Жеңіс

Тыл еңбеккерлерінің ерлігі

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен елде қалған әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені тарихтан белгілі.

Жеңіс күні — соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын.

Еңбекке ерте араласты

Тылдағы тірліктің бел ортасында жүргендердің бірі — Шәмшия Аманбаева.

1920 жылы Ойыл ауданында дүниеге келген Шәмшия әже еңбекке ерте араласты. Сұрапыл соғыс уақытында ауылда сиыр сауып, елмен бірге майы мен қаймағын майдан даласына жөнелтіп тұрды.

— Біз азамат соғысы жылдары дүниеге келген ұрпақпыз. Ашаршылық та бізден айналып өтпеді. Ол кезде үстімізге таңдап киетін киім де, талғап ішетін тамақ та болмады.  Кейін ес біліп қалған кезде соғыс басталды. Ауладағы жалғыз сиырды сауып, майы мен қаймағын майдан даласына жөнелттік. Бар жиған-тергеніміз соғыстағы жауынгерлерге тиесілі еді. Соқамен жер жыртып, сабан айдайтынбыз. Қара жұмыстан қашпадық. Азаттықты ғана аңсадық... Жеңіс үшін тер төгіп, жеңіс үшін жігерлендік.

Ерлеріміз Отанды қорғаса, біз елде отырып оларға тілекші болдық. Бүгінгі бейбіт күнге мың да бір шүкіршілік ету керек. Лайым тыныштық болсын!дейді ардагер.

Жолдасы әскерге аттанып, кейін елге оралатын кезде Ұлы Отан соғысы басталып, майданда қалған. Екеуі 11 баланы дүниеге әкеліп, жетілдірді. Бүгінде сол ұрпақтарымен шуақты күн кешіп жатыр.

— Біз көрген бейнетті ұрпағымыз көрмесін. Еліміз өсіп, өркендей берсін. Тек жер бетінде тыныштық заман болып, ұрпағымыз аман болсын. Бейбіт күннің байрағы биік тұрсын, —  деп тілегін білдірді Шәмшия әже.

Үлкендермен бірге үлес қосты

1932 жылы Әйтеке би ауданындағы 22партсъезд кеңшарында (қазіргі Қамқұдық ауылы) дүниеге келген Сәлима Мұқанованың да балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап келді.

Майданда жүрген сарбаздарды азық-түлікпен, керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін еңбекке ерте араласты. Анасымен бірге өгіз айдап, жер жыртты, егін егіп, бидай-тарыны майданға жөнелтуге атсалысты.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұран балаларды да жігерлендірді. Олар соғыс жылдарындағы ауыртпалықтарды әлі де еске алып отырады.

Сәлима Мұқанова 19 жасында Шалқар ауданына тұрмысқа шықты. Жолдасы Жиеней Мұқанов қатардағы қарапайым жұмысшы болып еңбек етіп, кейін 3 жылға әскери борышын өтеуге аттанған.

Бүгінде ардагер — «Алтын алқа» иегері. 8 баласынан тараған немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты әже.

Бел жазбай өткен балалық

Ақтөбе қаласындағы тыл еңбеккерлерінің бірі Мәрия Өксікбаева биыл 97 жасқа толды. Қызы Галина Нұрғалиеваның айтуынша, ардагер Атырау облысында дүниеге келген.

— Басына түскен  ауыртпалықты  көтеріп, қиыншылықтарды жеңе білген, ғасырға жуық өмір сүріп келе жатқан аяулы анамыз бүгінде өзінің ұрпағына өмірдің түзу жолын сілтеп, оларды Отанына, туған халқына адал еңбек етуге тәрбиелеуде.

Сол кездегі қаршадай ғана қыз үлкендермен егістікке шығып, бидай орған. Өздері ашқұрсақ жүрсе де, қолдан тоқыған бұйымдарын соғыста жан беріп, жан алысып жүрген жауынгерлерге жіберіп отырыпты, — дейді арадагердің қызы.

Мәрия Өксікбаева 22 жасында Ойыл ауданының Саралжын ауылына келін болып түскен. Жолдасы Сақып Өксікбаев екеуі төрт бала өсіріп, өндірді.

— Әкеміз 31 жасында өмірден ерте озып, анам бәрімізді жеткізді. Ойылда дүкенші, интернатта шаруашылық бөлімінде меңгеруші болып, әртүрлі салада еңбек етті, — дейді Г.Нұрғалиева.

Мәрия Өксікбаеваның басты байлығы — шаттыққа толы шаңырағы.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

                                                                             

ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕС…

Мереке қарсаңында балалық шағын соғыс ұрлаған Базар Молдашева әжемізбен де тілдескен едік. Ол 1934 жылы «Қызылсай» ұжымшарындағы 5-фермада дүниеге келген.

— Соғыс басталғанда 7 жаста едім. Әкем соғысқа аттанып, сол кезде соңғы рет көрдім. Араға бір апта салып, оның туған ағасы, басқа да жақындарымыз майданға аттанды. Бауырларымның арасындағы үлкені өзім едім. Үйде үш қыз, бір ұл, әжем мен анам қалдық.

Қиын кездер еді… Бала болсақ та, егіске барып шөп жұлып, сауыншыларға көмектестік. Тарыны торғайлардан күзеттік. Өгізді арбаға жегіп, шөп жинайтынбыз. Ал  кешкісін соғысқа кеткен ер-азаматтарға қолғап, шұлық тоқыдық. Бір бөлмеде 3-4 отбасы болып тұрушы едік. Осылай жүріп 4 жылдық мектепті тәмамдадық. Соғыстан кейінгі жылдар да біз үшін оңай болмады, — деп еске алады Базар әже.

Базар Молдашева 1955 жылы тұрмысқа шыққан. Жолдасы ауылда малшы, өзі сауыншы болып қызмет атқарған. 1984 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Бүгінде екі ұлы мен төрт қызынан тараған жеті немересі мен үш шөбересінің қызығын көріп отыр.

— Еңбегімді елеп-ескеріп, «Тыл ардагері», «Еңбек ері» секілді төсбелгілер тақты. 9 мамыр қарсаңында жастар келіп жағдайымды сұрап, сыйлықтарын тарту етіп тұрады. Біз көрген қиыншылықты Алла сіздерге көрсетпесін. Көргендерің қуаныш, замандарың тыныш болғай, —  деп ақ бастасын берді.

 Есболат ЖӨКЕШҰЛЫ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button