Спорт

Соғылмаған пенальтидің соңы

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 1:1

 3 сәуір күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Шахтерді» қабылдады.

Әңгімені соңынан бастасақ, неге екені белгісіз, біздің команданың ойынынан не лапылдаған от, не жарқыраған жалын көрінбеді. Футболшыларымыз 90 минуттық тартысқа «әйтеуір, кезекті міндетімізден құтылсақ болды» деген екіұдай сезіммен шыққандай болып көрінді. Бұған стадионды лық толтырған жанкүйерлердің  алаңда жүрген жерлестеріміздің әр сәтті қимылына гу-гу етіп үн қосуының тым аз болғаны да дәлел.

Осының алдындағы 3-турдан соң жазған материалымызда: «…Екінші таймда да «Ақтөбе» шабуылдаудан кенделік жасаған жоқ. Бірақ сол баяғысынша алаөкпе жүгірістен өзге жаңа өрнек табылмай қойды» дегенбіз. Бұл жолы да солай болды.

Бірінші минуттан бастап-ақ «Ақтөбе» қарағандылықтарды тықсырып әкететіндей көрінген. Алаңның «Шахтер» жақ бөлігіне жерлестеріміз қайта-қайта лап қоюмен болды. Бірақ еш нәтиже шықпады. 8-минутта Уго Видемонт айып алаңы сыртынан тәп-тәуір соққы жасады, бірақ қақпашы дарытпады. 27-минутта қақпаның дәл алдында оңтайлы сәтке тап келген Жерар Гоу допты тура қақпашыға қарата тепті. Сол Жерар Гоу 34-минутта біздің Уго Видемонтты қарсыластардың қорғаушысы шалып құлатқаны үшін белгіленген он бір метрлік айып добын соға алмады, допты қақпаның оң діңгегіне тигізіп, бармағын тістеп қалды. Ал арада екі минуттай өткенде қақпашымен жекпе-жек шыққан Рожерио Шина допты айдалаға тепті. Бірінші таймдағы сирек елеулі оқиғалар шамамен осылай өрбіді. Жалпы ойынның бірінші бөлігі сүреңсіздеу өтті.

Екінші таймда да көрініс аса өзгере қойған жоқ. Бірде Арман Кеңесов, енді бірде Юрий Логвиненко алдарына ыңғайлы келе қалған доптарды қиыс тебумен болды. Сөйтіп жүргенде екінші таймда кәдімгідей ес жиып алған қонақтар гол соғып кете жаздады.

Дегенмен шабуылдаудан жалықпаған жерлестеріміз көп мүмкіншіліктің біреуін сәтті пайдаланды. 77-минутта жерлестеріміз қарсыластар қақпасына қарай лап қойған тұста Уго Видемонт допты дәл алдында келе жатқан Максим Самородовқа тастады да, ол допты қайтадан Видемонттың алдына ысыра салды. Осы сәтте ойланбастан жасалған соққы атақты қақпашы Игорь Шацкийді қапы қалдырды. Қақпаның оң жақ бүйіріне зырлай еніп бара жатқан допқа қақпашының қолы жетпей қалды — 1:0.

Әйтсе де бұл қуаныш көпке созылмады. Сірә, біздің футболшылар ойын осы есеппен аяқталатындығына сенімді болса керек, қорғанысты әлсіретіп алды. 82-минутта біздің қорғаушылардың бақылауынан тыс қалған Тимур Досмағамбетов оң қанаттан Михаил Габышев оңтайлы етіп бере салған теңбіл допты еңірете тепті де, біздің Саша Стаменкович ауа қармап қалды — 1:1.

Бұдан соң жағдай белгілі болды да, футболшылар кездейсоқ сәттіліктен ғана дәмеленді. Қай кездегідей де соңғы минуттарда екі команда да қақпаға қарай жанталаса ұмтылып, гол соғып кетудің ретін қарастырды. Тіпті 86-минутта қонақтар табысқа жете жаздады. Бірақ гол соғылмады.

Осылайша «Ақтөбе» чемпионат басталғалы алғаш рет тең ойнады.

*   *   *

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 1:1

Гол авторлары: Уго Видемонт, 77-минут (1:0); Тимур Досмағамбетов, 82-минут (1:1).

34-минутта 11 метрлік айып добын соққан Жерар Гоу («Ақтөбе») нысананы дәл көздей алмады.

Ескерту қағазын алғандар: Артурас Жулпа, 37-минут, Әділхан Таңжарықов, 81-минут («Ақтөбе») — Кирилл Маляров, 70-минут («Шахтер»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Саша Стаменкович (қақпашы), Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко (капитан), Артурас Жулпа, Темірлан Ерланов, Арман Кеңесов (Әділхан Таңжарықов, 72-минут), Руслан Камболов (Әлібек Қасым, 90-минут), Йоахим Адукор, Уго Видемонт, Рожерио Шина (Виталий Балашов, 68-минут), Жерар Гоу (Максим Самородов, 66-минут).

Запаста болғандар: Стас Покатилов, Евгений Ситдиков (қақпашылар), Владимир Гинайтис, Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Ескендір Қыбырай, Рамазан Оразов.

Бас бапкер — Владимир Муханов.

3 сәуір 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, №8 жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің стадионы. 2500 адам.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 2 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол.

Жерлестеріміз 4 кездесу өткізіп, 1 рет жеңді, 1 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды.  Ұпай саны — 4. Доп айырмашылығы — 3:5.

Жерлестеріміз келесі кездесуін 10 сәуір, жексенбі күні сырт алаңда «Ақсу» командасымен өткізеді.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button