Әкімдер есебі

Жолдар жөнделіп, ауызсу беріледі            

Ойыл ауданында ауыл әкімдерінің есеп беру жиындары Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округінің Қаратал және Көптоғай ауылдарында жалғасты.

Алдымен ауылдық округ әкімі Әділбек Ізбасов өткен жылы атқарылған жұмыстарды және алдағы міндеттерді баяндаса, аудан әкімі Асқар Қазыбаев биыл атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Былтыр жыл соңында округ орталығы Қаратал селосына көгілдір отын құбыры тартылды. Алайда мұндағы 236 үйдің 50 шақтысы ғана газ құбырын қосқан. Өздері асыға күткен газды қосуға тұрғындардың асықпай отыруының негізгі себебі — тұрғын үй құжатындағы қателіктер.

Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылғы кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын жөндеу, елді мекендерді таза ауызсумен, ұялы байланыспен қамту, типтік үлгідегі спорт алаңдарын салу және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерi толық орындалды.

Бүгінде аудандық бюджеттен 7,2 миллион теңге бөлініп, 6 елді мекеннің кіреберіс жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ойыл ауылдық округінің Қаракемер, Ақшатау елді мекендері ұялы байланыспен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 6 елді мекен таза ауызсумен қамтылды. 4 елді мекенде жасанды-жамылғылы спорт алаңдары пайдалануға берілді.

«Еңбек» бағдарламасы аясында еңбектің көзін іздеген 84 адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыса, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 71 адамға грант берілді. Биыл бұл жоба бойынша қаражат екі есеге ұлғайтылып отыр.

Биыл Қаратал ауылында спорт зал ғимаратын салу үшін облыстық бюджеттен 262,7 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ Көптоғай ауылындағы 4 көшеге асфальт төсеуге қаржы бөлінсе, Көптоғай ауылдық округінің Қарасу және Шұбарши ауылдарына орталықтандырылған ауызсу құбырының құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Сонымен қатар Көптоғай ауылында заманауи үлгідегі әкімдік пен хоккей кортын салу да осы жылдың еншісінде.

«Абаттандырылған ауыл» бағдарламасы арқылы былтыр Қараталда көптеген жұмыс атқарылса, биыл Көптоғайды көркейтуге күш салынбақ.

Қараталдағы кездесуде еңбек ардагері Мәтжан Сембіғалиев ауылдағы амбулаторияға дәрігер қажеттігін алға тартып, жедел жәрдем көлігін жаңғыртуды, ауыл тұрғыны Ерсұлтан Максимов балаларға арналған ойын алаңы қажеттігін айтты.

Көптоғайдағы кездесуде де алдымен ауыл әкімі Ерлан Асылбаев өткен жылды қорытындыласа, аудан әкімі алдағы міндеттерді баяндады.

Екі ауылда да тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға ауыл әкімдері мен аудан басшысы, мекеме басшылары жауап берді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button