Ауыл

Аружан салған ән қандай

Жақында Әйтеке би аудандық мәдениет үйінде аудандық балалар саз мектебінің дәстүрлі ән класының оқытушысы Аружан Сақтапбергенованың  «Бабадан қалған аманат» шығармашылық кеші өтті.

Аружан Аманғалиқызы Шалқар ауданының перзенті.Бала кезінен өнерге жақын боп өседі. Себебі, ата-әжесі, ата-анасы, бауырлары — бәрі де шетінен өнерлі.Өнерлі отбасында тәрбиеленген Аружан 2008-2013 жылдары Қазанғап атындағы Шалқар аудандық саз мектебінде домбыра класында оқып, үздік аттестатпен аяқтайды. Одан соң Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждінде оқиды. Колледж қабырғасында жүріп, өзінің жеке домбыра үйрететін «SARU» студиясын ашты.Оқуды бітіріп, алғаш еңбек жолын Әйтеке би ауданының орталығы — Т.Жүргенов ауылындағы саз мектебіне жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда домбыра және дәстүрлі ән класында оқушыларға сабақ беріп жүр.

— Мені өнерге баулыған ата-әжеме, ата-анама рақмет. Колледж қабырғасында күйші Төребек Мұстафиннен, дәстүрлі әнші Әділет Күзембаевтан және жыршы-термеші Демеубай Жолымбетовтерден дәріс алдым. Осындай ұстаздардан алған тәлім-тәрбиемді ізденіспен ұштастырып, қазіргі таңда 15 оқушыға сабақ беріп жүрмін. Аз уақыттың ішінде оқушыларым республикалық, облыстық байқаулардың жүлделеріне ие болып үлгерді, — дейді Аружан Сақтапбергенова.

Домбыра арқалап, дәстүрлі әнді насихаттап жүрген бойжеткен шығармашылық кешін Наурызбек жыраудың «Өтеді талай қызық тіршілікте» термесімен бастап,  «Шалқарым» әнімен жалғады. Концертке арнайы АқтөбеденСыр өңірінің жыршы, ұмыт болған жыр-термелерді ұлықтаушы, талай талантты жыршылық өнерге баулып жүрген Демеубай Жолымбетов және әншінің бір топ өнерлі достары келді. Жыршышәкіртіне ақ жол тілеп, Аружан Аманғалиқызы ұстазына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Кеш барысында «Тамды аруы», «Жасай бер, Қазақстан»,«Сәлем, Қазақстан», «Ауыл жатыр той жасап» секілді біраз әндер шырқалды. Шара «Әйтеке би» әнімен түйінделді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button