Тарих

Губерниядан облысқа дейін…

Облысқа — 90 жыл

ХХ ғасырдың 20-жылдарында қазақ жері түгелімен большевиктердің қолына, яғни кеңес билігіне көшті. 1920 жылы РКФСР-дің құрамында Қырғыз (Қазақ) АКСР-і құрылғаны белгілі, 1936 жылы ол өзінің біртұтас территориясы белгіленіп, шекарасы бекітілген дербес республика — Қазақ КСР-іне айналды. Бұл — ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары, алаш қайраткерлері қолға алып, бар жандарын сала кіріскенбастымақсаттың тұтастай болмағанмен, жартылай орындалғаны; тарихи маңызы аса зор оқиға еді.

1919 жылы 10 шілдеде Ленин «Қырғыз республикасын басқару жөніндегі революциялық комитет туралы» декретке қол қойды. Осы құжаттың негізінде құрылған ревкомның алдына қойылған басты міндеттердің бірі қазақ жерлерін біріктіру болатын. Маңызды құжатқа бұл мәселенің енгізілуінің өзі алаш қайраткерлерінің Ленинмен жүргізген келіссөздерінің үлкен бір нәтижесі екені сөзсіз. 1920 жылы автономиялық республика құрылғанда, оның құрамына Торғай, Орал, Семей, Ақмола облыстары мен Маңғышлақ уезі және Астрахань губерниясының бірқатар болыстары енді. Ал Түркістан республикасы территориясындағы қазақ жерлерінің тағдырын шешу сол жерлердегі тұрғындардың қалауына қалдырылды. Көзі ашық зиялыларымыз бұл өңірлерді атарбамен аралап жүріп, мәселенің мән-жайын жергілікті қазақтарға түсіндірді. Соның нәтижесінде оңтүстіктегі Жетісу мен Сырдария облыстары 1924 жылы Қазақ КСР-інің құрамына қайтарылды.

Дегенмен қызыл империяның басшыларыӘ.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Б.Қаратаев, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, Т.Жүргенов және басқа да ұлт қайраткерлерінің үздіксіз, жанкешті күресімен келген бұл жеңісті қазақ халқына біржола қимады. Кеңес Одағының 74 жылдық тарихында олар Қазақстанда ұлттық-аумақтық межелеу мәселесін қайта-қайта қарап, түрлі әкімшілік-аумақтық бірліктерді біресе құрып, біресе таратумен, қазақтың жеріне әрдайым көз алартумен болды.

Мұны еске алып отырған себебіміз, биыл біздің облыстың құрылғанына 90 жыл толды. Арыдағы ата-бабалардың отарлаушыларға қарсы күресімен қоса, берідегі ұлт қайраткерлерінің де осы мерейтойға зор үлесі барын ұмытпау, болашақ ұрпаққа жеткізу — біздің парызымыз.

Облыс құрылмас бұрын

1920 жылы уақытша құрылған Орынбор-Торғай губерниясы таратылып, оның аумағының бір бөлігінде Ақтөбе губерниясы құрылды. Губернияның жер көлемі 442,7 мың шаршы шақырым болды, бұл облыстың қазіргі территориясынан 1,5 еседей көп еді. 1921 жылы губернияның құрамында 4 аудан болды: Ақбұлақ, Ақтөбе, Можар, Темір аудандары. Бұлардың ішіндегі ең үлкені — Ақтөбе ауданы, оның құрамында41 болыс болды. Мысалы, Ақбұлақ ауданының құрамында 18 болыс қана болған еді. 1922 жылы аудандар жойылып, оның орнына 5 уезд құрылды. Бұлар — Ақбұлақ, Ақтөбе, Ырғыз, Темір және Шалқар уездері. 1923 жылы Торғай уезі де Ақтөбе губерниясына қаратылды, бірақ 1927 жылы бұл уезд біздің губерниядан алынып, Сырдария губерниясының құрамына берілді.

