Пікір

Сайлау — кезекті науқан емес, тағдыршешті оқиға

Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ,

ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы:

— Президенттің кезекті Жолдауында ел көкейінде жүрген біраз мәселелер қозғалды. Осылардың ішіндегі ең өзектісі — сайлау жүйесін жетілдіру. Себебі сайлау арқылы халық өз таңдауын жасайды, елдің дамуына, көркеюіне үлес қосады. Әділ сайланған басшы немесе депутат қана ел, халық үшін жұмыс істейді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «…Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», — деді.

Шынында да, тұрғындардың көбі қазір депутаттарға сенбейді, оларды жіті танымайды. Себебі сайлаудан кейін кейбір депутаттар халықтың арасына бармайды, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдамайды.

Президент айтқандай, өз міндетіне, жауапкершілігіне, берген уәдесіне жауапсыз қарайтын депутаттар орнын босатуы керек деп ойлаймын. Бұл туралы сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістерде қаралатын болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, ендігі жерде депутат болсын, әкім болсын, сайлауға түсетіндердің саны екі адамнан кем болмауы керек. Меніңше, бұл ұсыныс өте орынды. Себебі сайлау кезінде таңдау және бәсекелестік болса, одан шығатын нәтиже де сапалы болмақ.

Президент өз Жолдауында Мәжілістің және мәслихаттың сайлауын өткізу туралы да өте жақсы айтты. Бұрын біз депутаттарды партиялық тізім арқылы сайладық. Мәжіліс депутаттарын көппартиялық жүйемен және пропорционалды тәсілмен сайлап келдік. Соңғы кезде халықтың арасында бұл жүйеге көп қолдау болмағанын көріп жүрміз. Сондықтан енді елімізде Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болды. Бұл да Мемлекет басшысы тарапынан қабылданған дұрыс шешім.

Жалпы айтқанда, бұл Жолдауда Президентіміздің сайлау жүйесін жетілдіру, сайлауды ұйымдастыру мәселесіне қатысты айтқан шешімдері де, ұсыныстары да өте орынды деп бағалаймын. Себебі біз сайлауға кезекті науқан ретінде емес, қоғам өмірінде шын мәніндегі тағдыршешті оқиға деп қарауымыз керек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button