Білім

Оқу жылы қалай қорытындыланды?

Маусымның 16-17-сі күндері ел бойынша мектеп бітірушілерге аттестат табысету рәсімі өткізіледі. Пандемияның салдарынан екі жыл қатарынан білім шаңырақтарында түлектер кеші ұйымдастырылмаған болатын. Биыл шараны салтанатты түрде өткізу жоспарланып отыр.

Біз облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбековамен оқу жылының қорытындысы туралы сөйлескен едік…

Дарынды оқушылар — облыс мерейі

Өңірдегі 427 мектептегі 168 мыңнан астам оқушы биылғы оқу жылын аяқтады. Соның 8044-і — мектеп түлектері. 9-сыныпты 12 573 бала бітірді. 16 077 оқушы бастауышпен қоштасты.

Биылғы оқу жылымаңызды шаралармен тұспа-тұс келді. Біріншісі, осы оқу жылында  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кеңінен атап өтілді. Екіншісі, Мемлекет басшысының  бастамасымен балаларды қорғау, оларға қамқорлық жасау мақсатында биылғы жыл Балалар жылы болып жарияланды. Атаулы жыл аясында балалардың игілігі үшін біраз жұмыс қолға алынып жатыр.

Өңірдегі мектептер оқу жылын табысты аяқтады. Білім сапасының көрсеткіші пәндік олимпиаданың қорытындысымен тығыз байланысты. Өйткені республикалық пәндік олимпиада — еліміздегі ең басты білім бәйгесі. Сол себепті бұл білім додасының қорытындысынан әр өңірдегі білім сапасының деңгейін білуге  болады. Аталған сайыста біздің өңір облыстардың арасында көш бастады.  Бұл — соңғы жылдары болмаған көрсеткіш. Командалық есеп бойынша Ақтөбе облысының құрамасы жалпы есепте Назарбаев зияткерлік мектептері мен Алматы қаласының құрамасынан соң  ІІІ орынды иеленді. Нәтижесінде облыстағы 6 мектеп республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына енді. Олар —  «Білім-инновация» лицей-интернаты, Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, Ақтөбе қаласындағы №9 гимназия, Шалқар ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы мектеп,  облыс орталығындағы №11 және №3 мектептер. Ақтөбенің қоржынында 13 алтын, 19 күміс, 27 қола медаль бар. Осы 59 бала «Қазақстанның жеңімпаздары» атанды.Бұл балалар — өңірдегі 31 мектептің оқушылары, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Айта кету керек, республикалық додада біздің өңірдің 110 оқушысы бақ сынаған. Оның ішінде облыстық білім беру ұйымдарынан —  44, аудан мектептерінен — 17, қала мектептерінен 49 бала қатысыпты.

4 сәуір мен 15 мамыр аралығында облыстағы 32 білім беру ұйымы PISA — (Programme for International Student Assessment) халықаралық зерттеуіне қатысты. Олардың жиырма алтысы — мектеп, алтауы — колледж. PISA — оқушылардың білімі мен біліктілігін бағалаудың халықаралық бағдарламасы. Зерттеудің бұл түрі әрбір қатысушы елдің білім беру жүйесінің стратегиялық мақсатын анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу қорытындысы келесі жылы шығарылады, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы.

Жазғы мектеп: 17 күн, 17 маусым 

26 мамырдан бастап облыс мектептерінде жазғы мектеп ұйымдастырылып жатыр. Мақсат — оқудағы олқылықтардың орнын толтыру.

Екі жыл қатарынан болған пандемияның салдары білім саласынада кесірін тигізді. Оқушылар қашықтан оқуға мәжбүр болды. Дегенмен жағдай қаншалықты ауыр болса да, оқу процесі тоқтап қалған жоқ. Мемлекет тарапынан балалардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалды. Мұғалімдер мен оқушылар компьютерлермен қамтылды. Дегенмен білім сапасы дәстүрлі форматта оқығандай көрсеткішке жеткен жоқ. Жазғы мектепті ұйымдастырудағы мақсат та осы —  қашықтан оқу процесі кезіндегі кемшіліктерді жою, білім сапасын арттыру, балаларға түсінбеген тақырыптарын қайталату.

Кейбір елдерде бұл мәселені шешу үшін оқу жылын ұзартуда, ал біздің елде жазғы мектеп ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Балаларға математика, физика, ағылшын тілін қамтитын негізгі пәндер бойынша икемді оқу кестесі ұсынылды. Бағдарламаға мұражайлар мен экскурсияларға бару енгізілді. Жазғы мектепте үй тапсырмалары сияқты бағалау болмайды.Жалпы, жазғы мектеп ресми түрде емес, ойын түрінде, еркін форматта ұйымдастырылуда. Күні кеше ғана Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты басшылығының бастамасымен  бір топ оқушы ата-аналарымен, мектеп мұғалімдерімен бірге тарих пәнінде Түйетөбеге барып келді. Аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Күнімайгүл  Смадияр мен қосымша білім беру педагогі Базаргүл Сейтенова оқушыларға тарихи, танымдық, тағылымдық мәні зоршара ұйымдастырды, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Айта кету керек, жазғы мектеп 1-8, 10-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылып жатыр. Шара 17 күнбойы 17 маусымға дейін жалғасады. Облыс бойынша «Жазғы мектеп» жұмысына 384 мектептің 39 016 баласы қатысуда.

Балалар жылына тартулар

Қазір 9 және 11-сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырып жатыр. 614 бала — «Алтын белгі» аттестатынан үміткер. 9-сынып оқушылары үшін орталау мектепті бітіргені туралы куәліктер 10 маусымда, ал 11-сынып оқушыларына аттестат табыс ету рәсімі 16-17 маусымға жоспарланып отыр. Салтанатты түрде өтетін шара кең көлемде аталып өтілмек.

Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, қазір ата-аналарға бұл іс-шараны шығынсыз өткізу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеппен қоштасу кешіне аниматорларды, артистерді шақыруға, мерекелік дастарқандарды ұйымдастыруға, жалға алған автокөліктермен экскурсия жасауға тыйым салынады. Сондай-ақ мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинауға болмайды.

Биыл біздің өңірде Балалар жылы аясында балалардың игілігі үшін біраз жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Облыс бойынша 11 жаңа білім ордасы пайдалануға беріледі. Шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы және ауылдардағы 56 мектеп жаңғыртылады. Облыстағы 73 мектепте 143 жаңа модификациялы пәндік кабинеттер жабдықталады. Балалар тасымалы үшін 32 жаңа автобус сатып алынады. Қосымша білім беру ұйымдарына 7000 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Бұл тиісінше7 мың балапанның жеке балабақшаларда тегін білім алуына мүмкіндік бермек. Облыс орталығында «Эталонды балабақша» құрылады.Сондай-ақ биыл 26 мектепке дейінгі ұйым ашылады. Онда 2750 балдырған тәрбиеленетін болады. 447 балаға жартылай стационар және үй күтімі жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button