Денсаулық

Аурудан сақтанайық

Туберкулез —  кең тараған жұқпалы аурулардың бірі. Ол ертеден белгілі жоғарғы тыныс органдарының дерті. Бұл —  созылмалы ауру, кейде асқынып, емдеуден кейін де қайталануы мүмкін.

Аурудың 95-97 пайызы науқас жөтелгенде, түшкіргенде түкіріктерімен жұғады екен. Туберкулездің ашық түрімен ауыратын бір адамның тәулігіне қақырығымен бірге 7 миллиард туберкулез таяқшасын бөліп шығаратыны дәлел бола алады. Аурудың қоздырғыш таяқшалары қақырықта жылдап сақталады.

Туберкулез науқасы алғашқыда тез білінбейді, сондықтан көп адамдар уақыт өткізіп алады. Асқынған кезде адамның дене қызуы көтеріліп, тершеңдік, әлсіздік, жөтел, қақырық тастау, салмақ тастау болады. Бізде көбіне дәрігерге ауру жанына батқанда барады. Дәрігер қақырық және флюро-рентгенологиялық тексерістік нәтижесінде ғана науқасқа тиісті диагноз қояды.

Байқалмай басталатын бұл ауруды алдын ала анықтау үшін тек флюорографиялық тексеру жолы ғана пайдаланылады.

Сондықтан жыл сайын 14 жастан жоғары әрбір адам кем дегенде жылына 1 рет флюорографиялық тексеруден өтіп тұрғаны дұрыс.

Жас балаларда бұл науқас манту сынамасын егу арқылы анықталады.

Сондай-ақ туберкулезді анықтаудағы молекулярлық-генетикалық Gene xpert экспресс әдісі арқылы да екі сағат ішінде туберкулез таяқшасын анықтап және оның  туберкулезге қарсы препараттарға сезімталдығын білуге болады. Туберкулез ауруын ерте анықтау оған уақытында нәтижелі емді тағайындауға көмектеседі.

Егер адамды екі аптадан артық жөтел мазаласа, тез арықтап кетсе, қақырық болса онда зерттеуге тез арада кірісу қажет. Мұндай белгілер өкпе туберкулезі және өкпеден тыс туберкулезге күмән тудырады. Бұрын туберкулезбен ауырып, әсіресе, 4 категория бойынша емделген науқастар қайтадан зерттелмейді.

Зерттеуге үлгі ретінде қақырық, зәр, нәжіс, плевра мен жұлын-ми сұйықтығы, бронх-альвеолар шайындысы алынады. Зерттеу уақыты — 2 сағат. Бұл зерттеу кез-келген медициналық сақтандыруы бар Қазақстан азаматына тегін жүргізіледі.

Сараптаманы тұрғылықты мекенжайы бойынша қаралатын медициналық мекемелерде тапсыруға болады. Айтпақшы, жеке қожалықтағы малды да дер кезінде туберкулез ауруына тексертіп отыру да дерттің алдын алуға көмектеседі. Туберкулездің таралуына жол бермеу үшін осы ауруға жауапты орындар ғана жұмыс жасамай, әрбір адам, барлық мекеме, шаруашылық қызметкерлері үлес қосулары қажет.

 Нұргүл ОРЫНБАСАРОВА,

«ТТ и к» ЖШС отбасылық медициналық орталығының фтизиатр дәрігері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button