1926 жылғы санақтың қорытындысы бойынша губерния тұрғындарының саны — 468 882 адам. Олардың 208 мыңға жуығы Ақтөбе уезінде тұратын.

1928 жылы губерния таратылып, оның орнына округтер құрылды. Осы жылы 17 қаңтарда құрылған Ақтөбе округінің құрамында 14 аудан болды. Ал1929 жылы көршілес Адай округі таратылып, оның үш ауданы (Алтықарасу, Табын, Ойыл аудандары) да Ақтөбе округінің құрамына енді.

Көп ұзамай округтер де таратылды. 1930 жылы республикада барлық округтер таратылып, аудандар тікелей республика билігіне қарайтын болды.

Бұл тұста Қазақстан өлкелік партия комитетін (республика құрылғанына қарамастан, басқарушы орган өлкелік, ал оған дейін облыстық партия комитеті деп атала берді) Филипп Голощекин басқаратын. Голощекинге дейін, жоғарыда айтылған 1919 жылы құрылған ревкомның алғашқы төрағасы С.Пестковскийден бастап, Қазақстанда басшылар көп тұрақтамаған. 1921-1924 жылдар аралығында Қыроблкомның жауапты хатшысы болған Г.Коростелевтен басқасы бірнеше ай, әрі кеткенде бір жылда ауысып отырыпты. 1919-1925 жылдардың аралығында 6 басшы ауысқан болса,ал«Қазақстанға кеңес өкіметі жетпеген» деген сылтаумен, «Кіші қазан» саясатын жүргізген Голощекин, өкінішке қарай, 1925 жылдан бастап 1933 жылға дейінгі аралықта, 8 жылдай уақыт тұрақтап қалыпты. Ол зорлықпен отырықшыландыру, халықтың көзі ашық бөлігін, соның ішінде әсіресе байларды жаппай қуғын-сүргінге ұшырату, малын тартып алу,таптық алауыздықты өршіту арқылы қазақтың дәстүрлі шаруашылығын, мыңдаған жылдар бойы ұстанған өмір салтын аз жылда біржола күйретті. Сталиндік-голощекиндік зымиян саясат қазаққа зор қасірет, ұмытылмас зобалаң, бұрын-соңды болмаған қырғын әкелді.

Міне, осындай ауыр кезеңде шалғайдағы аудандардың тікелей басқарылуы жағдайды тіпті ушықтырып жіберсе керек, 1932 жылы Қазақ КСР Орталық атқару комитеті Мәскеуге облыстар ашу жөнінде ұсыныс жолдады.

«Басшылық жасауды дұрыс жолға қою үшін»

Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің (БОАК) президиумы Қазақстанның облыстар құру жөніндегі ұсынысын 10 наурызда қараған. Қазақ КСР ОАК-ке осы жиынның протоколынан үзінді жіберілген. Бұл құжаттың көшірмесі бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің өлкетану залындағы экспозицияда тұр.

— Құжатқа 15 наурызда қол қойылған. Қол қоюшы — Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің хатшысы Алексей Киселев. Мұнда облыстар құру туралы ұсыныстың мақұлданғаны айтылған және республика басшылығына облыстардың шекарасы, олардың құрамына кіретін аудандар жайлы нақтырақ деректер жіберу тапсырылған. Құжатта көрсетілгендей, республикада 6 облыс құру көзделді: Батыс Қазақ, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақ және Оңтүстік Қазақ облыстары. Орал, Ақтөбе, Петропавл, Алматы, Семей, Шымкент қалалары облыс орталықтары болып белгіленді. Сонымен қатар құжатта Қарағанды облысының орталығы бастапқыда Петропавлда болып, кейін Ақмола қаласына көшірілетіні көрсетілген, — дейді музейдің қазіргі заман тарихы бөлімінің меңгерушісі Айбек Ертеміров.

Облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған «Актюбинская правда» газетінің көне тігінділеріне үңілсек, газеттің 1932 жылы 25 наурызда шыққан 14-санында жаңа құрылған Ақтөбе облысының бірінші басшысы Шаяхмет Ярмұхаметовтің баяндамасы жарияланыпты. Баяндама облыстардың неліктен құрылғаны туралы сөзден басталып: «Қазақстандағы аумақтар алшақтығы аудандарға толыққанды басшылық жасауға мүмкіндік бермеді, енді басшылық жасауды дұрыс жолға қою үшін облыстар құру жөнінде шешім қабылданды. Облыстардың құрылуына байланысты аудандардың рөлі төмендемейтінін атап өту керек. Керісінше, социалистік құрылыстың негізгі бөлшегі ретінде аудандардың рөлі арта түспек», — делінген.

Төрт басшының тағдыры

Жаңа құрылған Ақтөбе облысына бұрынғы Ақтөбе округінің жері мен Қостанай округі аумағының басым бөлігі берілген. Жалпы, жер көлемі 500 мың шаршы шақырымды құраған. Шаяхмет Ярмұхаметовтің жоғарыда айтылған баяндамасында облыста 18 аудан бар және 1 миллионнан астам адам тұрады деп көрсетілген.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында өңіріміздің алғашқы төрт басшысының суреттері де сақталыпты.

Айбек Ертеміров бізге осы суреттерді ұсына отырып:

— 1932-1938 жылдар аралығында облысты Шаяхмет Ярмұхаметов, Әбілқайыр Досов, Айтмұхамбет Мусин, Мақай Жүнісовтер басқарған. Өкінішке қарай, олардың төртеуі де сол замандағы саясат салдарынан қуғын-сүргінге ұшырады. Әбілқайыр Досов пен Айтмұхамбет Мусин 1938 жылы «халық жауы» ретінде ең ауыр жазаға, яғни ату жазасына кесілді. Олардың ғұмыры осындай үлкен қасіретпен үзілген. Ал Шаяхмет Ярмұхаметов лауазымды қызметтен шеттетіліп, өнеркәсіп саласына ауысты. Ол 1953 жылы қайтыс болды. Мақай Жүнісов 1938 жылдың жазында8 жылға сотталып, Сібірге жіберіліпті. Одан кейін 1948 жылы қайта сотталып, Краснояр өлкесіне жіберіліп, ол жақтан 1955 жылдың сәуір айында толық ақталып келген. Мақай Жүнісов 1984 жылға дейін өмір сүрді, — деді.

Мақай Жүнісов ақталып елге келгеннен кейін, 1955-1972 жылдар аралығында құрылыс, теміржол салаларында басшылық қызметтер атқарған. 1972 жылы зейнеттік демалысқа шықты, бірақ содан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласыпты. Өзінің «Ұмытылмас жылдар» атты кітабында ол кезінде Ұзақбай Құлымбетовтен үлкен қамқорлық көргенін еске алады. «Ұзақбай ағаның арқасында Қызылжардағы балалар үйiнде тәрбиеленiп, қызметке араластым» — дейді. Мақай Жүнісов Ақмола облысында туған болса, ал Ұзақбай Құлымбетов 1923 жылы Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы болған.

20-жылдардағы ауыр кезеңде бір топ жасөспірім ашығып, теміржол бойын торуылдап жүргендерінде, Ұзақбай Құлымбетов кез келіп,бәрін көлігіне салып алады. Сөйтіп,он шақты баланы үйіне әкеліп, Құлымбетовтің жары Әйіш апа оларды 6-7 күн күтіп-баққан екен. Кейін Құлымбетов бәрін балалар үйіне орналастырады.

ХХ ғасыр басындағы ауыртпалықтарда халқымыздыңбір-біріне сүйеніп күн кешіп, аман қалғанын Мақай Жүнісов өз естелігінде осылайша қалдырыпты…

Индира ӨТЕМІС.

 Суреттер облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан алынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button