Референдум

Ел таңдауы — Жаңа Қазақстан

Алға ауданы

Республикалық референдумды өткізу үшін Алға ауданында барлығы 34 референдум учаскесі жұмыс істеді.

Аудан бойынша өз таңдауын жасауға құқылы азаматтардың жалпы саны — 26 752. Олардың ішінде жасы ең үлкені 103-те болса, ал 18-ге енді толып, алғаш дауыс берушілердің саны — 225 адам.

Ауданда 383 адам денсаулығына байланысты үйден дауыс берген. Ал Алға қаласының тұрғыны 94 жастағы Жаңылсын Базарбаева мекенжайы бойынша тіркелген 160-референдум учаскесіне баласымен бірге өзі келіп, таңдауын жасап, сол жерде әрдайым еліміздің аспаны ашық болуын тілеп, ақ батасын берді.

Барлық учаскелер бойынша дауыс беруге тізімдегі азаматтардың 62,8 пайызы, жалпы саны— 16 805 адам келген. Олардың 76,4 пайызы немесе 12 837 адам Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қолдап дауыс берді.

А.САРЫБАЙ.

Әйтеке би ауданы

Әйтеке би ауданында 30 референдум учаскесі жұмыс жасады. Дауыс беру нәтижесі бойынша референдумға қатысуға құқығы бар 13289 адамның 9174-і дауыс беруге қатысқан.

Еліміз үшін айтулы күнді Әйтеке би ауданына қарасты Ақтасты ауылдық округінің тұрғындары ерекше атап өтті. Тұрғындарды жаңа Қазақстан құруда белсенді болуға шақырған кәсіпкер, «Шыңғыс» шаруа қожалығының иесі Орынбай Жолмұратов бұл күні қазақша күрестен жарыс ұйымдастырды.  Оған Ақтасты ауылдық округіне қарайтын Толыбай және Ақтасты мектебінің оқушылары қатысып, төрт салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Барлық жүлдегерлер мен арнайы номинацияға ие болғандарға диплом мен ақшалай сыйлық табыс етілді.

Екі ауылдың және аудандық саз мектебінің өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, дауыс беруге келгендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Әйтеке би ауданы.

 

Байғанин ауданы

Байғанин ауданының халқы да референдумға белсенді қатысты. Олар халыққа жақын, ел-жұрттың сұранысы негізінде әзірленген конституциялық реформаның саяси жүйені түбегейлі өзгертетініне сенімді. Сол себепті де таңертең ертемен өз таңдауын жасауға ықыласты адамдар қарасы көп болды.

Жалпы аудан бойынша ​ 14​ 006 сайлаушы бар.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Жаниннің мәліметінше, жалпы саны 24 референдум учаскесі жұмыс жасап жатыр. Аудан орталығы Қарауылкелдіде 5 учаске бар. 18  жасқа толып, бірінші рет сайлауда таңдауын жасайтын жастардың үлесі – 115 адам.

Аудан бойынша ең үлкен тұрғын  Тұраш Құдайқұлова – 104 жаста. Ол Жаңажол ауылдық округі Оймауыт ауылында тұрады.  Комиссия мүшелері кейуананың үйіне арнайы барып, үлкен кісінің  өз таңдауын жасауына мүмкіндік жасады. Әже «Ел аман, жұрт тыныш, бейбіт заман болсын», —  деп ақ батасын берді, — дейді Нұржан Жанин.

 Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Қарғалы ауданы

Саяси науқан күні Қарғалы ауданында 15 референдум учаскесі жұмыс істеді, оның 3-еуі аудан орталығында орналасқан. Әрқайсысына түрлі қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша «EXIT POLL» өкілдері қатысты.

Бұл күні бадамшылықтар үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен мерекелік концерт те ұйымдастырылды. Бұлтты ауа райына қарамастан, референдумға келген тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі болды.

Бадамша ауылындағы Мәдениет үйінде орналасқан №240 сайлау учаскесінде дауыс беруге бірінші болып зейнеткер Боранбай Құлманов келді.

