Әкімдер есебі

Ащылысай мен Әлімбетке газ құбыры тартылады

Аудандық Мәдениет үйінде өткен есепті кездесуде аудан әкімі Асқар Жүсібалиев пен Бадамша ауылдық округінің әкімі Ернар Дабылдин өткен жылда атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Округ әкімінің айтуынша, былтырғы шаруаның басым бөлігі аудан орталығын абаттандыру мен көріктендіруге арналды. Заманауи воркаут-алаңдар, саябақ аумағында шағын футбол алаңы ашылды. Көп қабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып, қабырғаларына ұлттық ою-өрнектер түріндегі иллюминациялар салынды. Қоқысты сұрыптап салуға арналған бес контейнер сатып алынды. Көшелерге 100 лэд-шам орнатылды.

Ауыл тұрғыны Полатбай Жұмағалиев бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады. Округ әкімі әкімдік тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жасалатынын, сауда нүктелеріне барып, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Соңғы жылдары аудан орталығы — Бадамша күннен-күнге көркейіп келе жатыр. Жаңа мектеп пен интернат, ауыл ішіндегі жөнделген жолдар, көшедегі жарық шамдар көз қуантады. Ал саябақ бадамшалықтардың сүйікті орнына айналды. Осындай игіліктердің бәрі мемлекеттік бағдарламалардың аясында жүзеге асырылып отыр.

Аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтің айтуынша, 17 мыңға жуық халқы бар Қарғалы ауданының ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Облыстағы негізгі дәнді дақыл өсіруші Қарғалы ауданы былтыр ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстағы ең үздік аудан атанды.

Одан әрі аудан басшысы биыл Ащылысай мен Әлімбет ауылдарына ұзындығы 36 шақырым газ құбыры тартылатынын жеткізді. Сондай-ақ ол аудан орталығында басталған денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауға қосымша қаражат бөлу үшін жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер енгізіліп жатқанын да айтты.

Есепті кездесуде бадамшалықтар жергілікті билік өкілдеріне ауыл көшелерінде жүргізушілердің көлікті қатты жылдамдықпен жүргізетіндігін, ауылдағы маман тапшылығын, қаңғы иттердің көбейгендігін жеткізіп, сұрақтарына жауаптар алды.

 Кәмшат БАЙХАНОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button