Әкімдер есебі

Екі ауылға газ беріліп, жолдар жөнделеді

Сенбі күні Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев аудан тұрғындарының алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Жиында аудан әкімі алдымен өткен жылы халықты ауызсумен, газбен қамту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, ауданда халықты газбен қамту —  60,6, ауызсумен қамту 98,2 пайызға жеткен. Газ желісі құрылысы бойынша ауданда 5 елді мекен, оның ішінде өткен жылы Ақши, Құрылыс, Шеңбертал ауылдары көгілдір отынмен қамтылған. Биыл Құтикөл ауылына газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал Нұра елді мекеніне газ құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталмақ.

— Ауданда ауызсумен жалпы 16 елді мекен қамтылса, оның ішінде өткен жылы Қарақұдық, Жаныс би, Шеңбертал елді мекендеріне су құбыры жүргізілді. Алдағы жылы екі елді мекенге кешенді блок-модуль орнату жоспарланып отыр. Бұл бағытта су көздері мен оның қорын іздестіру мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Айта кететін мәселе — бүгінде ауызсумен қамтуда Шеңбертал елді мекенінде ауылішілік су желісінің әлі іске қосылмай отырғандығы. Оның себебі, біріншіден, мердігер тарапынан толық жұмыстар жүргізілмеген. Екіншіден, тұрғындардың да бұл мәселеге немқұрайды қарауынан және осы саламен айналысатын мамандар мен аталған салаға жетекшілік ететін менің орынбасарымның жауапсыздығынан болып отыр. Құрылыс жұмыстары наурыз айында жалғасатын болады. Мердігер мекеменің кепілдемесінің негізінде елді мекенге су беру мәселесі 1 шілдеге дейін шешіледі, — деді Ә.Әуелбаев.

Аудан әкімі кездесуде жол мәселесін де көтерді. Былтыр аудан аумағында жалпы ұзындығы 30 шақырым болатын Ырғыз-Құтикөл-Жарма-Құйылыс автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары басталған. Биыл бұл жоба толық аяқталады. Сондай-ақ Самара-Шымкент тасжолының қиылысынан Ырғыз ауылына дейін ұзындығы 11,3 шақырым болатын автокөлік жолының 5 шақырымының құрылысы көктемде басталып, жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 301,4 миллион теңге қарастырылған, қазіргі уақытта облыстық бюджеттен 150,7 миллион теңге бөлінген. Қалған қаржыға тиісті басқармаға сұраныс берілген. Сондай-ақ биыл Құрылыс, Құмтоғай ауылдарына кіреберіс жолдар да жөнделеді деп жоспарлануда.

— Көктемде өзендерге су қорының аз келуіне байланысты өткен жылы аудан аумағында қуаңшылық орын алғаны белгілі. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан біраз шаруа қолға алынып, шаруашылық құрылымдары жеткілікті мөлшерде мал азығын дайындады. Алайда біздің тарапымыздан айтылған ескертулерге қарамастан, кейбір жекелеген тұрғындар бұл іске салғырт қарады. Енді қыс кезінде кейбір тұрғындар жемшөп жоқтығын айтып, мәселе көтеруде. Жалпы, ауданымызда  жайлау, малдың қоныстарының орнын ауыстыру, ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар, құдық қазу және жайылымдық, шабындық жерлер мәселелері өзекті болып отыр. Алдағы уақытта бұл мәселелерді шешу және ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін жүйелі жұмыстар атқарылуы керек, — деді аудан әкімі.

Кездесуде тұрғындар аудандағы түйткілді мәселелерді, атап айтсақ, ауызсуды тиімді пайдалану, ауданда кәсіптік оқу орнын ашу, т.б. қозғады.

Сонымен қатар аудан әкімі әлеуметтік желілер арқылы түскен бірқатар сауалға да жауап берді.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов өзі жетекшілік ететін салалар бойынша Ырғыз ауданына қатысты мәселелерге қысқаша тоқталып өтті.

Д.ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button