— Еліміздің болашағы біздің таңдауымызға байланысты екені сөзсіз. Сондықтан әркімнің дауысы маңызды. Бәріміз жұмылсақ, әділетті мемлекет құра аламыз. Қарғалылықтар референдумға белсене қатысып, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайды деген сенімдемін, — деді ол.

Алғаш рет дауыс беруге келген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Закира Адель саяси оқиғаның маңыздылығын атап өтті.

— Елімізде осы кезге дейін барлық өзгертулер мен толықтырулар ел Парламентінің мақұлдауымен қабылданып келді. Бүгінгі референдум — бізге берілген мол мүмкіндік. Яғни ең маңызды мәселелерді халық болып шешудің тетігі, — дейді ол.

Кәмшат БАЙХАНОВА.

Қобда ауданы

Республикалық референдумға қобдалықтар да біркісідей атсалысты.

Қобда аудандық референдум комиссиясының төрағасы Ақшолпан Оразованың айтуынша, ауданда барлығы 31 дауыс беру учаскесі жұмыс жасады. Ал референдумда дауыс беруге құқығы бар қобдалық азаматтар саны — 10803 адам.

Аудан әкімі Болат Құлов №415 учаскеде дауыс берді. Содан соң аудан әкімі учаске төрағасынан референдум жұмысының жүру барысын, тұрғындардың белсенділігін сұрады.

Айта кетейік, аудандағы барлық дауыс беру учаскелерінің жұмысы таңғы сағат 7.00-де Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Сондай-ақ дәстүр бойынша ең бірінші дауыс бергендерге, жасы үлкен қарияларға арнайы сыйлықтар әзірленген.

Барлық дауыс беру учаскелерінде көңілді әуен шырқалып, алаңдарда ауылшаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

 Ақерке МӘЛІКҚЫЗЫ,

Қобда ауданы.

Мәртөк ауданы

Саяси науқан күні Мәртөк ауданында барлығы 35 референдум учаскесі жұмыс істеді.

Аудан бойынша 19 500-ден астам дауыс берушінің 13 691-і референдумға қатысты.

Ауданға қарасты Шаңды, Егіз ата, Көкпекті, Жаңажол, Қарабұлақ ауылдары 100 пайыз дауыс берді.

Бұл күні отау құрған жас отбасы да республикалық бүкілхалықтық референдумға да қатысып, өз таңдауын жасады. Мәртөк ауылының тұрғындары Сәрсенбек Әміров пен Әйгерім Мұратқызы сайлау науқанына немқұрайды қарамай, белсенділік танытуды азаматтық парызымыз деп санайды.

— Бұл — мемлекетіміздің болашағы үшін аса маңызды науқан. Сондықтан біз де қалыс қалмай, азаматтық құқығымызды пайдаланып, таңдау жасадық, — дейді жас жұбайлар.

А.БОЛАТБЕК.

Мұғалжар ауданы

Республикалық референдумға мұғалжарлықтар да қатысып, өз таңдауларын жасады.

Мұнайлы өлкенің ел ертеңіне бейжай қарай алмайтын тұрғындары белсенділік танытып, референдум учаскелеріне ертемен келді. Референдум учаскелерінің жұмысы ресми түрде жергілікті уақытпен таңғы сағат 7:00-де Мемлекеттік Әнұранымен салтанатты түрде ашылды.

Аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Ғайният Асқаровтың айтуынша, қалалық және ауылдық округтерде 46 референдум учаскесі жұмыс істеді. Бұл жерлерде барлығы 40 796 дауыс беруші тіркелген. Оның ішінде 10 референдум учаскесі аудан орталығында, 6 учаске Ембі қаласында орналасқан.

Жем қаласы бойынша 644 дауыс беруші бар. Алғашқы болып қала тұрғыны Мәриям Жолмағамбетова келіп, Жаңа Қазақстан үшін дауыс беріп, сыйлыққа ие болды. Сонымен бірге өмірінде алғаш рет дауыс беруші Заңғар Қожабек пен осы күні мерейлі жасқа толған туған күн иесі Дәмелі Адайбекова да дауыс бергендері үшін сыйлықты болды.

Жұрын ауылында да референдумға тұрғындар белсенді қатысты.

