Білім

Республикалық пәндік олимпиада: оқушылар Ақтөбенің абыройын асқақтатты  

Біздің облыс республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша, облыстардың арасында көш бастап тұр! Бұл — соңғы жылдары болмаған көрсеткіш (Бұған дейін өңіріміз білім бәйгесінде 2,3-орындарды иеленіп келген-ді). Ақтөбе облысының құрамасы жалпы есепте Назарбаев зияткерлік мектептері мен Алматы қаласының құрамасынан соң  ІІІ орынды иеленіп отыр. Бұл — үлкен жетістік. Нәтижесінде, облыстағы 6 мектеп республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына енді. Олар —  «Білім-инновация» лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, Ақтөбе қаласындағы №9 гимназия, Шалқар ауданындағы Ә.Жангелдин атындағы мектеп,  облыс орталығындағы №11 және №3 мектептер.

Республикалық пәндік олимпиада — еліміздегі ең басты білім бәйгесі. Сол себепті бұл білім додасының қорытындысынан әр өңірдегі білім сапасының деңгейін білуге  болады. Білім бәйгесінде біздің облыс соңғы жылдары болмаған үлкен жетістікке жетіп отыр. Облыстардың арасында Ақтөбенің абыройы артып, І орында тұр. Ал командалық есеп бойынша біздің өңір ІІІ орынды иеленді. Облыс намысын қорғаған дарынды оқушыларымызды мақтан етеміз, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Оның айтуынша, республикалық олимпиадада біздің өңірдің 110 оқушысы бақ сынаған. Оның ішінде облыстық білім беру ұйымдарынан  —  44, аудан мектептерінен — 17, қала мектептерінен 49 бала қатысыпты.

Республикалық олимпиадаға облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласынан жалпы 2044 оқушы сынға түскен. Олардың 919-ы (44,9 пайызы) жеңімпаз атанып, түрлі дәрежедегі алтын, күміс, қола медальдарға ие болды.

Соның 59-ы — біздің  оқушыларымыз. Ақтөбенің қоржынында 13 алтын, 19 күміс, 27 қола медаль бар. Осы 59 бала «Қазақстанның жеңімпаздары» атанды.

Бұл балалар — өңірдегі 31 мектептің оқушылары. Оның 20-сы (64,5 пайыз) — қазақ,  4-еуі — орыс, қалғаны аралас мектепте оқиды. Бұдан қазақ мектептерінде білім сапасының көрсеткіші жоғары екенін аңғаруға болады.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, үздіктерге білім берген 31 мектептің ұжымына ризашылығымды білдіргім келеді. «Білім-инновация» мектеп-лицейінің оқушылары 22 медаль еншілеп, республикадағы үздік 100 мектептің алғашқы үштігін түйіндеп отыр. Сондай-ақ Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, Ақтөбе қаласы мектептерінің командасы, «Кемел-Білім»  мектеп-интернатының ұжымдарының еңбегі мақтауға, мақтануға лайық. Сонымен қатар аудан орталығындағы және ауыл мектептері де жоғары білім сапасын көрсетіп отыр. Олар — Алға ауданы Алға гимназиясы, Нұрбұлақ мектебі, Шалқар ауданы Әліби Жангелдин атындағы мектеп пен Бек Сүлейменов атындағы мектеп, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №2, №4 мектептер, Мәртөк ауданындағы №2 және Саржансай мектебі, Қобда ауданындағы Исатай Тайманов атындағы гимназия. Бұл жеңіс — шәкірттеріміздің тынымсыз ізденісінің, оларды бәйгеге қосқан білікті ұстаздарымыздың үлкен еңбегінің, ата-аналарымыздың қолдауының жемісі.

Республикалық олимпиада жеңімпаздарының жетекшілері, олимпиада ұйымдастырушылары білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталады,  — дейді Жолдас Нұрланұлы.

Жалпы 4 кезеңнен тұрған пәндік олимпиадада (мектепшілік, аудандық (қалалық), облыстық, республикалық) облыстағы 370 білім беру ұйымынан 17 392 бала бақ сынады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button