Ауыл

Құт қонған қожалық

Ел экономикасын алға жетелейтін ауыл шаруашылығын дамыту үшін төрт түлік малдың тұқымын асылдандыру өте маңызды. Соңғы жылдары шаруалар тұқымы азып кеткен жергілікті малдың орнына қазақтың төл малы — ақбас сиырды көбейтуді қолға алды.

Солардың бірі —мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отырған Мұғалжар ауданындағы «Дастан-1» шаруа қожалығы.

«Дастан-1» шаруа қожалығы Жұрыннан Орқашқа қарай бет алғанда жол бойындағы бұрын Бесінші деп аталған елді мекеннің орнында орналасқан. Қазақтың ақбас сиырын өсіріп отырған қожалықта дәл қазір көктемгі қарбалас, мал төлдеп жатқан уақыт. Қауырт тірліктен қолы босамай жатқан қожалық иесімен аз-кем әңгімелескен едік.

«Дастан-1» шаруа қожалығының басшысы Аманжол Сүйінбаевтың айтуынша, тұқымы азған малдың берекесінен бейнеті басым болады.

— Әдетте малшылар қорадағы малын сатып, ақша қылады. Ырыс-несібесін де содан айырады. Жергілікті малды сою үшін екі рет қыстатамыз. Екі қыста қаншама жемшөп жейді? Бірақ мал баққан қазақ өз еңбегін ақшаға шағып, есептемейді. Қыстағы бейнеті мен жазда соңында жүретініңді, бақташыға төлейтініңді есептесең, әжептәуір қаражат қажет. Сонда пайдасы қайсы?

Содан біз де ойлана келе бұзау сатып алып, әуелі қорадағы малымызды көбейттік. Сегіз бас жинаған соң, ағаларыммен ақылдаса келе,қара малдың қоңдысы — ақбас сиырды өсіруді жөн көрдік. Қазақтың ақбас сиыры — етті тұқым. Ыстыққа, суыққа төзімді. Көбіне күй талғамайды. Өзге асылтұқымдыларға қарағанда ұтымдысы — қысы-жазы қамап бақпайсың, өзі жайыла береді. Бізге де керегі — осы. Сөйтіп, ауыл шаруашылығын қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар арқылы малды асылдандыруды қолға алдық. 2013 жылы әкімдіктен жер сұрап, қожалық құрдық. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 5 миллион теңге несие алып, шамалы мал мен шөп престейтін техника алдық, — дейді Аманжол Жайылханұлы.

Кәсіпкердің келіншегі Әсел Жақсылыққызының айтуынша, олар ет сатумен де айналысады. Сенбі-жексенбі күндері Қандыағаштың базарында ет сатады. Ақшаның реті келгенде бұзау сатып алып, мал басын көбейтіп отырған олардың бүгінде 7 сауын сиыры бар.

— Сиыр сауамын. Сепаратор тартамын. Қаймақ шайқап, май жасаймын.  Ауысқанын сатамыз. Соның бәрін үйлестіріп, бес миллион теңге несиені уақытынан бұрын жауып тастадық. Сосын ірі қараны көбейту үшін қомақты несие алғымыз келді. Ол үшін кепілдікке қоятын үй болу қажет екен. Ауылдағы үй кепілдікке жарамайды, жараса да аз ақша беретін болды.Тәуекел етіп, қолымыздағы малды сатып, Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданынан төрт бөлмелі үй алдық. Екі жыл бұрын кепілдікке қойып, соған 40 миллион теңге несие алдық. Ол ақшаға Қостанайдан ақбас тұқымды 100 сиыр әкелдік. Қазір сиырлар бұзаулап жатыр. Айтпақшы, биыл бірінші рет өзіміз өсіріп баққан 38 бұқаны саттық, — дейді Әсел Жақсылыққызы. Қожалық иесі жақында 26 миллион теңге несие алып, 52 қашар сатып алғандарын, енді бұқалар сатып алатындарын айтты. Мал азығын да өздері дайындайтын олар ауыл шаруашылығына қажетті техниканы біртіндеп жинап жатыр екен.

— Биыл қыстан жақсы шықтық. Малдың әр басына субсидия уақытымен төленіп тұр. Қолға түскен қаражатты малдың жемшөбін, техникалық қосалқы бөлшектер сатып алуға жұмсаймыз. Малды өсіруге, тұқымды асылдандыруға мемлекеттен қолдау бар. Үкімет біз секілді шаруаларға жақсы көмектесіп отыр. Енді мал санын көбейткіміз келеді, бірақ жеріміз тарлық ететін түрі бар, — дейді қожалық басшысы.

Қожалықтың басында мал қамап отырған  үш қора бар, кәсіпкерлер өз күштерімен салып алыпты. Ракушняктан салынған қоралардың төбесі профлистпен жабылыпты.

Қожалықтың басында үй де бар. Даланы малға толтырып, шаруасын ақырындап реттеп келе жатқан «Дастан-1» қожалығы былтыр баламалы энергиямен қамтамасыз ететін күн панелін алды. Енді қожалық басшысы қожалық маңынан өтіп жатқан жоғары вольтты электр желісін тарттырып, жарық қостырып алу үшін мемлекеттен көмек сұрағысы келіп отыр.

Былтыр қыста Жұрынға тартылған газ құбыры енді Орқашқа қарай жүргізіліп жатыр. Аманжол Сүйінбаев осы газ құбырын жолдан қожалыққа қарай тарттыруға жұмыстанып жатыр.

— Мұғалжардың табиғаты керемет. Шөбі шүйгін жерде түтін түтетіп отырған соң мал өсірмеу мүмкін емес.Малдың күтімі — көптің ісі. Бір адам ештеңе тындыра алмайды. Қазір мал төлдеп жатыр. Күйеуім — тоғыз баланың кенжесі. Арасында туыстарымыз, достарымызкеліп, көмектесіп тұрады. Екі ұлымыз студент, олар да қолғабыс етіп жүреді. Қызымыз болашақ тіс дәрігері, — дейді Әсел Жақсылыққызы.

Шаруашылық басында, негізінен, Аманжолдың өзі болады екен. Қожалықтың құжаттары тиянақты Әселдің жауапкершілігінде. Кіші ұлдың есімін иеленген құтты қожалықтағы қайнап жатқан берекелі тірлік осындай.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button