Мәдениет

Айдана «Жыл келіні» атанды

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде «Жыл келіні — 2022» келіндер байқауы өтті. Ұлттық салт-дәстүрді, тіліміз бен дінімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, неке мен отбасы құндылықтарын алға тарту мақсатында өткен шараға 8 жас келін қатысты.

Байқау «Таныстыру», «Шебердің қолы ортақ», «Өнерім — өмірім», «Бармағынан бал тамған», «Қазақы дефиле» және «Ұршық — ұлттық құндылық» сынды 6 кезеңнен тұрды. Байқауға қаламыздағы ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген бірқатар кәсіпкерлер демеушілік танытты.

Әулеттің түтінін түтетіп, берекесін кіргізіп жүрген келіндер қара сөзбен, ерекше қойылымдармен өздерін, әулеттерін таныстырып шықты.  Ұлттық тағамдар дайындауда барлығы да жоғары дайындықпен келгендерін көрсетті. Бүгінде ұмыт бола бастаған ұршық иіру дәстүрінен де сынға түсті.

«Жыл келіні» байқауы бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Іріктеу кезеңіне 30 үміткер келді. Өздерін әр қырынан көрсеткен, қазақтың салт-дәстүріне байланысты қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берген келіндердің арасынан сегізі ақтық сынға жолдама алды. Бір ай көлемінде дайындық жұмыстары жүргізілді.

Қазақ әуелден «Келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас келіннің тәрбиесіне мән берген. Ғасырлардан келе жатқан осы үрдіс бүгін де өз маңыздылығын жойған жоқ, — дейді қалалық Мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Фариза Төлебаева.  

Байқаудың бас жүлдесін №56 орта мектептің мұғалімі Айдана Мұхамбеджанова жеңіп алды. 1-орынға бала күтімімен демалыста отырған ана Айткүл Қалабай ие болса, 2-орынды №78 орта мектептің қызметкері Құралай Жылкелді еншіледі. 3- орынды Ақтөбе көлік және коммуникациялар колледжінің оқытушысы Рәзия Сағынғалиева алды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Жүлдегерге арнайы дипломдар, ақшалай сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button