Саясат

Жарқын жолдың бастауы

Жолдау

Елбасының биылғы Жолдауы жарқын болашағымыздың белестерін бағындырудың сара жолдарын ұсынды. Мемлекет басшысы Үкіметтің, Парламенттің, қоғамның алдына тағы да көтеріңкі және ұзақ мерзімді міндеттер қойды. Олардың ең бастысы – қарапайым Қазақстан азаматтарының өмірі мен тіршілік жағдайын жақсарту. Елбасы алға міндет қана қоймай, сол мақсаттарға жету жолдарын да көрсетті.

Елбасы ауылдық жерде тұратын халықтың проблемасын алдыңғы кезекке қойды. Ауыл өмірін жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру үшін ауыл шаруашылығын индустрияландыру қажеттігін баса айтты. Яғни жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіптік білім беру курстары арқылы ауылдағы жұмыссыздық проблемасын шешу көзделуде. Ауылды ауқымды индустрияландыру негізінде 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құру, 100 мың ауыл тұрғынын жақсы табыспен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Осы шаралар аясында «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның өзектілігі – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, ауыл кәсіпкерлігін дамыту болғандығында.

Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – сапалы білім. Осы орайда Елбасының «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Әрбір қазақстандықтың еңбек етуге және өзін сапалы өмірімен қамтамасыз етуге мүмкіндігі болуы үшін Үкіметтің алдына білім беру жүйесін жетілдіру міндеті қойылды.

«Тәні саудың – жаны сау» деп халық даналығы айтпақшы, Елбасы денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелерін де күн тәртібіне қойды. Аурулардың алдын алатын жүйені, әсіресе, медициналық қызметке мұқтаж ауылдық жерде дамыту міндетін алға тартты. Осы шаралардың арқасында елімізде өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін өседі, Елбасының өзі атап өткендей, бұл іс-шараның артында мыңдаған құтқарылған өмір мен біздің отандастарымыздың денсаулығы тұр.

Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық секторды дамыту, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, шағын және орта кәсіпкерлік салаларын арттыру міндеттері алға қойылды.

Биылғы Жолдаудың маңыздылығы – ондағы әлеуметтік мәселелердің басымдылығы. Яғни біз білім беру, денсаулық саласында және жұмыс орнының сапасын қамтамасыз етуге қол жеткізсек, халқымыздың әлеуеті көтеріліп, бәсекелестікке қабілетті боламыз.

Еркінбай ЖҮСІПҰЛЫ,

«Ақтөбе облысының халыққа

қызмет көрсету орталығы» ММ

директорының орынбасары.

***

Оқушылар абыройлы еңбек етті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауын насихаттауға арналған шара Ақтөбе қаласындағы Пригородный орта мектебінде өтті.

Ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар қатысқан жиында мектеп директоры Гүлнар Жанина сөз сөйлеп, Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының биылғы Жолдауында еліміздің саяси-экономикалық дамуымен қатар, білім саласын модернизациялау жөнінде үлкен әңгіме болды. Жолдауда айтылғандай, еліміз білім беру ісін дамытуда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді. Президент Жолдауы аясында мектебімізде де ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Былтыр мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Оқушыларымыз ыстық тамақпен қамтылуда. «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты жастар марафон-эстафетасында оқушыларымыз белсенді жұмыс істеді. Биыл да оқушылардың абыройлы еңбек ететініне сенімдімін , — деді ол.

Бүгінде Пригородный орта мектебінде 369 оқушы білім алуда. Оның 62-сі Садовый және Шилісай ауылдарынан қатынап оқиды. Былтыр оқушыларды тасымалдауға жаңа автобус берілді. Мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда. Әрине, мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының арқасы деп түсінеміз.

Құдаш БЕКБЕРГЕНОВ,

Пригородный орта мектебінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

***

Білім жолы — бірегей

Жолдау мазмұнындағы ең маңызды  үш мемлекеттік бағдарлама ерекше назар аударады. Ол — білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту мәселелері.

«Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс», — деді Елбасы. Білім жүйесін дамыту ісіне ерекше маңыз берілді. Таяудағы бес жылдың ішінде елімізде 400 жаңа мектеп салынады, оның ішінде жиырмасы интеллектуалдық білім ошағы болады. Бұл шаралар он екі жылдық білім беру базасын құрудың негізі болып табылады.

Жолдау тапсырмасы бойынша Қазақстан мектептерінде электрондық оқыту, интернетке кең көлемде қол жеткізу міндеттері де күтіп тұр.

Ұстаздардың міндеті өмірдің барлық саласына уақыт талабына сай білімді, білікті және бәсекеге қабілетті  жастарды дайындау.

Мұғалімдердің  ой-өрісі, ішкі мәдениеті де жоғарылауы керек.

Болашақтың іргесін дамушы елдермен иық тірестіре алатын білімді ұрпақ  қалайды десек, ондай шәкірттерді даярлайтын мектептердің материалдық-техникалық базасы да мықты болуы керек.

