Ауыл

Қатты қалдықтарды сұрыптау ісін қолға алды

Мәртөк ауданында мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, кәсіп ашып жатқандар көп. Солардың бірі Сарыжар ауылының тұрғыны Әсел Қожашева.  

Ол былтыр «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 5 миллион теңге грантқа қол жеткізіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, сұрыптау ісін қолға алды. Осылайша кәсіпкер экологияны таза ұстауға айтарлықтай үлес қосып отыр.

— Полиэтилен өнімдер қоршаған ортаны ластайды. Ол биологиялық түрде ыдырамай ұзақ жылдар жата береді. 

2018 жылы бала күтімімен үйде отырған кезде қандай да бір іспен айналысуға ниеттендім. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Мәртөктегі кәсіпкерлік оқу орталығында «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша курс оқып, сертификат алдым.

2019 жылы Сарыжар ауылында тұрмыстық күл-қоқыс шығару қызметін аштық. Екі жыл аралығында ауыл тұрғындарынан қоқыстарды қабылдап, Ақтөбе қаласындағы полигонға тасып жүрдік. Кейін мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз 5 миллион теңге грантқа ие болдым. Ауыл шетіндегі полигон аймағынан арнайы ангар салып, 2 жарым миллион теңгеге кәсібімізге қажетті 50 тонналық гидравликалық құрылғы сатып алдық, — дейді Әсел.  

Оның айтуынша, негізінен, қайта өңдеуге қағаз-картон, пластмасса жәшіктер, қаңылтыр ыдыстар мен басқа да  тұрмыстық қалдықтар қабылданады. Мұның барлығын арнайы құрылғы арқылы жинақтап, зауытқа тапсырады.

Біздің ауылда 5 мыңға жуық тұрғын бар. Алайда олардың 40 пайызы ғана бізбен келісімшартқа отырды. Біз осы тұрғындардың үйлерінен аптасына екі рет қоқыстарын тиеп әкетеміз. Қалған ауыл тұрғындарына да әкімдік тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілсе дейміз.

Алдағы уақытта аудан орталығына жақын басқа да ауылдарды қамту, тұрмыстық қалдықтарды өңдеп шығару жоспарда бар. 

Жалпы елімізде бизнес бастауға, сондай-ақ қолға алған кәсібіңді кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, жақсы идея болса болғаны, — дейді кәсіпкер.

Дамыған елдерде қоқыс қалдықтарын сұрыптау және оны қайта өңдеу белгілі бір жүйеге келтірілген. Шетелдіктер оған құнды шикізат ретінде қарайды.

Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 млн тонна қоқыс шығарылады екен. Мұндай тиімді тәсілдің дұрыс жүзеге асуы тұрғындарға тікелей байланысты.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button