Спорт

Жетілікке жақындатқан жеңіс

Премьер-Лига

«Ақсу»-«Ақтөбе» — 1:2

9-10 сәуір күндері 5-тур кездесулері өтті.

Бұл турда «Тобыл» мен «Каспий» командалары алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татса, «Ақжайық» өзінің тұңғыш жеңісіне қол жеткізді. Қарағандыда чемпионат басталғаннан бергі ең ірі есеп нәтижесі тіркелді: 5:1. «Астана» қарсыластар өз қақпасына соғып алған автоголдың арқасында жеңіске жетті.

Бес турда 182 кездесу өткізіліп, 60 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 1,82 голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Павлодарда осы облыстың «Ақсу» командасымен кездесті. Мұндағы жасыл алаңның әлі де бабына келмегені бірден көрініп тұрды.

Расын айту керек, бұрынғы кездесулерде нәтижесіз болса да, әйтеуір, ойынды бірден шабуылмен бастайтын, оған қоса, гол соқпаса да, қарсыластар қақпасына тынымсыз өршелене ұмтылатын жерлестеріміз бұл кездесуді кібіртіктеп бастады. Футболшыларымыз тіпті аяғына жем түскен аттай абдырады да жүрді. Ал ақсулықтар біздің қақпамызға шүйілумен болды. Асланбек Кәкімов мығым соққы жасады, доп тым қиыс кетті. Мирас Тұрлыбек допты қайшылай тепті, доп қақпамызды жанамалай өтті. Ал Файт Обилордың соққысы маңдайшаға тиіп барып кері серпілді. Ал ақтөбеліктер қарсыластар қақпасына қауіп төндіріп жарытпады.

Қалай болғанда да, кездесудің бірінші таймы, біздің бағымызға қарай, нәтижесіз аяқталды.

Екінші таймда да жоғарыдағы көрініс онша өзгере қойған жоқ. Біздің жігіттеріміз бір-бірімен тізе қоса қимылдаудың ретін таба алмай дағдарумен болды. Тек Уго Видемонт қана ширақ қимылдады, бірақ оны қарсыластар көз жазбай аңдумен болды, шалып құлата берді.

Сөйтіп жүргенде қақпамызға гол еніп кетті. 62-минутта, айып алаңындағы қарбаласта қақпаға ту сыртымен тұрып қайшылай соққы жасаған Айбол Әбікен ақтөбелік қақпашыны қапы қалдырды — 1:0.

Осы шамада ақтөбелік бас бапкер ойыншыларды алмастырмаса болмайтынын ұқты. Алаңға Арман Кеңесов пен Максим Самородов шықты. Расында да, тынымсыз қозғалған Арман ойынды кәдімгідей ширатты. Әсіресе 70-минуттардан бастап «Ақсудың» айып алаңы дүрбелеңге толды. 71-минутта Әділхан Таңжарықов арқылы алдына келе қалған допты қақпа маңында жүрген, есесі кетіп жүрген Уго Видемонт шапшаң соққымен голға айналдырды да жіберді — 1:1.

Бірақ «Ақтөбенің» жоспары тең ойын емес еді. Шабуыл үдей берді. Әттең, біздің Жерар Гоу гол соғуға болатын екі бірдей тамаша мүмкіндікті пайдалана алмай қалды. Дегенмен жеңіс голын сол Жерар Гоу соқты. 84-минутта оң қапталдан Максим Самородов тамаша пас тастады да, оны Гоу тоқтатпастан өкшесімен қақпаға қарай бұрды да жіберді, ақсулық қақпашы Евгений Кучеренко аңырды да қалды, ескерте кетсек, бұл Жерар Гоудың Қазақстандағы 100-ші голы болды — 1:2.

Бұдан соң, әрине, ақсулықтар қарымта гол соғудың түрлі айла-шарғыларын қарастырумен болды. Бірақ біздің қорғаныс та, біздің қақпашымыз Саша Стаменкович те енді қайтып сыр бермеді.

Осылайша «Ақтөбе» сырт алаңда үш ұпай олжалады.

