Басты жаңалықтарМәселе

Бұралқы ит мәселесін жаңа заң шеше ала ма?

Көшеде қаңғыбас иттер қаптап кетті. Қаланың қай бөлігіне барсаң да, қоқыстарды тіміскілеп жүрген иттерді көресің. Тіпті тұрғындар топталып жүрген иттерден қорқып, әудем жер айналып өтетінін айтады. Жыл сайын осы уақытта көшеде жүрген бұралқы иттерді аулап, ату жұмыстары жүргізілетін. Ал биыл оның бірі де жоқ. Неге? Өйткені жаңа заң қолды жіпсіз байлап отыр…

Былтыр 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң шыққан болатын. Ол биыл 2 наурыздан бастап өз күшіне енді.

Су жаңа заңда қараусыз иттерге жауапкершілікпен қарап, бірден өлтірмей, иесі анықталғанша 2 айға дейін ұстап, бағу көзделген. Сол себепті атуға рұқсат жоқ. Иесіз иттердің әсіресе балаларға қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Қаңғыбас иттерден зардап шегіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінгендер жиі кездесуде.

Жыл басынан бері 200-ге жуық адамды ит қапқан. Оның 65-і — кәмелеттік жасқа толмаған балалар.

Ақтөбе қаласының бау-бақша ұжымының тұрғыны Индира Мұқашеваның 10 жасар қызын көшеде ит талап, бір апта ауруханаға жатып шықты.

Біздің көшедегі дүкенге күнде барып жүрген қызымды көшеде екі ит талап тастады. Басынан, қолынан тістелеп, қызымның жан даусы шығып, оны аулада қар күреп жатқан атам естіп, арашалап алды. Сол уақытта көшеде ешкім болмаған. Атам жақын барып, күрегімен жасқағанша иттер кетпеген. Кейін иттердің бірінің иесі анықталып, айыппұл төледі. Иесінің айтуынша,өздері жұмыста жүргенде үнемі байлаулы тұратын ит босанып кеткен. Ал екінші иттің иесі табылмады. Қазір қызым дін аман. Бас терісін тігіп, дәрігерлердің қарауында болды. Бірақ иттен қатты қорқып қалған. Мұндай жағдай қайталанбас үшін ит ұстайтындар мұқият болып, иттерін көзден таса қылмай қадағалап, байлап ұстаса деймін, — дейді ит қапқан қыздың анасы.

Облыстық жергілікті полиция департаменті табиғатты қорғау тобының ерекше тапсырмалары бойынша аға инспекторы Серік Елеуовтің айтуынша, көшеде бос жүрген иттерді уақытша ұстайтын арнайы жердің болмауы мәселеге айналып отыр. Полиция қызметкерлері қаңғып жүрген иттердің иесін анықтап, үйіне барса, олардың көбі «итті алып кете беріңдер» дейді екен. Итті атуға, өлтіруге болмайды, ұстайтын жер тағы жоқ. Сондықтан амалсыздан қайтадан бос қоя береді. Бірақ жаңа заң бойынша бос жүрген иттің иесі жеке тұлға болса — 10 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлға болса— 20, заңды тұлға болса 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс. Егер бір жылдың ішінде осындай тәртіпсіздік қайталанса, айыппұлды екі есе төлеуге тура келеді. Ал итіңіз адамды қауып, тістеп алған жағдайда бұданда көп шығандануыңыз әбден мүмкін.

Рас, кейде қала көшелерінен ит жетектеп, серуендеп жүрген жандарды көресің. Аузында тұмылдырығы, мойнында қарғыбауы болса да, кейде қасынан сескеніп өтуге тура келеді. Қазақтың түсінігінде итті байлап бақпайды. Сондықтан итпен бірге сән құрып серуендейтіндердің дені өзге ұлт өкілдері. Итті әркім әр мақсатта ұстағанымен, көбіне «күзетші» ретінде пайдаланары хақ. Ұры-қарыдан сақтану үшін ит күндіз байлауда тұрып, кешкісін босатылады. Ал үнемі байлауда тұрған ит қабаған келеді. Алда-жалда босанып кететін болса, үйдің қасынан өтіп бара жатқан тұрғындарға немесе аулаға кірген адамдарға қауіп.