Ауылда орналасқан 334 референдум учаскесі бойынша 804 дауыс беруші бар. Референдум учаскесіне алғаш болып ауыл тұрғыны 76 жастағы Сара Абалова келіп, дауыс берді.

Сайлаушылар таңдауларын емін-еркін жасап, кешкі сағат 20:00-ге дейін белгіленген учаскелеріне барып, азаматтық ұстанымдарын білдірді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Ойыл ауданы

Ойыл ауданында өткен референдумға 9550 дауыс берушінің 6552-сі қатысты. Бұл — 68 пайыздан астам көрсеткіш.  

№390 референдум учаскесінің төрағасы Мұрат Әлжанов алдымен комиссия мүшелері мен дауыс берушілерді құттықтап, дауыс беру тәртібін түсіндірді.
Алғашқы болып аудан тұрғыны Базар Оңайбаева дауыс берді. Қалыптасқан дәстүр бойынша алғашқы дауыс берушіге арнайы сыйлық табысталды.
Сағат 10-да учаскеге тіркелген 966 сайлаушының 589-ы дауыс беріп үлгерді. Әлішер — Ойылдағы Бақтыгереевтер отбасының мүшесі. Биыл қыста 18 жасқа толыпты. Арнайы сыйлыққа ие болған ең жас дауыс беруші:
— Қазақстанның азаматы ретінде мемлекетте болып жатқан өзгеріске бей-жай қарай алмаймын. Еліміздің болашағы — біздің белсенділігімізге байланысты. Сондықтан бүгін өз таңдауымды жасадым, — дейді.
№392 референдум учаскесіне 100-ші дауыс беруші болып еңбек ардагері Айдынғали Қоғабаев жұбайы Қоңыр апаймен келді. Осы кезге дейін бірде-бір сайлаудан қалып көрмегенін айтқан ағамыз мемлекеттің Ата Заңына енгізілетін өзгерістерді қолдайтынын айтады.
— Уақыт туғызған қажеттілік — келешектің кепілі. Немерелерімнің болашағы үшін дауыс бердім. Заң орындалуымен құнды. Сондықтан Ата Заңы қуатты елдің келешегі кемел, — дейді ол.
Ойыл ауданы бойынша ең қарт дауыс беруші — Шәмшия Аманбаева. 102 жастағы қарияның көңілі сергек болғанымен, қазір жүріп-тұруы қиындаған. Сондықтан өзі тіркелген №389 референдум учаскесіне арнайы өтініш беріпті. Аталған учаскенің мүшесі Айжан Ізімбетова көшпелі жәшікпен үйіне барып, қарияға конституциялық құқығын пайдалануға мүмкіндік туғызды. Әрі арнайы сыйлығын тапсырды. Екі ғасырдың куәсі Шәмшия апамыз ақ батасын берді.

С.ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.

Темір ауданы

Темір ауданында да референдум ойдағыдай өтті. Мұндағы саяси науқанға тұрғындардың 57 пайызға жуығы атсалысыпты.

Темір ауданындағы әлеуметтік мекеме ғимараттарында орналасқан референдум учаскелерінің саны 28 болды. Аудан орталығы, ауылдық округтердегі учаскелерге, әсіресе, зейнеткерлер көптеп келген.

— Аудан бойынша 21926 сайлаушы тіркелген. Соның 56,92 пайызы, яғни 12480 адам референдумға қатысты. Тұрғындардың белсенділігі жақсы, өз қалауымен келіп, дауысын берді. Кешкі сағат 20.00-ге дейін азаматтарды қабылдадық.

Барлық сайлау учаскелерінде келушілерге, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ байқаушыларға қажетті жағдай жасалды, — дейді Темір аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсемгүл Жұмаева.

Дауыс бергендердің қатарында аудан тұрғыны Әлижан Қылтуов та бар. «№386 референдум учаскесіне келіп, өз дауысымды бердім. Үлкен өзгерістерді күтемін. Жаңа Қазақстан тек көркейе берсін!» — деп лебізін білдірді ол.

Aйбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Хромтау ауданы

Хромтаулықтардың референдумға дауыс беру көрсеткіші жоғары болды.  Барлық дауыс беру учаскелерінде еліміздің Әнұраны ойналды.

