Білім

Робототехника жан-жақты дамытады

Робототехника оқушыларға XXI ғасырдың жаңа технологиялық жетісіктерімен танысуға, IT-технологияларды тез меңгеруге мүмкіндік береді.  Ақтөбе өңірінде робототехника үйірмесіне қатысатын балалардың саны артып келеді.

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында «Fablab» робототехника шеберханасы бар. Қазір мұнда 7-15 жас аралығында 50 оқушы білім алып жатыр. Олар қазір lego конструкторы арқылы роботтарды құрастырып, бағдарлама жасап, есептер шығарып үйренеді.

Шығармашылық академиясындағы қосымша білім беру педагог-модераторы Ерлан Марат робототехниканы меңгерген оқушы инженерлік, программистік, техникалық мамандықтарды да еркін игеретінін айтады. Оқушылар бағдарлама жасау барысында математика, информатика, физика пәндерінің формулаларын қолданады.

— Робототехника бірнеше пәнді бір арнаға тоғыстырады. Құпияға толы бұл сала балаларды төзімділікке, әр ісіне тиянақтылықпен қарауға, икемділікке үйретеді.

Бізде оқу бағдарламасы 5 жылға құрылған. Оқушылар аптасына 2 рет үйірмеге қатысады. Роботтарды құрастырып, оған белгілі бір мақсат қояды. Қазіргі таңда бұл  үйірме  оқушылардың бос уақыттарын пайдалы да көңілді өткізетін орынға айналды. 

Шеберхана lego mindstorms ev3, arduino жинақтармен, бағдарламалауға арналған компьютерлермен толық қамтамасыз етілген.

Соңғы екі жылдан бері пандемияға байланысты ірі байқаулар өткен жоқ.

Биыл оқушыларым облыстық «Большие гонки» чемпионатына қатысып, 3 категория бойынша 2-орындарды еншіледі. Алдағы уақытта шәкірттеріміз жоғары нәтиже көрсетіп, биіктерден көрінетініне сенемін.

Бәсекеге қабілетті, білімді болудың бірден-бір жолы — өнер, ғылым, техникаға бет бұру. Қазірден бастап робототехника саласын еркін меңгерсек, жаңа технологияларды дамыта аламыз, — дейді Ерлан Марат.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button