Саясат

Дағдарысты басқарып үйренейік

2007 жылы басталған әлемдік қаржы дағдарысы халықаралық қаржы нарығын қатты  шайқалтты. Басқа мемлекеттермен бірге Қазақстан да оның ықпалын сөзсіз сезінді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Дағдарыстан шығу кілті» деген мақаласында осынау құбылысқа баға беріп, нақтылы әрі қатаң талдаудың арқасында оны жеңу жолдарын нұсқады. «Бүгінде елдер мен континенттерді тітірентіп тұрған жаһандық әлемдік дағдарыс – бұл адамзат әлі біліп болмаған айрықша құбылыс. Ол әлем тарихында теңдесі жоқ және әлемдік тәртіпті, барлық экономикалық бастауларды түбегейлі өзгертетін құбылыстар санатына жататыны анық. Сондықтан да оны талдауға, ой елегінен өткізуге және еңсеруге барлық ескі догмалар мен стереотиптерді қайтадан қарастыратын жаңаша көзқарас қажет. Осыған байланысты айыптылар мен кінәлілерді іздеу – қажетсіз іс. Қазір осындайлық қуатты әлемдік катаклизмді туындатқан жүйенің терең ақаулықтарын анықтауға, ең бастысы – оларды толық жою жолдарын іздестіруге жұмылу маңыздырақ», – деп шұғыл жаңарту Жоспарын ұсынды.

Президенттің Қазақстан халқына биылғы Жолдауының дағдарысқа қарсы шұғыл шараларды жүзеге асыруға тұтасымен бағытталған нақтылы құжат екені айдан айқын. Дағдарыстың бізге сырттан келгенін, оның қайнар көздері өз елімізден емес, әлемдік экономиканың   тұрақсыздығынан бастау алғанын атап өтуі әділдік. Дағдарыстан жалтару және алдын ала бәрін бірдей көре білу мүмкін емес болатын. Оны жеңуге дүниежүзілік экономиканың көшбастаушылары 10 триллионнан астам АҚШ долларын жұмсағанымен, жағдай оңалар емес. Дағдарыс Америка құрлығын, Еуропа мен Азияны уысына бұлтартпастан қысып тұр.

Бірақ қиындықтар бізді тек қана шыңдайды. Халқымыз қазіргіден жүз есе ауыр сын сәттерді де бастан кешірген. Елбасы Жолдауынан барлық қазақстандықтарды топтасуға, барлық күш пен мүмкіндіктерді біріктіруге шақыру көреміз. Президент тұрақтылықтың, келісім мен бірліктің арқасында ғана табысқа қол жеткізуге болатынын атап көрсетті. Дағдарысты жеңу Президенттің немесе Үкіметтің ғана емес, әрқайсымыздың жеке шаруамыз екенін біздің түсінуіміз аса маңызды.

Жаңа Жолдауда негізгі үш түйінді бөліп көрсетуге болады деген пікірмен келісемін: олар – топтасу мен күш біріктіру – экономика мен әлеуметтік саладағы қиындықтарды жеңудің бірден-бір жолы; әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және, үшіншіден, дағдарысқа қарсы бағдарлама көлемінде Үкімет жүзеге асырып жатқан барлық шаралар қарапайым адамдардың мұқтаждықтарына барынша жақындатылған.

Президент Жолдауында былай деп атап көрсетеді: Үкімет әлеуметтік төлемдерді және жалақыны ұлғайту жөніндегі барлық міндеттемелерді толық көлемінде сақтауға кепілдік беруге міндетті. Яғни мемлекеттің әлеуметтік саясатының мызғымастығы айқын: 2010 жылы зейнетақының, шәкіртақының және бюджетшілердің жалақысының орташа көлемі 25 пайыз, 2011 жылы тағы да 30 пайыз өседі, студенттер үшін 11 мың грант және 40 мың несие қосымша бөлініп, оларға үлкен қолдау білдіріліп отыр. Мемлекеттің көп балалы аналарға, тұрмысы нашар отбасыларына үнемі қолдау көрсетуі бүгінгі таңда өте маңызды.

Құжатта еліміздің алдында тұрған аса маңызды міндеттер айқын көрсетілген: жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта жаңғырту және жаңарту, автокөлік жолдарын салу және жөндеу, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, шағын және орта бизнеске қаржылай қолдау көрсету.

«Барша қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының жақсаруы біздің мемлекетіміз үшін аса маңызды үштұғырлы міндет болып қала береді», – деп ойын түйген Елбасымыз мемлекеттің міндеттемесі дағдарыс кезеңінің қиыншылықтарын еңсеруде қуатты тірек болатынына нық сенім ұялатады.

Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында мемлекет сыртқы тітіреністерге төтеп беретін сенімді іргетас қалап үлгерді. Мемлекетте әлеуметтік міндеттемелерді орындауға ғана емес, еліміздің экономикасын одан әрі жаңартуға да қажетті қаржы бар. Оны жүзеге асыруға бұрын Ұлттық қорға аударылуы дәстүрге айналған шикізат саласынан түсетін табыстар жұмсалатын болады. Осылайша, тұтастай алғанда, қосымша 600 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. «Бұл – уақытша, бірақ та қажетті шара. Бұл ретте біз қазіргі сәтте бар елдің жалпы резервінің сол көлемін, яғни 47 миллиард Америка долларын сақтаймыз. Бұл бізге осы дағдарыс жалғасқан жағдайда тұрақтылыққа деген сенімділік береді», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Дағдарысқа қарсы күрестің тағы басқа құралы ретінде Президент қоғамды қаржы тәртібін қатаң сақтауға шақыра, бюджеттің барлық шығынын өте үнемдеу қажеттігін айта отырып, осыған байланысты Үкіметке республикалық бюджет шығындарын оңтайластыру және бюджет қаржыларының пайдаланылуын апта сайын талдау арқылы бақылау тәртібіне нақты көшуді тапсырды. Осылайша, кемінде 350 мың қазақстандықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады деп күтілуде.

Жолдауда көрсетілгеніндей, отандық өндірісті ұлғайту, импортқа негізсізден негізсіз тәуелділікті азайту мақсатында аграрлық саланы одан әрі қолдау аса маңызды деп есептеймін. Ауыл шаруашылығы әрқашанда еліміздің сенімді тірегі болып келді және қазақстандық ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерінің зор екенін орынды мақтаныш етеміз. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 280 миллиард теңге бөлінді, ал экспортқа бағытталған инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыру жөніндегі шешім, әсіресе, ауыл шаруашылығы үшін ерекше маңызды жұмыспен қамтушылықтың жаңа стратегиясына жол ашады.

Ет-сүт өнімдерінің, жеміс-жидек, көкөніс, астық дақылдары өндірісінің көлемінің ұлғайтылуы отандық экономикаға тек қана көмектесетініне ешбір талас жоқ. Халықты жұмыспен қамту мәселесі ілгері басады, ауылдың әлеуметтік келбеті жақсарады, өз өнімдеріміз ұлттық ақшамыздың нығаюына, азық-түлік қауіпсіздігіне, экспортты әртараптандыруға жағдай жасайды. Азық-түліктің экспорттық әлеуетіне қаржы салу – дағдарыс кезеңіндегі ұтылмайтын нұсқа. Егер Қазақстан дүниежүзілік нарыққа сапалы азық-түлігімен кірсе, өзінің шын мәніндегі лайықты орнын ойып алады.

Жолдаудан көрінгеніндей, Елбасымыз Үкімет бағдарламасының және де екі бағытын – шағын және орта бизнесті және халықтың жұмыспен қамтылуы жүйесін қолдауды күшейтуді көздеп отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінің экономикалық белсенділігін қамтамасыз етуге 275 миллиард теңге бөлінді. Құрылысқа және автокөлік жолдарын қайта жаңғыртуға, мектептер мен ауруханаларды, мәдениет ошақтарын жаңартуға, мамандар даярлауға және қайта даярлауға, яғни аймақтық жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге 140 миллиард теңге бөлінеді. Мемлекет кәсіби-техникалық білім жүйесін жаңғыртуға, жас ұрпақтың кәсіптік білім алуына, жұмысқа орналасуына, өмірден өз орнын табуына қамқорлық жасайды.

Егер бұрын ауылдық елді мекендерді дамыту мәселелері әрқашанда дерлік көзден таса болып келген болса, енді олардың келбетін жақсарту жөнінде нақты нұсқау беріліп отыр.

Сумен қамтамасыз ету нысандары мен кәріздердің, жылумен қамтамасыз ету, қуатпен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына және оларды қайта жаңғыртуға лайықты көңіл бөлініп, сол мақсатта қосымша 50 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Осынау шаралардың бәрін жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы орындар аймақтық үйлестірушілер болып белгіленіп, жергілікті проблемаларды және жұмыспен қамту мәселелерін неғұрлым тиімді шешу үшін оларға қаржыны қайда жұмсау шаруасын шешу мүмкіндігі беріледі.

Дегенмен, Мемлекет басшысы мәлімдегеніндей, «әлемдік дағдарысқа, біз бастан кешіп жатқан кезеңнің қиындықтарына қарамастан, біз олардың шешілуіне ғана шоғырланып қоя алмаймыз. Біздің болашағымыз экономиканың одан әрі жаңғыртылуы мен базалық инфрақұрылымның дамуына байланысты». Осыған байланысты елімізде болашағы зор инвестициялық жобаларды қаржыландыру және жүзеге асыру одан әрі жалғасатын болады. Бұл – ең алдымен мұнай өңдеу зауыттарын жаңалау, су-электр стансаларының құрылысын салу деген сөз.

