгертіле беруін қаламаймын, – деді.
Аталған учаскеде дауыс бергендердің арасында «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегерлері Айтмағамбетовтер отбасы да бар. Отағасы Қонай Айтмағамбетов кемел келешек үшін дауыс бергенін атап өтті.
– Енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды мұқият оқып шықтым. Қолдаймын. Бүгінгі дауысымыз Жаңа Қазақстанды құруда өз септігін тигізеріне сенемін, – деді ол.

Aйбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button