Ауылдарда, қала іргесіндегі елді мекендерде және саяжай ұжымдарында иттер бос жүреді. Бос жүрген иттер күзде ұйығып, көктемде күшіктер көбейеді. Сол күшіктердің иесі жоқ. Олар өсіп, қаңғыбас иттердің қатарын көбейтеді.

Қаңғыбас ит қалай көбейеді?

Қалада иттердің көбеюінің тағы бір себебі бар. Қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Әр құрылыс нысанының күзетшілері бір-бір ит ұстайды. Олар да бос жүреді. Сөйтіп, көктемде күшіктейді. Тойған жерінен ұзай қоймайтын иттер сол жерден кетпейді. Бірер жылдан соң құрылыс нысаны бітіп, иелеріне тапсырылып, мердігерлер (күзетшілер де) кетіп қалады. Ал иттер сол жерде қалып қояды. Бүгінгі күні қаланың Батыс-2 шағын ауданындағы бұралқы иттердің көптігі — осының дәлелі.

Жыл сайын облыс бойынша 17 мыңнан астам ит атылатын. Ақпан-наурыз айларында бұл жұмыс аяқталып, саны едәуір азаятын. Биыл азаймады, себебі мылтықтың даусы естілген жоқ. Бұдан былай итті нысанаға алуға болмайды.

Тап қазір иттерді ұстау тек тұрғындардың шағымы түскен кезде ғана жүргізіледі. Егер адамды қауып алған жағдайда, әуелі тиісті орындарға хабарлау шарт. Адамға шабуыл жасаған итті ветеринар мамандары ұстап, ауруы мен иесі бар-жоғын анықтайды. Иесі анықталған жағдайда айыппұл салынады. Иесі болмаған күнде екпе салып, еркіне қайта жіберіледі. Не үшін?

Жоғарыда айтылғандай, жаңа заңның салмағы басым. Оның бастамашысы — ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Қазір ит ататындардың қолдары жіпсіз байланып отыр. Итті аулау да, күтіп ұстау туралы қаулы шыққанымен, нақты жұмыстың істелуі туралы заң қағидаларыкүшіне енбеген. Сондықтан облыстық ветеринария басқармасының қол қусырып отырудан басқа амалы жоқ. Жаңа ережеге сүйенсек, итті күшіктеу қабілетінен айыру мүмкіндігінше іске аспақ. Ол үшін оларды өлтірмей, ауруы болса емдеп, еркегін піштіріп, аналығының да күшіктеуін шектеп тастайды. Бұралқы иттер осылайша бірте-бірте азаяды. Бұл — жануарларды қорғау және жауапкершілікпен қараудың айқын көрінісі. Әлемнің дамыған елдерінде осы тәжірибе бар. Ал бізде бұралқы иттерді осындай жолмен жою қашан іске асады?

Иттерді аулау туралы бұрынғы заң күшін жойды. Жаңа заң аясында нақты жұмыс жоспары анықталмады. Жаңа заңды пайдаланайық десек,нормативтік- құқықтық актілері әлі бекітіліген жоқ. Тұрғындар тарапынан көп арыз-шағым түсіп жатыр. Бұрынғы ескі заңның ережелеріне сүйеніп жұмыс жасасақ, прокуратура жазаға тартады. Сондықтан екі ортада қалып тұрмыз. Осыны тұрғындар түсінсе дейміз.  Бұған дейін қаңтар айынан наурыз айына дейін қаңғыбас иттердің көзін жойып болатынбыз.  Иттерді аулау тәртібі 1мамырға дейін біржақты болады деп күтіп отырмыз. Қазіргі таңда атуға тыйым салынған. Сол себепті әзір нақты ештеңе айта да, жасайда алмаймыз. Алдағы уақытта иттерді жануарларды бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға енгізіп, тіркеп, құжатын жасау керек. Иесіз иттерді ұстайтын орын болса, тұрғындар жоғалған иттерін сол жерден тауып алуы мүмкін. Сонымен қатар ит асыраушылар күшік болсын, ит болсын сол жерден заңды тіркелгенін ала алады, — дейді облыстық ветеринарлық басқармасының орынбасары Иса Базаров.

