Жеңіс

Ардагер есімі ұлықталды

Жеңіс күні қарсаңында екінші дүниежүзілік соғысының және ішкі істер саласының ардагері Михаил Диденконың құрметіне мемориалды тақта орнатылды. Іс-шара Жеңістің 77 жылдығы мен Қазақстан полициясының 30-жылдығына арналған.Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Айбек Көпенов, ардагерлер, полиция департаменті басшылығы, Ақтөбе заң институты және аумақтық қала бөліністерінің жеке құрамы, соғыс ардагерінің жақындары мен тұрғындар қатысты.
Михаил Диденко ІІІ Белорус майданының 5-ші соққы әскерінің 92-ші дивизиясының 203-ші атқыштар полкінің құрамында соғысқан. Пулемет батальонының бөлімше командирі болған. Майдан алаңында Белорусия, Литва, Шығыс Пруссияны азат етуге атсалысып, фашист әскерінің қамалы саналған Кенигсбергке шабуыл жасауға қатысады.Жас сарбаз жеңісті 19 жасында 1945 жылдың мамырында Пиллау портында (Шығыс Пруссия) қарсы алады. Майданнан қуанышты хабар жеткен соң полк құрамы таратылып, Михаил Диденко Мәскеу әскери округінде күрделі аэродром құрылысы Орталық басқармасының 208-әскери базасының құпия іс жүргізу бөлімінің басшысы болып қызметке орналасады. Кейін көрсеткен ерлік істеріне орай  Қызыл Жұлдыз, Отан соғысы ордендерімен, «Әскери еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», басқа да бірнеше медальдармен марапатталған. Михаил Диденко орыс жерінде әскери істің қыр-сырын меңгеріп 5 жыл жұмыс істеген соң 1949 жылы елге оралып, еңбекке араласады. Облыстағы ішкі істер органдарында еңбек етеді. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыспен айналысып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне белсене араласты, кәсіби дағдылары мен  біліктілігімен жас полиция қызметкерлерімен бөлісті.Полиция полковнигі 20 жылдан аса уақыт құқық қорғау саласындағы қызмет барысында 4 генерал, сондай-ақ өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынкөптеген білікті кадрларды тәрбиеледі.

Бекет АЙСҰЛТАН, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің инспекторы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button