Хромтау қаласында 10 сайлау учаскесі, ал ауылдық округтерде 18 сайлау учаскесі орналасқан. Аудан әкімі Азамат Бекет №6 мектеп-гимназиядағы №484 сайлау учаскесіне барып, өз дауысын берді. Референдумға келе алмайтын ардагерлер мен зейнеткерлерге үйден дауыс беру ұйымдастырылды. Аудан бойынша 244 адамның үйіне сайлау комиссиясының мүшелері мен бақылаушылары жылжымалы жәшік алып барды. Хромтау ауданының ең қарт тұрғындарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері 98 жастағы Васили Грецкиде өз таңдауын жасады.

Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшылары да референдумға бір кісідей қатысты. Сонымен қатар аудандағы ірі кәсіпорындарда вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер де референдумнан қалыс қалған жоқ. Қаладағы есту, сөйлеу қабілеті шектеулі жандар да арнайы көмекшілердің қызметін пайдаланып, өз таңдауларын жасады.

Хромтау ауданы бойынша дауыс берушілер саны 29116 адам болса, оның 18867-сі референдумға қатысты.

Қуандық РЕЙМОВ.

Шалқар ауданы

Шалқар ауданы бойынша 38 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов өз аймағына қарасты сайлау учаскесінде дауыс берді.

Референдумғаазаматтар белсенді қатысты. Оны 5 маусым күні  таңертеңмен сайлау учаскелеріне ағылған көпшіліктің, сайлау учаскелеріндегі кезекке тұрған халықтың қарасынан байқауға болады. Жұртшылық қоғамның әр саласындағы күрделі өзгерістерді күтіп отыр. Олар референдумды жаңа Қазақстан құру жолындағы өзгерістердің бастамасы деп біледі.

Референдум алдындағы бір ай уақытта ауданымыздағы түсіндіру тобы мүшелері — зиялы қауым, түрлі партия өкілдері, қоғамдық ұйымдар,  жастар және арнайы құрылған штаб мүшелері жиі кездесулер өткізіп, аталған науқанның маңыздылығын түсіндірді.

Референдум өткізілген  тарихи күн алдағы болатын үлкен өзгерістердің бастауы. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, біздің бірлігіміз ел ертеңі үшін, болашақ ұрпақтың бақыты үшін өте маңызды, — деді Қазақстан халық партиясының Шалқар аудандық филиалы төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Жайлыбай Айымбетов

№490 референдум учаскесіне бірінші келіп, таңдау жасаушыларға сый-сияпаттар үлестірілді. Жасы ұлғайған ардагерлеріміз үйде дауыс берді, — дейді аталған референдум учаскесінің хатшысы Гүлжан Боқаева.

Қорғанбек ИСАЕВ,

Шалқар ауданы.

Ырғыз ауданы

Ырғыз ауданында 22 референдум учаскесі жұмыс жасады. Оларда жалпы саны 8417 адам тіркелген. Референдумның нәтижесі бойынша 5671 адам, яғни тіркелген аудан тұрғындарының 67,38 пайызы дауыс берген.

Аудандық аумақтық референдум комиссиясының хатшысы Дулат Қызбергеновтің айтуынша, әр учаскеде байқаушылар дауыс беру процесін бақылаған. 22 учаскеде жалпы саны 140 адам байқаушы болып отырған. Оның 53-і «Amanat» партиясынан болса, 87-сі — қоғамдық бірлестіктердің өкілі.

  • Дауыс беру кезінде ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Тұрғындар таңғы 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейінгі аралықта өз учаскелеріне келіп, дауыс берді. Аудан бойынша 217 адамға үйден дауыс беру ұйымдастырылды. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар, қариялар, науқас адамдарды бағып отырған тұрғындар, бала күтімімен отырған аналар бар, — дейді Д.Қызбергенов.

Учаскелерге ерте келіп, белсенділік танытқан тұрғындарға, сондай-ақ алғаш рет дауыс берген жастарға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Сондай сый-құрметке ие болған жастардың бірі Ақмарал Сапарғалиқызы жуырда 18 жасқа толыпты. Ақмарал №218 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button