Қазіргі кезде қызу атқарылатын науқанды жұмыс ескі заң мен жаңа заңның арасында ауада қалқып тұр. Ең алдымен қаражат керек. Ал ақшаны республикалық бюджеттік сынаптамаға енгізу мәселесі қарастырылмаған.

Облыста қанша ит тұқымы бар екені туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ тұрғын саны қай жерде көп болса, иттің де қарасы сол жерде көп болады. Елу мыңға жуық тұрғыны бар Шалқар ауданында жыл сайын 1000-1500 ит жойылатын.

Жылда қаңғыбас иттерді жоюға ақша бөлетін. Жаңа заң шыққаннан кейін оны кері қайтарып алды. Қазір жұмыс тоқтап тұр. Көктемгі кез иттердің аңсырайтын уақыты. Адамға аса қауіп болмағанымен, ұсақ малдарды, төлдерді қуып жаралап немесе өлтіріп тастауы мүмкін. Сол үшін жергілікті учаскелік инспекторлармен бірге тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Шалқарда иесіз ит көп емес. Бәрінің дерлік егесі бар. Тек бос жүреді. Оларды үйге байлап ұстау, қадағалау керек. Шалқар қаласының көшелерінде бос жүрген иттер бірен-саран ғана. Тұрғындар жағдайды түсініп, бос жіберіп қоюды азайтқан сияқты, — дейді Шалқар аудандық ветеринарлық станциясының басшысы Серік Өтеген.

«Қазынаңа» ие бол!

Қалай десекте, қай жануардың да обалы болады. Оның үстіне қазақ итті жеті қазынаның біріне жатқызған. Енді сол «қазынамыздың» бірін заңда көрсетілгендей күтіп ұстауға дайынбыз ба?

Қазіргі таңда бұл заң аясындағы жұмыстар жан-жақты қызу талқыланып жатыр. Әйтсе де біраз ескеретін жайттар көп. Алдымен иттерді ұстайтын панажай салынуға тиіс. Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. Бірақ түпкілікті шешілу нәтижесі күрделілеу болғандықтан, жабулы күйінде қалған қазанның қақпағын жаңа заң қайта ашуға мәжбүрлеп тұр. Мамандардың айтуынша, Ақтөбе қаласында панажайдың төртеуі керек. Ал әр аудан орталығында бір-біреуден болса жеткілікті. Панажай салынғаннан кейін де ішкі жұмыстарына штаттар ашылады. Арнайы мамандар керек. Онсыз да төрт түлікті емдеп-жазуға маман тапшылығы болып отырғанда, ит пен мысықтың денсаулығына алаңдайтын жастар табыла қоярма екен? Одан кейін иттер азықпен қамтылуға тиіс. Қысқасы, иттердің «жатақханасы» да талапқа сай болуы шарт. Міне, құрылыс жұмыстарынан бастап, адамдардың тұрақты жалақысы, тағы басқа да қызметтерге біраз қаржы бөлуге тура келеді. Ол қаражаттар қашан бөлінбек? Алдағы бір-екі жылдықта бос жүрген иттердің «бостандығын» шектей аламыз ба? Қыс-көктем айларында жойылуға тиіс иттердің жартысы күшіктейді. Сөйтіп, екі есеге көбейіп кету қаупі тұр.

Р.S.Итті аяймыз деп жүргенде адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады?  Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы ит талап өлтірген балалардың жайын көріп-біліп отырып, иттерді қалайша «тайраңдатып» қоямыз? Дамыған елдердегідей жануарларды қорғау туралы халықаралық заңға ілесу ертелеу емес пе?«Иттің жайын күйттеп, оған панажай салғанша, саяжайда тұратын үйсіздерге баспана салу керек шығар», — деген тұрғындардың пікіріне қалай қарайсыз?

Заң қабылданып қойды. Енді шегінетін жер жоқ. Олай болса осы жұмысты жүргізетін  қаражат мәселесі кешеуілдемеуі керек сияқты…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button