Егер Ақтөбе облысының мысалында алсақ, аймақта 250 инвестициялық, оның ішінде 54 индустриялық-инновациялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Атап айтқанда, азаматтық авиацияның авиажөндеу зауытының негізінде Ақтөбеде салынатын газ-турбиналық ұшақтарды жөндейтін және техникалық қызмет көрсететін «Айырбас» зауытының құрылысына үлкен қаржы бөлу жөніндегі француз компанияларының тілегі қаралуда. Сонымен бірге болашағы зор инвестициялық жобалардың қатарына мұнай өңдеу зауыттарының қосылуы май және авиациялық керосин сияқты мұнай өнімдерімен ішкі қажеттілікті біртіндеп қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Маусым айында Қазақстандағы алғашқы Ақтөбе битум зауыты жұмыс істей бастайды. Жоғары октанды бензин мен авиациялық керосиннің шығарылуы қамтамасыз етіледі.

Жолдаудағы «Біздің жоспарларымызда «Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ» магистральдық газ құбырын салу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының транзиттік дәлізін қайта жарақтандыру бар» деген сөздердің біздің аймағымызға тікелей қатысы бар. Биыл ұзындығы 102 шақырым және құны 25 миллиард теңге болатын Ақтөбе – Ресейдің Ақбұлақ ауданымен шекарасы автожолын 2010 жылдан бастап салуға дайындық басталады.

Облыс әкімі Е. Сағындықов атап өткеніндей, аймақтық жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау бағытында жергілікті бюджеттен жұмыспен қамту стратегиясының қаржыландыруын арттыру үшін белгілі мөлшерде қаржы, атап айтқанда, 5-7 мың адамды қамтитын қоғамдық жұмыстарға 400-500 миллион теңге бөлінеді. Жұмысын жоғалтқандар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Инвестициялар тарту және жаңа кәсіпорындар салу есебінен жыл ішінде облыста 12 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға кемінде бес миллиард теңге жұмсау тұңғыш рет жоспарлануда. Оның жүйелері 80 пайыз ескірген. Оның сыртында маусымдық сипаттағы қосымша кемінде 3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізу жөніндегі үлкен жұмыс көлемі көзделуде.

Білім және денсаулық сақтау нысандарының материалдық және техникалық базасын жақсарту ерекше назарда тұр. 16 мектептің, 18 балабақшаның және 15 аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Ақтөбеде ғана қазіргі заманғы халықаралық талапқа сай 7 денсаулық сақтау нысаны салынуда. Олардың қатарында онкологиялық аурухананың маңайындағы облыстық көп бейінді және облыстық балалар ауруханалары, Тұрғындар қалашығындағы, Әуе қалашықтағы және Саяжайдағы 250 адамдық емханалар, офтальмологиялық аурухана, Ақтөбе қаласының Қарғалы ауылындағы перзентхана бар. Сонымен қатар қазірде облыс орталығында перинатальдық орталық салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Агроөнеркәсіптік кешен жөнінен дайын өнімді экспорттауға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұған жүнді алғашқы өңдеуден өткізу фабрикасын жаңғырту, сүт-тауар фермаларын, құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын, жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін жаңбырлатқышпен суарып өсіретін жылыжайларды ұйымдастыру және дамыту жатады.

Қазіргі таңда 73 құрылыс нысанының мемлекеттік сараптамадан өткен жалпы құны миллиардқа жуық теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттары бар.

Дағдарысқа қарсы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан шаралардың кең құлаштылығының айқындығы мен теңдессіздігі біздің еліміздің қомақты экономикалық қор мен саяси тұрақтылыққа ие держава екенін сипаттайды. Жолдауда нақтылы жауаптар мен тәуелсіздік жылдарында жинақталған тәжірибе есепке алына отырып, еліміздің одан әрі дамуының нақтылы бағыттары берілген. Мемлекет басшысының Жолдауынан әрбір қазақстандықтың өзін толғандырған сұрақтарына жауап тапқанына сенімдімін.

Егер әрбір азамат мемлекет өзі туралы ойлайтынын және өзін әрқашанда қорғайтынын білсе, дағдарысқа қарсы тұру әлдеқайда жеңіл болады. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Партияның облыстық филиалдары жетекші рөл атқаруға міндетті. Біз дағдарысқа қарсы қоғамымыздағы кең көлемді қозғалыстың басында тұрып, қиын кезеңде өз сайлаушыларымыздың сенімін ақтауға тиіспіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғамдық және саяси күштер бірігуге, бейбітшілікке және келісімге апаратын жолды сөзімен де, ісімен де көрсетуге міндетті. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның бар екенін және жұмыс жасайтынын әрбір қазақстандыққа жеткізудің қазірде өмірлік маңызы бар. Ешкім де өз қиындықтарымен бетпе-бет, шеттеп қалмас үшін әрбір ұжымда, әрбір елді мекенде, әрбір үйде түсінік жұмыстары жолға қойылуы қажет.

Иран ӘМІРОВ,

ҚР Парламентінің Сенат депутаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button