*   *   *

«Ақсу»-«Ақтөбе» — 1:2

Гол авторлары: Айбол Әбікен, 62-минут (1:0); Уго Видемонт, 70-минут (1:1); Жерар Гоу, 84-минут (1:2).

Ескерту қағазын алғандар: Айбол Әбікен, 52-минут («Ақсу») — Темірлан Ерланов, 61-минут; Уго Видемонт, 87-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Саша Стаменкович, қақпашы, Дмитрий Шомко (Арман Кеңесов, 58-минут), Йоахим Адукор, Артурас Жулпа, Темірлан Ерланов, Әділхан Таңжарықов, Юрий Логвиненко, капитан (Никита Маляров, 58-минут), Руслан Камболов (Әлібек Қасым, 68-минут), Уго Видемонт (Виталий Балашов, 90+4 минут), Рожерио Шина (Максим Самородов, 68-минут), Жерар Гоу.

Запаста болғандар: Стас Покатилов (қақпашы), Владимир Гинайтис, Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Ескендір Қыбырай, Рамазан Оразов.

10 сәуір 2022 жыл. Павлодар қаласы, Орталық стадион. 6580 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 3 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 1 гол.

Жерлестеріміз 5 кездесу өткізіп, 2 рет жеңді, 1 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.  Ұпай саны — 7. Доп айырмашылығы — 5:6.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Атырау» (Атырау)-«Ақжайық» (Орал) — 0:1

Гол авторы: Оралхан Өміртаев, 37-минут (0:1).

«Тұран» (Түркістан)-«Қызылжар» (Петропавл) — 0:0

«Шахтер» (Қарағанды)-«Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 5:1

Гол авторлары: Джордже Чосич, 20-минут (1:0); Тимур Досмағамбетов, 27-минут (2:0); Николай Ковталюк, 43-минут (3:0); Петрос Аветисян, 55-минут (4:0); Айдос Тәттібаев, 67-минут, пенальти (5:0); Кирилл Маляров, 87-минут, автогол (5:1).

«Ордабасы» (Шымкент)-«Тобыл» (Қостанай) — 3:1

Гол авторлары: Эльхан Астанов, 22-минут, пенальти (1:0); Игорь Сергеев, 41-минут (1:1); Серж Ньюадзи, 44-минут (2:1); Серж Ньюадзи, 85-минут (3:1).

21-минутта ойын тәртібін өрескел бұзғаны үшін Александр Марочкин («Тобыл») алаңнан қуылды.

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Тараз» (Тараз) — 2:1

Гол авторлары: Макс  Эбонг, 23-минут (1:0); Лука Гадрани, 24-минут (1:1), Нұрлан Дайыров, автогол, 67-минут (2:1).

«Қайрат» (Алматы)-«Каспий» (Ақтау) — 1:0

Гол авторы: Жоао Пауло, 41-минут (1:0).

*   *   *

Бес турдан соң 1-орынға 11 ұпаймен «Қайрат» шықты.

2-4 орын иелері — 10 ұпайдан жинаған «Шахтер», «Тобыл», «Каспий».

5-орынға 9 ұпайы бар «Астана» орналасты.

6-8 орындарға 7 ұпайдан жинаған «Ордабасы», «Атырау», «Ақтөбе» жайғасты.

9-орын иесі — 5 ұпайы бар «Тараз».

10-12 орындардағы үш команда 4 ұпайдан жинады: «Ақсу», «Ақжайық», «Қызылжар».

13-орындағы «Тұранда» 2 ұпай болса, 14-орындағы «Мақтааралдың» 1 ұпайы ғана бар.

«Шахтер», «Ақсу», «Ақжайық», «Тұран»  командаларының басқалардан бір ойыны кем екенін еске саламыз.

*   *   *

6-тур ойындары 16-17 сәуір күндері өтеді:

16 сәуір, сенбі

«Тұран» — «Ордабасы»

«ҚЫЗЫЛЖАР» — «АҚТӨБЕ»

«Каспий» — «Атырау»

«Тобыл» — «Қайрат»

«Ақжайық» — «Астана»

17 сәуір, жексенбі

«Мақтаарал» — «Ақсу»

«Тараз» — «Шахтер»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button