Мектебімізде Жолдау тапсырмасын орындау бағытында біршама жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Үш интерактивті тақта, мультимедиялық кабинет, екі компьютер кабинеті, заманауи қондырғылармен жабдықталған физика, биология, химия сыныптары бар. Аталған жабдықтардың жаңа технологияларға негізделген сапалы сабақтар беруге, оқушылардың өздігінен ізденуіне пайдасы зор екені белгілі. 2009-2010 оқу жылының қорытындысы бойынша  мектебіміз облыс әкімінің «Үздік мектеп» грантын жеңіп алды.

Елбасының қамқорлығын сезініп отырған мұғалімдер қауымы да ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосуда. Облыс әкімінің марафонында «Үздік мұғалім» грантын он екі мұғалім және «Үздік сынып жетекші» грантын екі мұғалім жеңіп алған педагогикалық ұжым өздерінің күш-жігерін оқушылар шығармашылығын және білім сапасын арттыруға жұмсауда.

Т. ӘЛИЕВ,

Шалқар қаласындағы  №1 орта мектебі

директорының орынбасары.

***

Тақырып — таяудағы жоспарлар

Ырғыз ауданының тұрғындары Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында көтерілген мәселелерге қолдау білдіруде. Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активі жиналысы болып, оған аудандық мәслихат депутаттары, селолық округ әкімдері, бөлімдер мен мекеме, кәсіпорын басшылары, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.

Жиналыста аудан әкімі М.Дуанбеков Елбасы Жолдауы туралы баяндама жасады. Ол еліміздің тарихи-саяси өміріндегі маңызды оқиға болып табылатын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басып отырған тұста Қазақстан халқына арнаған Президент Жолдауында атап көрсетілген міндеттер туралы кеңінен тоқталып өтті. Осы орайда ауданда жүзеге асырылған нақтылы істерге, таяудағы жоспарларға назар аударды. Сонымен қатар, аудан әкімі биылғы жылдың өзінде Ырғыз өңірінде бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілетінін атап өтті.

Жиында аудандық мәслихат депутаты Ж.Сүлейменов, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп  мұғалімі Н.Жумин, Жайсаңбай селолық округінің әкімі Е.Сермағанбетов пікірлерін білдірді. Жолдауда атап көтерілген басым бағыттар туралы көкейдегі ойларын ортаға салды.

Ырғыз селосы тұрғындарымен өткен жиында да Елбасы жолдауы талқыланып, онда көтерілген мәселелерге байланысты зейнеткерлер К.Тұрманбетова, Т.Ағыбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ж.Таңқаев және басқалары өз ой-пікірлерін айтты.

Марат МЫРЗАЛЫ.

Ырғыз ауданы.

***

Мақсат — суармалы жерді кеңейту

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығына басым бағыт береді. Соңғы уақытта агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазір облыста агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға арналған шаралар жүзеге асырылып жатыр. Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсарту және ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамытуға қол жеткізу үшін негізгі іс-шаралар қолға алынды.

Халықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету мақсатында Қарғалы және Ақтөбе су қоймалары негізінде  суармалы жер алқабын кеңейтуге мүмкіндік туды. Суармалы алқаптарды игеруде заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар пайдаланылуда. Картоп және көкөніс өнімдерін өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.

Елімізде «Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау ережесі» бекітілген болатын. Яғни субсидия ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге мемлекеттік көмек ретінде су беру жөніндегі су берушінің шығындарын ішінара өтеуге қайтарымсыз беріледі. Бір айта кететін жайт, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге судың 1 текше метріне берілетін субсидия пайызының мөлшері түрлі қажеттіліктер негізінде белгіленеді. Яғни суды үнемдеп жұмсауды қамтамасыз ететін суарудың озық технологияларын (тамшылап суару және басқа да суару әдістері) немесе суды есепке алудың прогрессивтік әдістерін енгізуді жедел пайдалану арқылы, т.с.с. түрлермен беріледі. Мәселен, ауылдық су пайдаланушылардың тұтыну кооперативтеріне біріктірілмеген, механикалық су көтерусіз дағдылы жер бетімен суаруға субсидия 20 пайыз мөлшерінде берілсе, ал осы кооперативтердің біріктірілген, тамшылатып суаруы үшін субсидия мөлшері 80 пайызға жетеді.

Сондықтан ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер суармалы жерлерден мол өнім алу үшін суды үнемдеп жұмсауды қамтамасыз ететін жаңа технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттен берілетін көмекті тиімді жүзеге асырғаны жөн. Бұл жөнінде агроөнеркәсіп кешені субъектілері арасында ауылшаруашылық өнімін өндіруді модернизациялау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек.

«Ақтөбесушаруашылығы» мекемесі өз тарапынан ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің суармалы жерлерін жеткілікті және тиісті мөлшерде сумен қамтамасыз ету үшін Қарғалы су қоймасының Қарғалы магистральды каналына жөндеу жұмыстарын жүргізгелі отыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен биыл 100,0 миллион, алдағы жылы 201,0 миллион теңге бөлінбек.

Боранияз ЕРІШОВ,

«Ақтөбесушаруашылығы» мекемесінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button