ПікірРеферендум

Өзгерісті өзімізден бастауымыз қажет

Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда ең алғашқы референдум осыдан 27 жыл бұрын 1995 жылы өткен. Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүкілхалықтық референдум өткізу жайлы маңызды шешім қабылдап, күні кеше яғни 5 маусым күні еліміз бойынша бүкілхалықтық референдум өтті.

Ата заңға енгізілетін өзгертулерді жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өткізу тарихи сәт болды дер едім. Жеке өзім конституциялық реформа қоғамды өзгерту және жетілдіру жолындағы әділетті қадам жасалды деп есептеймін.

«АMANAT» – елдегі жүйелі реформалар мен трансформацияны қолдаушы саяси күш. Сол себептен де партия алғашқы күндерден бастап-ақ референдумның мән-мазмұнын халыққа түсіндіру жұмысына бел шешіп кірісті. Ол үшін өңірімзден партия жанынан 14 штаб құрылды.  Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы штаб мүшелері 6 мамыр мен 3 маусым арасында 50 – ден аса іс-шара ұйымдастырып, 2500-ге жуық тұрғындармен кездесті. Бұл аманаттықтардың елдегі оң өзгерістерге қосқан тағы бір сүбелі үлесі.

6 маусым күні Мемлекет басшысы өткен референдум нәтижелері және жаңартылған Конституцияның ел болашағына қалай әсер ететіні, қандай жаңашыл бастамалардың негізі болатыны туралы кеңінен айтып, елге үндеу жасады.   «Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді», – деді ел Қ.К.Тоқаев. Әрине негізгі заңның өзгеруі өзге де заңдардың өзгеруін талап етеді, бұл алдымызда үлкен жұмыс тұрғанын меңзейді. Бір күнде өзгеретін ештеңе жоқ, бірақ дәл қазіргі кезде біздің халқымыз түбегейлі өзгерістерге саналы түрде дайын және ол үшін білегін сыбана кірісуге де даяр дер едім. Бұл үлкен істе бәріміз бірдей белсенді боламыз деп ойлаймын.

Президент үндеуінің негізгі ойы – әділеттілікті қамтамасыз ету, мейлі ол экономикада не бизнеске жасалған жағдай болсын, қарапайым халықтың күнделікті өмірі болсын, әлеуметтік мәселе не соттағы сұрақ болсын, әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі, кез-келген сұрақ әділетті шешімін табады деп сенуі алға қойылып отыр. Бұл әйтеуір қағаз жөніндегі өзгерістер емес, жаңа Қазақстан үшін жасалатын нақты қадамдар болуы әрбірімізге байланысты. Сондықтан өзгерісті қаласақ өзімізден бастауымыз қажет.

Сауромбек Рахиев,

 Ақтөбе қалалық мәслихатындағы

AMANAT партиясы депутаттық

 фракциясының мүшесі

Басқа жаңалықтар

Back to top button