Әкімдер есебі

Тұрғындар сауалы тыңдалды

Мәртөк ауданындағы Жайсаң ауылдық округінің әкімі Б.Көптілеуов Көкпекті және Жаңатаң ауылдарында есептік кездесуін өткізді.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Қ.Қылышбаев, Мәртөк ауылдық округінің әкімі О.Қонысбай және ауыл тұрғындары қатысты.

Көкпекті ауылындағы есептік кездесуде «Жайық» шаруа қожалығының басшысы Жайсаң-Көкпекті аудандық маңызы бар жолды жөндеу туралы мәселе көтерсе, Жаңатаң ауылының тұрғындары ауылға қашан газ берілетінін сұрады. Екі ауылда да қойылған сұрақтарға тиісінше жауаптар берілді.

Сондай-ақ Байторысай ауылдық округінің әкімі А.Әжниязова Полтавка ауылының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Полтавка орта мектебінің директоры қоқыс полигонын екіге бөліп, бірі қағаз, бөтелкелер мен пластикалық қалдықтарға арналса, екіншісі биологиялық қалдықтарды шығару үшін қолданылса деген ұсынысын жеткізді.

Қызылжар ауылдық округінің Шевченко елді мекенінде көшелерді жарықтандыру және мектептің шатырын жөндеу жұмыстары туралы айтылды.

Құмсай ауылында Мәртөк ауылдық округінің әкімі О.Қонысбайдың есебі тыңдалды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қ.Әлжан және ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл әкімі 4 деңгейлі бюджеттің орындалуы, жолдардың жайы мен көлік саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жағдайы, абаттандыру және көгалдандыру, қоғамдық қауіпсіздік, ауылшаруашылық, жер мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар мен биылғы жылға қойылған жоспарларды баяндады.

Қазан ауылында өткен Мәртөк ауылдық округінің әкімі есебіне аудан әкімінің орынбасары А.Айтмағамбетов, аудандық мәслихаттың депутаты Б.Тілегенова және ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл әкімі осы жылға жоспарланған ауылішілік көшелерді жөндеу, көше шамдарын орнату, ауыл жастарын жұмысқа тарту, малды жазғы жайылымға дайындау, Қазан ауылының жаңақоныс аумағынан жер телімдерін беру жұмыстарын баяндады.

Кездесу соңында тұрғындардың мәселелері талқыланып, сұрақтарына жауап берілді.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button